Қазақстанда қанша архив пен архивші бар

Бүгін әлем жұртшылығы Халықаралық архивтер күнін (International Archives Day) атап өтеді. Атаулы тарихи күн 2007 жылғы қарашада Канададағы Квебек қаласында өткен Бас Ассамблеяда Халықаралық архивтер кеңесі (ағылш. International Council on Archives, ICA) тарапынан бекітілген.
Бұл күн – тарих қойнауынан сыр шертіп, ел жадысын аман сақтауға үлес қосып жүрген архив саласының мамандарына деген құрметтің белгісі. Архив дегеніміз – тек қағазға басылған құжаттар қоймасы ғана емес, елдің өткені мен болашағын байланыстыратын, сондай-ақ халықтың деректі жадының сақтаушысы, әрі елдің зияткерлік меншігі мен мәдени игілігінің тұтастығын сақтаумен қамтамасыз етеді. Халықаралық архивтер күні үшін 9 маусым кездейсоқ таңдалмаған – дәл осы күні, 1948 жылы, ЮНЕСКО-ның шешімімен және қамқорлығымен Халықаралық архивтер кеңесі (ХАК) құрылған болатын. Осы ұйымның құрылған күні Халықаралық архивтер күні ретінде белгіленді. Ал бұл мереке алғаш рет 2008 жылы аталып өтіп, ХАК-тың 60 жылдығымен тұспа-тұс келді.
Халықаралық архивтер кеңесі – бүкіл әлемдік архив саласының кәсіби ұйымы. Ол әлемдік архив мұрасын сақтау, дамыту және пайдалану ісіне ықпал етеді. Кеңес – бейтарап үкіметтік емес ұйым, оның қаржыландыру көзі – дүние жүзіндегі көптеген архивтердің мүшелік жарналары. Бүгінде бұл ұйымның 190-нан астам елден 1500-ге жуық мүшесі бар.
Ұйым архивтерді тиімді басқару, мұраларды сақтау, өңдеу және пайдалану мәселелерін шешуге бағытталған. Ол бұл мақсатта халықаралық стандарттар әзірлеп, архив қызметкерлерінің біліктілігін арттырумен айналысады. Сонымен қатар, архивистер мен саясаткерлер, кәсіпкерлер мен қарапайым пайдаланушылар арасындағы диалог арқылы архивтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Сондықтан архив қызметкеріне жоғары талаптар қойылады – кәсіби біліммен қатар, ол іскерлік және адами қасиеттерге де ие болуы тиіс. Өйткені оған тарихи және мәдени маңызы зор құжаттарды сақтау сеніп тапсырылған. Құжаттың бүкіл өмірлік циклі бойында архивистер оның ғылыми-техникалық, сақтау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, ақпарат пен оның тасымалдағышын сақтау үшін қызмет етеді.
Қазіргі жоғары технологиялар дәуірінде архивистер тек құжаттарды сақтау емес, оларды ғылыми, мәдени, әлеуметтік мақсаттарда тиімді пайдалану, қажетті ақпаратты жылдам іздеп табу, мәліметтерді дәл түсіндіру және нақты пайдаланушыларға бағыттап жеткізу үшін заманауи технологияларды меңгеріп, өз білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет.
Қазақстанда архив ісі ғасырдан астам тарихқа ие. Алғашқы мұрағаттардан бастап бүгінгі заманауи цифрлық архивтерге дейінгі жол – бұл біздің елдік жадымыздың қалыптасу тарихы.
Қазақстандағы алғашқы архив қалай құрылды?
Қазақстандағы архив ісінің негізі 1921 жылы қаланды. Яғни сол жылдың 1 қыркүйегінде сол уақыттағы тарихи астанамыз Орынборда Қазақ АКСР-нің Орталық Мемлекеттік архиві құрылып, қазақ даласында алғаш рет тарихи құжаттар ресми түрде жинақталып, сақтала бастады. 1922 жылы 24 қаңтарда республикалық Ағарту халық комиссариатының алқасы Қазақ АКСР Орталық өлкелік архиві туралы алғашқы ережені ресми түрде бекітеді. Осы сәттен бастап архив Қазақстан аумағындағы барлық реттелген, жүйелі тәртіпке келтірілген құнды әрі ерекше маңызы бар, ғылыми-тарихи маңызы бар мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалар архивтерінің бас сақтаушысы мәртебесіне ие болады. 1923 жылы архив қорларын ретке келтіру бойынша белсенді жұмыс басталды. 1924 жылы 150 мың іс өңдеуден өтіп, оның 100 мыңына тізімдеме жасалды. Сол уақытта архивте 144 қор сақталған болатын.
