«Қазақ тілі — ғылым мен техника тілі»
![](https://farabishakirti.kz/wp-content/uploads/2025/02/5-raushan-1.jpg)
Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында ел тағдыры үшін өзекті мәселелерге тоқтала келе қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанына айтты. Ол өз сөзінде «Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық», — деп қазақ тілінің болашағы бұгінгі шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаздардың атқарар міндеті басым екенін атап көрсетті. Балалар мен жасөспірімдер мектептен бастап қай тілде оқытылғанына қарамастан қазақ тілін біліп, қазақ тілінде сөйлеуі қажет.
[1]Елімізде 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған «Қазақ КСР-дегі тілдер туралы Заңның» тарихи маңызы зор.Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданды. [1] Жыл сайын елімізде Қазақстан халқы тілдері күні — 5 қыркүйекте мемлекеттік тіл мерекесі аталып өтеді. Бұл мерекенің мектеп мұғалімдері мен оқушылары үшін маңызы зор. Гимназиямызда тіл мерекесі айрықша аталып өтеді. Білім ұясында білім алатын оқушылар қазақ және көп ұлттың балаларынан құралған. Мереке күні өтетін шараға барлық сынып оқушылар қатысып, қазақ тілінде өткізеді. Және оны орыс, ағылшын, немі тілдеріне аударып айтады.
[2] Қазақ тіл білімінің негізін салушыларының бірі – Құдайберген Жұбанов, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Елдос Омаров. Басқа ұлт өкілдеріне арналып жазылған алғашқы оқулықтың авторы, оқу- ағарту, тіл мен әдебиет, білім салаларында құнарлы еңбек еткен талантты әдіскерлердің бірі – Телжан Шонанов. Т.Шонанов – қазақ тілін оқыту әдістемесінде тіл білімін зерттеуші ғалым, әдіскер, тарихшы, аудармашы, педагог ретінде көрнекті орынға ие. Оның жазған кітаптары мен оқулықтары, әр салада жазылған 100-ден астам ғылыми еңбектерінде мектептегі білім жүйесі, әдістеме, 6 тіл мәселелері қаралады. 1933 жылы ғалымның қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуға байланысты «Учебник казахского языка для русской школы» деп аталатын оқулығы жарық көріп, кейін бұл оқулық күн талабына сай бес рет қайта басылып шықты. [2].
Мен гимназияның орыс сыныптарына қазақ тілі сабағын оқытамын. Мақсатым, сыныптағы қазақ, басқа ұлт өкілдердерінің балаларының ана тілімізге деген сүйіспеншілігін арттыру. Оқулыққа сүйене отырып, әр оқушының жеке қабілетіне қарай білім беріп, кері байланыс орнатып келемін. Орыс сыныптарындағы оқушылар Ана тілімізде сауатты, көркем сөйлеуі үшін қазақ тілінде жазылған балалар әдебиетін мейлінше көп оқуды тапсырамын. Шетел әдебиетіндегі балалар прозасы мен поэзиясының қазақ тіліндегі аудармасы мен түпнұсқасын салыстыра отырып, сөздердің мағынасын түсінуіне көп көңіл бөлемін. Мәтінді баға алу үшін жаттап, мұғалім үй тапсырмасын сұрағанда айтып шығу барда, әр сөздің мағынасын жандүниесімен ұғып оқу бар. Сондықтан, оқушыларға қазақ тілін барынша жадына түйіп оқуын қадағалаймын.
Сыныбына қарай әр тақырыптан соң, диктант, эссе, шығарма жаздырамын. «Менің Отаным – Қазақстан!», «Туған жерім», «Менің отбасым», «Атам мен әжем», «Бауырларым», жыл мезгілдеріне байланысты, елімізде аталып өтетін айтулы мекрекелер туралы ойларын жазады. Лексикалық тапсырмалар орындатамын. Айталық, 1.Берілген сөз тіркестерін қазақ тіліне аударыңыз 2.Сөздердің антонимін тауып жазу тапсырмасында оқушылар ауызша айтқан сөздерін қатесіз жазуын қадағалаймын. Сөйлемдерді қалпына келтіру, сөздердің антонимдерін табу, жақша ішіндегі сөздерді аудару, сөйлемдерді толықтыру, көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қою, тәуелдік жалғауымен тұрған сөздерді көшіріп жазу, басқа да грамматикалық тапсырмалар арқылы оқушы білімін тексеріп отырамын.
Қазақ тілін орыс сыныптарына оқытуда көптеген дайын көрнекілік құралдары арқылы сөздің айтылуы мен жазылуының дұрыстығына көп мән беремін. Себебі, жасыратыны жоқ, бүгін оқушылардың тіл байлығы өте аз, шорқақ сөйлейді. Жазбаша тапсырмалар орындағанда да сөйлемдерді қысқа қайырады. Сондықтан, оқушыға сұрақ қоя отыра әр оқушының сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға барынша көп уақыт бөлуге тырысамын. Орыс сыныбында оқитын шәкірт сауатты, ана тілінің сөйлеу ережелерін бұзбай сөйлеуі үшін жазбаша тапсырмаларды көп орындатамын. Сөзі көркем, анық және таза сөйлейтін адам жазба жұмыстарында грамматикалық қателерге жол бермейді. Сабақ интенсивті технологияларды пайдалана отырып, сұрақтар түзіп, соларға жылдам жауап беру, сұхбаттасу, интерактивті тақтадағы суреттерге жылдам мәтін құру тәсілдері орыс сыныбы оқушысының қазақ тілін тез меңгеруге ықпалы зор.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақ тілі бизнес, ғылым мен техниканың тіліне айналуы үшін оқушыларға мектепте сапалы білім берілуі тиіс. Оқушы сыныбына байланысты барлық пәнді оқуға бар ынтасын арнауы қажет. Қай пән болсын бүгінгі шәкірттің болашақ мамандығының бастауы. Әр пәннің мазмұнын түсініп, тақырыбын толық игеру үшін қазақ тілі мен әдебиетін өз дәрежесінде меңгермесе, бекер. Солардың қатарында орыс сыныптарының да қазақ тілін мектеп бағдарламасы аясында тұтас біліп шыққаны орынды. Алдымен, шәкірт қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, ойын орыс және басқа шет тілінде еркін жеткізе алатынын тәжірибемнен жақсы білемін.
Білуге, үйренуге құштар шәкірт үшін бүгін жол ашық! Оның ынтасы арттырып, қабілетін дамыту, мақсатына жетуіне жетелейтін ұстаз. Мектепте білгенін, көңілге тоқығанын одан әрі ұштайтын отбасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» — деген халық даналығы да отбасы тәрбиесі хақында айтылған.
НУСУПОВА Раушан Муратхановна,
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
«15 гимназия» КММ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі