Қазақстан тарихындағы тұңғыш вице-президент

Автор: Бүркіт Нұрасыл,

https://e-history.kz/

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін маңызды ұсыныстар көтерді. 

Өз кезегінде бұл өзгерістер елдің заң шығарушы органының құрылымын, консультациялық институттарды және жоғары лауазымдарды қайта форматтауды көздейді.

Солардың бірі  — Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізу ұсынысы. Президенттің айтуынша, Мемлекеттік кеңесші қызметі жойылады. Оның орнына вице-президент лауазымы пайда болады.

Вице-президентті Президент тағайындайды, бірақ ол үшін Парламенттің (Құрылтайдың) келісімі керек.

Негізгі өкілеттіктері:

Халықаралық форумдарда Қазақстан атынан өкілдік ету.

Халықаралық делегациялармен келіссөз жүргізу.

Құрылтайда Президент атынан өкіл болу.

Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени ұйымдармен жұмыс істеу.

Президенттің өзге тапсырмаларын орындау.

Вице-президенттің нақты құзыреті мен міндеттерін Президент айқындайды.

Вице-президент лауазымының тарихы

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары вице-президент институты болған. Ол 1991 жылы енгізіліп, 1996 жылдың 22 ақпанында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жойылды. Сол кезде вице-президент қызметін атқарып тұрған Ерік Асанбаев қызметінен босатылып, институт толығымен мемлекеттік басқару жүйесінен алынып тасталды.

Енді араға шамамен 30 жыл салып, бұл лауазымды қайта жаңғырту идеясы көтеріліп отыр. Бұл өзгеріс Қазақстанның Конституциясын өзгертудің бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

Қазақстан тарихында вице-президент қызметін атқарған жалғыз адам – Ерік Мағзұмұлы Асанбаев. Ол 1936 жылдың 10 наурызында Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Мамандығы – экономист, экономика ғылымдарының докторы (1985 жылдан), профессор (1987 жылдан).

Ерік Асанбаевтың мансабы КСРО кезінде басталды. 1958-1961 жылдары Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы ұйымдарында экономист болып жұмыс істеді.

Кейін Қазақстан Компартиясының жүйесінде түрлі лауазымдар атқарды: 1961-1963 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1963-1964 жылдары Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жоспарлау бөлімінің бастығының орынбасары. 1964-1968 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, 1968-1970 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі болды.

1970-1972 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті аппаратының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, ал 1972-1978 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1978-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті хатшысының орынбасары, 1985-1989 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті хатшысы болды. 1989-1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, ал 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылдың қазан айынан 1996 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасының вице-президенті болды. Бұл кезеңде ол елдің алғашқы саяси реформаларына қатысып, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың қалыптасуына үлес қосты. 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарды.

Вице-президент лауазымы жойылған соң, 1996 жылдың ақпанынан 2000 жылға дейін Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып жұмыс істеді.

Ерік Асанбаев 2004 жылдың 23 тамызында Алматы қаласында қайтыс болды. Ол «Құрмет» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған. Туған жері Қостанай облысы Әулиекөл ауданында оған ескерткіш орнатылған.

Басында айтып өткеніміздей, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін маңызды ұсыныстар жариялады. Бұл өзгерістер елдің заң шығарушы органының құрылымын, консультациялық институттарды және жоғары лауазымдарды қайта форматтауды көздейді. Ұсынылған реформалардың барлығы жалпыұлттық референдумға шығарылуы мүмкін.

Тоқаев Қазақстан Парламентін (қазіргі Мәжіліс пен Сенатты) бір палаталы заң шығарушы органға айналдыруды ұсынды.

Жаңа орган «Құрылтай» деп аталады. Депутаттар саны — 145 мандат.

Сайлау мерзімі — 5 жыл.

Сайлау жүйесі — толығымен пропорциялық (партиялық тізім бойынша).

Жергілікті мәслихаттар әлі де мажоритарлық жүйемен сайланады.

Құрылтай төрағасының үш орынбасары болады.

Комитеттер саны – 8.

Сондай-ақ, қазіргі Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады. Олардың функциялары біріктіріліп, Халық кеңесі деп аталатын жаңа жоғары консультациялық-кеңесші орган құрылады.

Мүшелер саны — 126 адам.

Этномәдени бірлестіктерден — 42 адам.

Мәслихаттардан — 42 адам.

Жергілікті қоғамдық кеңестерден — 42 адам.

Кеңес мүшелерін Президент тағайындайды.

Төрағаны кеңес мүшелері сайлайды.

«Халық кеңесі» елдегі барлық ұлттар, аймақтар мен әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін платформа болмақ.

Ұлттық құрылтайдың алдыңғы отырыстары 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда және 2025 жылы Бурабайда өткен болатын. Тоқаевтың бұл ұсынысы Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылмақ, ол атқарушы биліктің тиімділігін арттыруға және мемлекеттік институттарды жетілдіруге бағытталған.