Республика астанасының Қызылорда қаласына көшірілуіне байланысты, 1925 жылы 15 шілдеде Қазақ АКСР-ының Орталық өлкелік архиві де сонда ауыстырылды.
Архивті тарихи құжаттармен толықтыруда 1928 жылдың 8 қыркүйегіндегі Қазақ АКСР ОАК мен ХКК-нің «Қазақ Орталық архивіне тарихи-революциялық қызығушылықты туғызатын баспа және иллюстрациялық материалдарды, негативтерді, фотосуреттер мен кинофильмдерді, сондай-ақ бұрынғы хандардың, сұлтандардың, бұрынғы Алаш Орда үкіметінің белсенді қайраткерлері мен оның жақтастарының архивтерін және басқа да архив материалдарын тапсыру туралы» қаулысы үлкен рөл атқарды. Астрахань, Омбы және Ташкенттегі архив мекемелерімен Қазақстан тарихына қатысты материалдарды Орталық архивке беру туралы және Москва, Ленинград, Қазан архивтерінен құжаттардың көшірмелерін жіберу жөнінде келіссөздер жүргізілді.
1929 жылы Орталық архив Қазақстанның жаңа астанасы Алматы қаласына көшірілді. 1940 жылы Республиканың Орталық архиві Омбы облыстық архивінен Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстанның тарихын баяндайтын XIX ғасырдың бас кезінен 1918 жылға дейінгі кезеңге қатысты 40 мыңнан астам істі қабылдаған.
Осылайша, тек 1940 жылы ғана Қазақстанның Орталық архивіне бұрын әртүрлі архивтерде шашылып жатқан революцияға дейінгі мекемелердің құжаттарын шоғырландыру аяқталды. Кеңестік кезеңге дейінгі тарихқа қатысты барлығы 200 мыңнан астам істі қамтитын 771 қор жиналды. Кейіннен архив мекемесі қазіргі Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне айналды.
Бұл күні Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорына жататын құжаттардың сақталуына көз жеткізгісі келетін барлық азаматтарға архивтің есігі ашық. Дәстүр бойынша архивистер дөңгелек үстелдерден, семинарлардан, көрмелерден, презентациялардан, шеберлік-класстардан, жұртшылықпен, қор құрушылармен кездесулерден және т.б. тұратын іс-шаралар циклін өткізеді.
Қазақстандағы маңызды архив мекемелері
Қазіргі таңда елімізде 200-ден астам мемлекеттік архив жұмыс істейді, бұл – архив саласының ауқымын және маңызын көрсететін көрсеткіш. Соның ішінде 5 республикалық, 5 арнаулы, 1 Президент архиві және екі жүз жиырма бестей облыстық, қалалық, аудандық архивтер. Сондықтан елімізде архив жүйесі дамыған және бірнеше деңгейде жұмыс істей алатын әлеуеті зор. Олардың әрқайсысы тарихи құндылығы зор қорларды сақтап отыр:
Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві – Астана қаласында орналасқан, қазіргі цифрлық архив ісінің көшбасшысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің архиві – Алматыда орналасқан, мемлекет басшылары мен жоғарғы билік органдарының құжаттары сақталған. Қазіргі уақытта архив толықтай Астанаға қаласына қоныс аударуда.
Орталық мемлекеттік архив – тарихи құжаттармен жұмыс істейтін Қазақстандағы ең ірі архив мекемесі.
Ғылыми-техникалық, кинофотоқұжаттар, әдебиет және өнер архивтері – салалық ерекшеліктер бойынша маманданған мемлекеттік архивтер.
Облыстық және қалалық архивтер – аймақтық тарихи және әлеуметтік деректердің басты сақтаушысы.
Елімізде архив қызметкерлерінің саны 3 мыңнан астам. Олар Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсанындағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңына сай қызмет атқарады.
Цифрлы дәуір және архивтер: «Архив-2025» бағдарламасы
2018 жылы ҚР Президентінің бастамасымен қабылданған «Архив-2025» бағдарламасы архив ісіне жаңа серпін берді. Бұл бағдарлама аясында:
— Шетелдегі архивтерден қазақ тарихына қатысты құжаттар іздестірілді;
— Құжаттарды цифрландыру, яғни электрондық форматқа көшіру қарқынды жүріп жатыр;
— Ғалымдар мен зерттеушілерге арналған ашық архивтік дерекқорлар құрылды.
Бүгінгі таңда архив қорларында мыңдаған тарихи құжаттар онлайн жүйеге көшіріліп, электронды іздеу және сұраныс беру функциялары қолжетімді бола бастады. Бұл – архивтің халыққа ашық, қолжетімді болуына бағытталған нақты қадамжардың бірі. Сол қарқынды жұмыстардың нәтижесінде жыл сайын орта есеппен архив қорлары 300-400 мың іспен толықтырылуда. Қазіргі тағда ҚР Ұлттық архив қорында 30 млнға жуық құжат сақталған.
Неге архив маңызды?
Архив – өткеніміздің айнасы. Ол болмаса, мемлекет тарихын, қоғам дамуын, тіпті жеке отбасының шежіресін де дәл анықтау қиынға соғар еді. Сондықтан да архивтік құжаттар заңдық дәлелдерге негіз болады, тарихи зерттеулерге арқау болады, елдің тарихи жадысын қалыптастырады және мәдени мұраны сақтайды.
Көпшілік үшін архив – тек зерттеушілерге арналған мекеме сияқты көрінуі мүмкін. Алайда әрбір азамат үшін өзінің ата-тегі туралы мәлімет алу, заңды құжаттарды растау, өмірбаянын дәлелдеу – осы архивтермен тығыз байланысты.
Архив – ұлт болмысын сақтаушы
Бүгінгі Халықаралық архивтер күні – жай ғана кәсіби мереке емес. Бұл күн – тарих алдындағы жауапкершілігімізді еске салатын ерекше күн. Біз архивке қарап, бабаларымыздың қалай өмір сүргенін білеміз, елдің өткенімен мақтана аламыз, болашаққа сеніммен қараймыз. Архив – бұл жады. Архив – бұл дәлдік. Архив – бұл біздің өткеніміз бен келешегіміздің тірегі.
Қоғам өмірінде архивтердің рөлін асыра бағалау қиын. Олар ақпараттық орталықтар ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тиімді мемлекеттік басқару және өткенді ғылыми тану ісінде маңызды рөл атқарады.
Бірақ архивтер – тек мәдени және тарихи мұраның маңызды ақпарат көзі ғана емес. Әр адамның өмірінде де олардың маңызы зор. Өйткені архивтерде жеке мәліметтер, заңдық мәмілелер, қаржылық операциялар туралы құжаттар сақталады. Архивтік дереккөздер мен форматтардың алуан түрлілігі адамзаттың экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуының құнды куәсі болып табылады. Құжаттық мұраны сақтау және адамдарға бірегей құжаттармен танысуға мүмкіндік беру – архивистердің басты міндеті.
Сондықтан Халықаралық архивтер күні – бұл тек архив саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, сонымен бірге архив ісінің жетістіктері мен өзекті мәселелеріне қоғам мен шешім қабылдаушы тұлғалардың назарын аударуға арналған еске алу күні.
Дәстүр бойынша бұл күні көптеген елдерде архивтердің рөлі мен маңызын, сондай-ақ архивист мамандығын насихаттауға бағытталған түрлі мерекелік және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар бірнеше күнге созылуы мүмкін, ал олардың негізгі ұйымдастырушылары – ICA мүшелері. Олар әлемнің әр түкпіріндегі архив қызметкерлерін өз жетістіктері мен табыстарын көрсетуге шақырады.
Айта кету керек, көптеген елдерде бұл жалпы күнге дейін бекітілген өздерінің ұлттық архив күндері де бар. Мысалы, Қазақстанда архив қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын 22 желтоқсанда атап өтіледі. 1998 жылы осы күні «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заң қабылданды. Ол елімізде мұрағат ісінің қалыптасуына және оның одан әрі дамуына ықпал етті.
Алтай Қыран,
Автор: Е-history.kz