Қазақстанда логистиканы дамыту: стратегиялық басымдықтар мен перспективалар
2025 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысының сөзінде логистиканы дамыту бойынша нақты шаралар маңызды орын алды.
«Қазақстанда дамыған логистикалық жүйе жұмыс істеуі тиіс. Бұл – қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескере отырып, стратегиялық міндет. Автомобиль көлігімен тасымалдау үшін жасыл дәліздің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, жоспарланған автожолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау қажет. Біз автотасымалдардың әлеуетін толық пайдаланбай отырмыз. Логистиканың табысты дамуы заманауи технологияларды енгізусіз мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағындарын басқаруда жасанды интеллектіні пайдалану үкіметтің тұрақты назарында болуы тиіс, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің бастамалары уақыт талабына сай және елдегі логистика саласын дамытуға оң әсер етеді. Осыған байланысты көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға кешенді көзқарас ерекше маңызға ие. Оған нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, цифрлық технологияларға инвестиция тарту және білікті мамандар даярлау жатады.
Мемлекет басшысы атап көрсеткен басым бағыттардың бірі – Қазақстанда халықаралық әуе хаб құру. Бұл үшін елдегі ірі әуежайларды түбегейлі жаңғырту қажет. Президент біртұтас экожүйе қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, оған жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтар мен заманауи сервистер кіретінін атап өтті.
Әуе хабын дамыту Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөлін нығайтып, жүк айналымын арттыруға және бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді. Әуежай инфрақұрылымына инвестиция салу, мультимодальды тасымалдарды дамыту және авиациялық логистиканы басқаруда цифрлық технологияларды енгізу – осы стратегиялық мақсатты жүзеге асырудағы маңызды қадамдар.
Логистикалық үдерістерге заманауи технологияларды енгізу Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Осы тұрғыда маршруттарды цифрландыру ерекше рөл атқарады, себебі бұл көлік ағындарын оңтайландыруға, шығындарды азайтуға және жүктерді жеткізу уақытын қысқартуға көмектеседі.
Жасанды интеллект және Big Data технологияларын қолдану сұранысты болжауға, қойма қорларын басқару тиімділігін арттыруға және тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Қоймалық логистиканы автоматтандыру өнімділікті едәуір арттырады. Жүктерді өңдеу, сұрыптау және сақтау үшін роботтандырылған жүйелерді пайдалану адами факторға тәуелділікті азайтып, логистикалық операциялардың жылдамдығын арттырады. Сонымен қатар, көлік ағындарын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу жолдардың өткізу қабілетін жақсартып, кептелістерді барынша азайтуға көмектеседі.
Логистика саласын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – теміржол инфрақұрылымын жаңғырту. Президент «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісінің құрылысын бастап, Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі аса жүктелген магистральдық учаскелерді жаңғыртуды тапсырды.
Сонымен қатар, «Алтынкөл – Жетіген» теміржол учаскесін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін айтарлықтай арттырады. Нәтижесінде Қазақстан өңірдегі негізгі логистикалық орталық ретінде өз позициясын нығайта түседі.
Теміржол тасымалдарын цифрландыру мен мультимодальды көлік тораптарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Теміржол қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу жүк тасымалдарының тиімділігін арттырып, жолдағы уақытты қысқартады және шығындарды азайтады.
Қойылған міндеттерді орындау үшін логистикалық менеджмент, қойма, көлік, ақпараттық және халықаралық логистика құралдары мен әдістерін меңгерген жоғары білікті мамандар қажет. Мұндай мамандар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Бизнес-технологиялар» кафедрасында дайындалады.
Біз, кафедра оқытушылары, Президент белгілеген даму бағыттарын толық қолдаймыз, өйткені Қазақстанда логистика саласын дамытуда үлкен әлеует бар және біз осы міндеттерді шешуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Біздің мамандарды даярлау бағдарламамыз саланың заманауи талаптарына сай, оған цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен автоматтандырылған басқару жүйелерін зерттеу кіреді.
Логистика – Қазақстан экономикасының маңызды құрамдас бөлігі және оны әлемдік экономикаға ықпалдастырудың басты факторы. Президент ұсынған бастамалар заманауи, тиімді және орнықты логистикалық жүйе құруға бағытталған, бұл Қазақстанға жаһандық көлік тізбектерінде жетекші орын алуға мүмкіндік береді.
Бұл мақсаттарға жету үшін үкіметтің, бизнестің және академиялық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру қажет. Озық технологияларды енгізу, инфрақұрылымды дамыту және білікті мамандар даярлау – логистика саласының өсуінің негізгі қозғаушы күштері болады. Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
АХМЕТОВА Зауреш Болатхановна,
АХМЕТКАЛИЕВА Сандыгуль Кусмановна,
БЕЙСЕНОВА Мадина Унайбековна,
ИСАЕВА Айман Амангельдиевана,
МҰСА Қарлығаш Асылқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
«Бизнес-технологиялар» кафедрасы
Сурет: WareTeka