Қазақ жеріндегі жәрмеңкелер

XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ елі төрт түлік малдың және мал өнімдерінің мол шикізат көзі ретінде орыс көпестерінің назарын аудара бастады. Соған орай, жәрмеңке ұйымдастырудың тиімділігін түсінген орыс әкімшілігі қазақ жерінде маусымдық жәрмеңкелер өткізе бастайды.
Жәрмеңкелердің алғашқы легі Арқа өңірінде ашылған. Бұл орайда Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, Ресей мен Орта Азияны байланыстырған транзиттік орталық ретіндегі Ақмола бекінісінің маңызы зор болды.
Ол кезеңдегі Ақмола округтік приказы арқылы өткен сауда керуендері мен жәрмеңке өткізуге қатысты құжаттар бүгінде Астана қаласының мемлекеттік архивінде сақтаулы.
Астана қаласының мемлекеттік архивіндегі құнды құжаттар тоғыз жолдың торабында орналасқан шежірелі шаһардың материалдық және рухани өмірінен кеңінен сыр шертеді.
Ақмола өңіріндегі алғашқы жәрмеңкелерге қатысты материалдар осы архивтің №430 қорында жинақталған. Бұл қор – Орынбор, Омбы, Орталық мемлекеттік архивтерден қала тарихына байланысты жинастырылған құжаттарды қамтиды.
Арасында Батыс Сібір генерал-губернаторының, Омбы әкімшілігінің құжаттары да бар. Өйткені ол заманда тек Ақмола ғана емес, Қарқаралы, Аягөз өңірлері де бір мезгілде қарастырылып отырған.
Ақмола өңірінде жәрмеңке өткізу мәселесі XIX ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап қарастырыла бастаған. Бұл жөнінде Батыс Сібір генерал-губернаторына сол уақыттағы арнайы хабарламалары жолданған.
Бір хабарламада тәжірибе ретінде Ақмола, Қарқаралы, Аягөз округтеріндегі саудагерлер мен дала қазақтарының сауда жүргізіп, айырбас жасайтын, мәмілеге келетін сауда нүктелері ашылғаны баяндалады.
Аталған құжаттар №430 қор, тізімдеме 6, іс №5, орыс тілінде сақталған. Құжаттардың орналасқан жері – Астана қаласының мемлекеттік архиві.
Омбы губернаторына жолданған бір хабарламада:
«Сіздің №1584 үкіміңіз негізінде қазақтардың съезі өтетін 22 тамызға орай, жергілікті басшылар арқылы кедендік бекеттерде қазақтардың өз бұйымдарын, малын сатуға және айырбастауға мүмкіндік жасалатыны хабарланды. Алайда белгіленген 1842 жылғы 22 тамызда жәрмеңкелер өткізілмеді. Себебі, сол уақытта көптеген істердің басым бөлігі Нижегород жәрмеңкесінде болып, тауарларды қазақ даласына сол жерден таратты.» – деп жазылған.
Хатшы Яценко осы оқиғадан кейін өз ұсынысын білдіріп, қазақ даласында тұрақты жәрмеңкелер өткізуді сұрайды.
«1842 жылы 13 қазандағы №2861 хатпен қазақ даласында Көкшетау мен Аягөзде 1 қазаннан бастап, Қарқаралы мен Ақмолада 15 мамырдан бастап тұрақты жәрмеңкелер өткізу туралы қолдау сұрадым. Себебі көптеген керуендер бекеттерге тоқтап, қазақтар қойларын сату мүмкіндігін іздейді. Менің ұсынысыма Сіз өзіңіздің №2306 өкіміңізбен келісім бердіңіз.» – делінген құжатта.
Сонымен бірге бұл хабарламада жәрмеңке өткізу туралы саудагерлерге хабарланғаны, Сібір қазақтары жәрмеңкесін өткізу жөніндегі өкім Тобыл және Том губернияларының басшыларына да жеткізілгені айтылады.
Қазақтарға бұл жәрмеңкелердің пайдасы туралы түсіндіру округ басшыларына тапсырылған. Дегенмен, шекара кеңсесінің басшысы қазақ даласында ашық сауда орындарын ашуға халық әзірге дайын еместігін және бұл әзірге табыс әкелмейтінін атап өтеді.
Ол уақытта орыс немесе басқа аймақтардан келетін саудагерлердің қызығушылығы жеткілікті деңгейде болмаған. Алайда Ақмола станицасы біртіндеп дами келе, шағын кәсіпорындар ашыла бастаған, көшіп келушілер саны артқан. Соған байланысты жағдай да біртіндеп өзгерген.
Осылайша Сібір қырғыздарын басқару шекара басшысына Ақмола ішкі округтік приказынан аға сұлтан Арслан Құдайменов қол қойған хат жолданған.
