«Шоколад беріп, асырайтын қыз екенсің»

Тағаева Азиза Аманқосқызы бастауыш сыныпты бітірген соң, төртінші сыныпта жетекшісі Батима Берғалиева апай болды. Тарихтан сабақ беретін. Оқушылармен танысып, білімін байқап, сұрақтар қойып жатты. Ұстаз сабақ айтуға қол көтерген оқушыдан емес, журналдағы тізім бойынша үй тапсырмасын, пысықтау сабақтарын сұрайтын. Оқушы Азизаның тегі альфавиттің соңына таман болғандықтан, кезек өзіне жетпей үзіліске қоңырау соғылатын. Бір күні Батима апай тегін атап, тақтаға шығарып, өзімен әңгімелесті. «Тық-тық» етіп, әр сұраққа нақты жауап бергеніне риза болған ұстазы оған  «Шоколад беріп, асырайтын қыз екенсің» — деп мақтау айтқан. Оқу озаты, өткен ғасырдың 70 – жылдарының білім көкжиегінде бүгінгі тілмен атқанда потенциалы мықты, креативті ойлайтын мектепті үздік бітірген оқушылардың бірі.

Батима Берғалиқызы тұйғындай бойы кішкентай болғанымен қаталдығы да бар еді. Сабақ арасында балалық шағы туралы да айтып отыратын. Мақсаты – оқушыларын еңбекке араласып, ата-анаға қолғабыс етсін, әр істе кездейсоқ болған жайттарға дайын болсын деген ниеті. Ұстаз – Ұлы Отан соғысы жылдарының балалары. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының тумасы. Ел басына күн туған қиын кезеңде ауылдағы бар ауыртпалықты көтерген аналар мен балалар еді ғой. Соғыстан кейінгі жылдары да балалар ауылдағы мал бағу, егін егуге көмектесу, отын дайындау ісінде көптің ортасында жүрді. Батима апай да сондай белсенді баланың бірі болған екен. Кішкентай болғанына қарамастан өте қайсар, батыл қыз болған. Түнде тіпті мал да күзеткен. Аш түз тағылары ауылға жиі шабуылдап, әсіресе қыс айларында малды қырып кететін.

Батима апайымыздың «Қасқыр соққан қыз» — деген аты бар. Жасөспірім кезінде малға шапқан қасқырды ұстап алып, соққаны туралы айтқанда, бізге аңыз, ал өзі үшін өміріндегі ажалмен арпалысқан ең қорқынышты сәт болғанын айтып қана қоймай, сол заманда өзі туралы жазылған газет қиындыларын көрсететін. Адам басына қиындықтар түскенде, амалсыз көзсіз ерлікке баратынын мұғаліміміздің айтқандарынан ұғатын. Мектеп бітіріп, бүгінгі Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дипломымен келіп, өзі он жыл білім алған қазіргі Т.Рысқұлов мектебіне ұстаз болып орналасты. Сынып жетекшісімен бірге он шақты жыл бірге бала оқытты.

                           «Шәкірттерімнің құрметіне ризамын»

Зейнет жасына жеткенге дейін ғұмырының тура қырық жылын жалықпай ұстаздық жолына арнаған  Азиза Аманқосқызы кейде ойланып, ұлтымыздың зиялысы Мағжан Жұмабаевтың педагогтерге берген бағасына лайық бола алдым ба деген сұрақты өзіне жиі қоятыны бар. Өзінен дәріс алған шәкірттерін анда-санда бір көреді. Кейде танымай қалады, себебі олардың әрқайсысы бір-бір үйдің иелері. Алдыңғы буын оқушылары немере сүйіп отыр. «Апайымыз!» — деп көрген жерден ерінбей тоқтап, сәлемдесіп, оқушы кездегі қызықтарын есіне салып отырады.

—Апай, сіз бізге ұрыспайтын едіңіз.

—Сабақ оқымасақ, «екі» деген баға қоймайтынсыз.

—Тәртіп бұзсақ, үндемей бізге қарап отыратынсыз. Бір-бірімізді ақылға шақырғанша күтетінсіз.

Шәкірттерінің осындай пікірлерін есстігенде, шын мәнінде ұстазға лайық болған екенмін деп бір масайрап қоятыны бар. Мақсаты – шәкіртке білім берумен қатар тәрбиелеу болды. Көп ізденді. Алдындағы мектептің тәжірибелі ұстаздары – Жансұлу Қарағойшина, Жансықбаева Гүлжамал Қаймолдақызы,  Нұрипа Мырзахметқызындай тәлімгерлерінен дәріс беру әдістерін үйренді. «Қазақ тілі» сабақтарында сауалнамалар, ойын сабақтары, шығарма жазу сәттерін қызықты етіп өткізуге тырысатын.  Есімі аталған ұстаздар  «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің нағыз майталмандары еді… дәріс бастағанда әр сөзін ұйып тыңдап, әсіресе әдебиет сабағында кейіпкерлермен біте қайнасып кететін еді шәкірттері.

«Әдебиет» пәнінде де кейіпкерлермен кездесу, көрініс сабақтары, еркін тақырыпта жазылатын шығармаларды оқушылардың барлығы жазып, оны талқылаған сәттер керемет болатын. Азиза апай шығарма жазуға ерекше ынтамен кірісетін. Ұстазы Нұрипа Мырзахметқызынан үнемі мақтау еститін. Сондай мақтаулар ұстазына ұқсаған ұстаз болуға жетеледі.

