Қазақстанның болашағына жастар қалай әсер етеді?..

1991 жылы 16 желтоқсан  Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, жеке мемлекет болып бөлінді. Қазақстан КСРО-ның құрамында болғанда көптеген қиындықтарға ұшырады. Мәселен, қазақ тарихын, тілін, дінін жоюға әрекеттер жасалды, халықтың еркіндігіне шектеуге қоюға тырысты. Қазіргі таңда бұл жасалған әрекеттердің өзіндік салдары бар.

Еліміз КСРО құрамында болғанда ғылым, білім, мәдениет, т.б. салалар орыс тілді болды. Жеке мемлекет болып бөлінгеннен соң, ұмытылған салт-дәстүр, шұбарланған тілді қалпына келтіру қиынға соқты. Өзіміздің тәуелсіздігіміз бола тұра, КСРО қалыптастырып берген санадан ұзақ уақыт шыға алмадық. Бірақ қазіргі таңда орыстанған санадан бас тартып, қазақ десе жанын беруге дайын ұлтжанды жастар көбеюде, бұл – қуантарлық жағдай.

Еліміздің жарқын болашағы жастар тізгінінде деп ойлаймын. Жастардың «қазақша сөйлеу − сән» деп, ұлттық киім, әшекей бұйым, қазақша әндерді насихаттап, дәріптеуі дұрыс деп топшылаймын.

Қазақтың жас, талантты әншілері өздерінің төл туындыларымен барлық әлемді бағындыруда. Мысалы, Димаш Құдайберген, Садраддин Болат, Фархат Қалиев, басқа да өз саласында елімізді танытып жүрген жастарды айтамыз. Бірі Қытайды, екіншісі АҚШ, үшіншісі Түркі халқын толығымен мойындатып, 30 мың адамдық кеш ұйымдастырып, Қазақстанның абыройын асқақтатты.

Қазақтың жастары тек әншілікпен ғана шектелмейді. Біздің спортшылар: Елдос Сметов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Санжар Ташкебай, Әбиба Әбужақынова, т.б.  өздерінің жетістіктері арқылы барлық әлемге Қазақстанды мойындатты.

Киноиндустрия саласына тоқталсақ, қазіргі таңда қазақстандық жас режиссерлер әлемдік деңгейге шығып, туған елдің туын тұғырға көтеріп, әлемге паш етуде. Жастардың ең басты мақсаттарының бірі − елімізді әлемдік деңгейге көтеріп, келешек ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету.

ТУРКЕБАЙ Ақзере,

Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық

мамандандырылған дарынды балаларға

 арналған мектеп-интернатының

11-сынып оқушысы

Сурет: «Жастар» газеті