Бұл хатта Ақмолада қай уақытта жәрмеңке өткізуге болатынын сұрай келе, осында тұратын саудагерлер, көпестер, қазақтар мен казактар жиылып, бірауыздан 21 мамыр мен 10 маусым аралығында Әулие Константин патша және оның анасы Елена атындағы жәрмеңке өткізуді ұсынған.
Себебі дәл осы уақытта Ташкенттен және Петропавловскіден өтетін керуендер сауда және айырбас жасауға мүмкіндік туғызған.
Архив деректеріне сүйенсек, Ақмола округінде жәрмеңке өткізу туралы арнайы құжат 1851 жылғы 12 қарашада толтырылған. Онда Ақмоланың сыртқы округтік приказы Сібір қазақтарын басқару бастығының міндетін атқарушы мырзаға жолдаған №6358 нөмірлі ресми хат сақталған.
Бұл хатта болыстықтардан қазақтар келіп, малдарын өткізіп, балық сатып, керуендерден өздеріне қажетті тауарларды алатыны, сондай-ақ тауар тасуға жалданатыны айтылған. Мұндай сауданың дамуы үшін жағдай өте қолайлы деп көрсетілген.
Сонымен қатар, егер жоғарғы басшылық мақұл көрсе, жыл сайын 26 қазан мен 10 қараша аралығында, Әулие Дмитрий Салунский күніне орай тағы бір жәрмеңке өткізу пайдалы болатыны ұсынылған.
Осылайша Ақмола өңірінде кейіннен мәлім болған Константин жәрмеңкесі (21 мамыр – 10 маусым аралығы) және Дмитрий Салунский жәрмеңкесі (26 қазан – 10 қараша аралығы) ашылған. Бұл жәрмеңкелер жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрған.
Ақмоланың маңызды сауда жолы ретіндегі мәні де ерекше атап өтіледі. Себебі Ташкент пен Қоқаннан Петропавловскідегі ірі сауда орталықтарына шығатын керуендер Сібір қазақтары облысының орталығы болып саналатын Ақмола арқылы өтетін болған.
Сондықтан тұрмысқа қажетті тауарларды алу үшін қазақтар жәрмеңке уақытында Ақмолаға жаппай ағылып келген.
Көптеген керуендер тауарларын сол жерде толықтай сатып бітіруге тырысқан. Жәрмеңке өтетін жердегі керуен-сарайда сол кезде 70 дүкен жұмыс істеген.
Құжаттарда Ақмоланың аз уақытта Батыс Сібірдегі ең ірі сауда орталықтарының біріне айналу мүмкіндігі толықтай бар екені көрсетіледі.
Сонымен қатар, сауданың дамуына байланысты бұл жерге полицейлік бақылау қажет екені айтылған. Өйткені халық санының өсуіне байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мүлікті қорғау мәселелері де өзекті бола түскен.
Осыған орай, жаңа полиция мекемесін ашу жөнінде ұсыныстар да енгізілген. Бұл 1861 жылдың құжаттарында нақты көрсетілген. Көп ұзамай Ақмола ресми түрде қала мәртебесіне ие болып, 1868 жылы Ақмола облысының облыс орталығына айналған. Жәрмеңкелер өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал еткен.
Егер бастапқы кезеңде қаланың жылдық сауда айналымы 10 мың рубль шамасында болса, 1865 жылы бұл көрсеткіш 1,5 миллион рубльден асқан.
Сонымен бірге жәрмеңкеде саудаланатын тауар түрлері де арта түскен.
1871 жылы Ақмола арқылы өткен Азия тауарлары туралы ведомостың мәліметі бойынша, Ақмола полиция приставы Ақмола облысының губернаторына арнайы баяндама жолдаған.
Онда Ташкенттен әкелінген тауарлар мен орыс, сарт көпестерінің мақта-мата өнімдері, тұқымдар, жеміс-жидектер, қағаз тауарлары, азық-түлік өнімдері, мал өнімдері және басқа да тауарлар көрсетілген.
Мысалы:
- Ресейлік мақта-мата өнімдері – 10 мың әкелінген, 7 372 сатылған
- Қара тауар – 700 әкелінген, 500 сатылған
- Темір – 500 әкелінген, 200 сатылған
- Азық-түлік өнімдері – 500 әкелінген, 500 сатылған
- Азиялық тауарлар – 1 500 сатылған
- Әртүрлі малдар – 7 мың сатылған
- Балық – 3 мың сатылған
- Аң терілері – 1 мың сатылған
- Ташкенттен әкелінген жеміс-жидектер – 2 мың әкелінген, 1 мың сатылған.
Жалпы алғанда, барлығы 26 100 рубльдің тауары әкелінсе, 20 722 рубльдің тауары сатылған.
Автор: Нұрлан НҰРЫШОВ,
https://e-history.kz