Азат елдің ар-намысы — Ата Заң!

 

Сұлтан Қалиев

Ата заң

Ата заң бұл бағалы
Барша халық қолдаған.
Осы заңнан табады
Әділетті жолды адам.
Енді кейбір антұрған
Жүргізбейді үкімін.
Ата заңда қамтылған
Сенің барлық құқығың.

Бұл заңымыз ғажап-ақ,
Әрбір бетін көр ашып.
Енді нағыз азамат
Болам десең, жол ашық.

Абдрахман Асылбек

Тірілсін десек тіліміз

Тірілсін десек тіліміз,
Түрілсін десек түніміз,
Болуы керек бұлтақсыз
Ата заңымыз – піріміз.
«Мемлекет тілі – қазақ тіл»,
Дегені қандай ғажап бұл!
Орыстың тілі тең түрде
Қолданады деуі ағат бір.
Орыстың тілі былай да,
Біреуден көмек сұрай ма?
Басынып бізді біржола,
Батырған жоқ па лайға?
Сындырып сана, сағымды,
Қаншама мектеп жабылды.
Ұмытып жастар өз тілін,
Орысша сөйлеп қағынды.
Қала мен қыстақ, көше де,
Өзен мен көлдер нешеме
Өзгеріп кетсе орысша,
Көгерсін қалай көсеге?
Сейілген кезде бір қауіп,
Оралу кері – шын қауіп.
Біртіндеп жанды жайлаған
Орыс тіл бізге шырмауық.
Тілі бар халық – халық қой,
Тілі жоқ халық – балық қой.
Мәңгілік тірі мәңгүрт боп
Сүруің өмір – тамұқ қой.
Деген ұлт Қазақ бір ғана,
Анықтар оны тіл ғана.
Еркіндік алған екенсің,
Анаңның тілін былғама.
Мемлекеттік қос тіл болмайды,
Жыланнан көргін ондайды.
Орыс тіл қорлық көрмейді,
Қазақ тіл өлсе – сол қайғы.
Тірілсін десек тіліміз,
Түрілсін десек түніміз,
Болуы керек бұлтақсыз
Ата заңымыз – піріміз.

Қалқаман Сарин

Заң дәстүр

Ата заңымның анасы болған дәстүрім,
Ата салтында – ғажайып ғұрып, жақсы ырым.
Ата бабамның ақ отау, алтын бесігі –
Атамекенім! Алладан соңғы басты ұғым!

Шариятымды, ар-ұятымды шаң басып,
Шаңырақ қалды. Шежіре сырдан шал қашып.
Шала білетін ұлтымның ұлық тарихын,
Шалағайлар жүр ата дәстүрден алжасып.

Қасиет қалмай, береке болмай ісімде,
Қас дұшпан келіп қасықтап қанымды ішуде.
Қасымхандардың қасқа жолынан адасып,
Қасқырдай болып ұлиды- ау, үрей ішімде.

Есімнен қалған елді адастырмас ескі жол,
Есімдегі әлгі ән, «Елім- ай» еміс естілер.
Есіктен қарап қалмасын қайран қазағым,
Есілге қонған есіл ерлерім, есті бол!

Тәуелсіздіктің жолында кеше мың өлдік,
Тәубасын айтып Тәңірге бүгін жүрер жұрт.
Тәуекел етіп, жеті жұртымның қамын жеп,
Тәукедей, сірә, жасайтын кім бар бір ерлік?!

Залалы тимей заманды мынау кім күштер?
Заңғар таулардай бола алар ма екен «білгіштер»
Заманалардан қазақтың заңы – дәстүр ғой,
Заң бұзғандардың бәрі де, ендеше, қылмыскер.

Айбатыр Сейтақ 

Азат елдің ар-намысы — Ата Заң!

Еліне арналатын тілегі шын,
Ей, ұлым – Отанымның түлегісің!
Іргесін туған елдің тіреп тұрған
Қадірін Ата Заңның білемісің?!

Ешкім де мін таға алмас елдігіме!
Дауласып жармаспайды белдігіме.
Бойында Ата Заңның өріліп тұр
Даламның кеңдігі де, теңдігі де!

Бағынған өз заңына жұмыр ғалам,
Сондықтан Күннен Жерім суынбаған.
Қоғамның сан саласын реттейтін
Әрбір заң Ата Заңнан туындаған.

Бастайтын болашаққа бақ кемені,
Осы жол халықтың да нақ сенері!
«Халқыма адалмын!» деп Ата Заңға
Елбасы қолын қойып Ант береді.

Болғанмен бұл Өмірде айлаң күшті,
Ел үшін кім тындырар қайран істі?!
Еліңнің дамуы мен дағдарысы
Ол-дағы Ата Заңға байланысты!

Нұр шашқан жас ұрпақтың ұғымына,
Тікелей өсер еткен ғұмырына
Айналды Ата Заңым мызғымайтын
Тәуелсіз мемлекеттің тұғырына!

Әр бабы, әр тармағы жойылмайды,
Шектеу де және тегін қойылмайды!
Келісім-шарт жасасқан барлық шет ел
Қазақтың Ата Заңын мойындайды!

Өмірден әділдік пен бақ табатын,
Құқығым қорғалды деп шаттанатын,
Өзіңдей жас өркендер келеді өсіп
«Бұл біздің – Ата Заң» деп мақтанатын!

Өркендеп өз қолына алған ісі,
Биікке қазағымның самға, құсы!
Халық боп қадір тұтып, қастерлеген
Ата Заң – Азат елдің Ар-намысы

 

Дереккөзі:Bilimall.kz; — Kazgazeta.kz