—Оқушы кезімде мамандықты бірден таңдадым. Төртінші сыныптан бастап, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен Нұрипа Мырзахметқызы дәріс берді. Жас маман. Сабақты қызықты етіп өткізетін. 45  минөт жетпей қалатын. Әртүрлі тақырыпта шығарма жаздыратын. Оны сабақта талқылаймыз. Үзіліс кезінде қыздар апайдың жанына шықпайтынбыз. Ұстаз – өте қадірлі мамандық екенін түсіне бастадым. Өзім ұстаздық еткен жылдары да қыздармен үзіліс кезінде өздерін толғандырған сұрақтар төңірегінде сөйлесетінбіз,- деп Азиза Тағаева Нұрипа апайдың жарқын бейнесін еске алды.

Азиза Аманқосқызының ұстаздық тұлғасының қалыптасуына қолдаушы бола білген ұстаздары – Майра Жамашқызы, Сайлау Аманқұлқызымен әлі күнге етене жақын араласады. Жиі кездесіп, ортақ ойлары – бүгінгі бала тәрбиесі мен мектептегі білім туралы айтады. Немерелерінің ұлттық тәрбиеден алыстамай, ана тілін құрметтеп ержетуі үшін оларға қамқор болып жүрген абзал әжелер. Жылдар жылжыған сайын заман талабы да жоғарылай түсуде. Өткен өмірін елестетсе, күні кеше сияқты. Уақыт безбеніне салса, жетпіс жылды артқа тастапты.

                          «Ұстаз болу — адамның асылдығы»

Мектепті 1970 жылы аяқтап, сол заманның жоғары оқу орындарына түсу талабы бойынша бір жыл еңбек етіп барып, студент атанды. 1975 жылы қолына диплом алған соң, Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылындағы орта мектепте бір оқу жылы ұстаздық етті. 1976 -1977 оқу жылынан бастап, Т.Рысқұлов мектебінде  2010 жылға дейін бала оқытып, шәкірт тәрбиеледі. Жас ұстаздарға тәлімгер болды. А.Балтиева, Р.Сабирова да ұстазының ізінен еріп, бүгінде зейнет жасындағы ардагер ұстаз санатында. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Т.Иманқожаева әлі бала оқытуда.

—Мен оқытқан шәкірттерім еліміздің түкпір – түкпірінде еңбек етуде. Ұстаздық еңбегім бағасын алды. Мектебіміздің түлегі, мемлекет және қоғам қайраткері Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызының қолынан «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін алдым. Мектепте жетекшілік еткен соңғы түлектерім іздеп келіп, ризашылығын білдіріп жатыр. Осындай құрмет ұстаздық еткен жылдардың зая кетпегенін көрсетіп, мәртебеңді асқақтатыны бір ғанибет қой,- дейді Азиза Аманқосқызы, ұстаздың қай кезде болсын мәртебесінің жоғары екенін айтып.

—Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы,

— деген ақын Ғафу Қайырбековтың өлең жолдары осындай жалықпай, табан тіреп бір мектепте 40! жыл ұстаздық еткен  Тағаева Азиза Аманқосқызы сынды қадірлі жандарға берілген шынайы баға дейміз!

Көп балалы отбасының ата-анасы – Аманқос пен Майсара Тағаевалар да ауданға танымал жандар, өмірден өтсе де есімдерін көпшілік әркез құрметпен еске алады. Аманқос  Тағайұлы тарихшы. Қызы Азизаның мұғалім мамандығын таңдауына соны соқпақ салған алғашқы ақылшысы болды. А.Тағаев — Жамбыл ауданында жауапты қызметтер атқарды. Жасы 75-ке келгенше Жамбыл және Қарасай аудандарының  архиві бөлімін басқарды. Архив (лат. archіvum) – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекет арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын бөлімі немесе жеке тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы да архив делінеді. Архивті мұрағат деп те атайды. Анасы — Майсара Файзырахманқызы қазіргі Халық банктің (бұрынңы атауы – жинақ банк) аудандық бөлімінде ұзақ жылдар қызмет атқарды. Балалары мен немерелерінің қызығын көру нәсіп болған қос қария 88 және 83 жасында дүниеден өтті.

Ата-ана қашанда ұл-қыздарының өмірден адаспай, өз орнын табуына жол бастаушысы. Қамқоршысы мен қолдаушысы. Тірегі мен тұғыры. Азиза Аманқосқызы да жолдасы  Берали Чералиұлымен  тәрбиелеп қатарға қосқан қызы Айгерім мен күйеубаласы Нұржаннан өрбіген ұл-қызы – немерелерін қатарға қосуды ниет еткен ардақты әже.  Бар тілеуі: заманның тыныштығы, елдің амандығы. Тек әттеген — ай дегені, жолдасының жасы алпыстан аса мәңгілік  дүниеге кеткені…

—Шекара іргесі бүтін болса, ел іші аман, тыныштық орнаса жастарымыздың болашағы бүгінгідей жарқын болады. Қай заманда да жастарға сенім артқан. Болашағына жол ашқан. Біздің ата-анамыз, қоғамымыз – бізге сенді. Менің замандастарым сол сенім үдесінен шығуға бар күш пен жігерімізді, өмірімізді арнадық. Біздер бүгінгі жастар сенеміз! –деген ақ жарма тілегін арнайды ұлағатты ұстаз.

                                                         Ж.Кучукова,

                                             Республикалық Бас редакторлар клубының мүшесі.

Суреттер: Азиза Аманқосқызының жеке архивінен алынды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *