Қазіргі қоғам қатігез бе?

Соңғы уақытта жаңалықтар тасқынын қарап отырсаңыз, жүрек сыздайды. Біреу біреуді соққыға жығыпты, екіншісі пышақ салыпты, үшіншісі бейкүнә адамды аямай ұрып өлтіріпті. Қайда қарасаң да – ашу, өшпенділік, қатыгездік. Бұрын мұндай хабарлар елді дүр сілкіндірсе, қазір ол қалыпты жаңалыққа айналып барады. Сол сәтте еріксіз ой туады: қазіргі қоғам неге осынша қатігез болып кетті?

Біздің ата-бабаларымыз үшін адам өмірінен қымбат ештеңе болмаған. Олар жауласқанның өзін «жараспайтын іс» деп бітіммен аяқтауға тырысқан. Ал бүгінгі қоғамда кішкентай дау үлкен қылмысқа ұласуда. Біреу сөзге тоқтамайды, біреу кек сақтайды. Әлеуметтік желідегі бір пікір үшін бір-біріне өшіккен жастарды көргенде, «адамдық қасиет қайда?» деп еріксіз күрсінесің.

Қатігездіктің себебі көп. Ең алдымен, рухани тәрбиенің әлсіреуі. Бүгінде материалдық құндылықтар бірінші орынға шықты. Көп адам байлық пен танымалдықты өмірдің мәні деп түсінеді. Ал мейірім, кішіпейілділік, кешірім сияқты қасиеттер артта қалып барады. Қоғамда әркім өзін ғана ойлайды, өзгенің жанын түсінуге уақыт таппайды. Осыдан барып бейқамдық, немқұрайдылық, қатыгездік туындайды.

Екінші себеп – ақпарат тасқыны. Теледидар мен интернетте зорлық-зомбылық, қылмыс, соғыс жайлы бейнелер жиі көрсетіледі. Мұндай көріністерге күн сайын куә болған адам бейсаналы түрде қатігездікке үйреніп кетеді. Ал жасөспірімдер үшін бұл – тіпті қауіпті. Олар көргенін қайталайды, өйткені өз мінезін әлі қалыптастырып үлгермеген.

Үшінші себеп – қоғамдағы әділетсіздік. Кейде адам әділдікке жетпеген соң, өз бетімен «жаза» бергісі келеді. Біреу заңға сенбейді, біреу шенеуніктердің екіжүзділігіне күйінеді. Осыдан «бәрібір ештеңе өзгермейді» деген сенімсіздік пайда болады. Ал сенімсіз қоғамда мейірім де азаяды.

Дегенмен, бұл қараңғылықтың ішінде жарық сәуле де бар. Қоғам қатігез болып көрінгенімен, мейірімнің ұшқыны сөнген жоқ. Еріктілер, ұстаздар, дәрігерлер, қарапайым адамдар – қаншама адам күн сайын өзгеге қол ұшын беріп жүр. Әлеуметтік желілерде де ізгілікке шақыратын жобалар көбейіп келеді. Бұл – үміттің белгісі.

Қоғамды қатігездік емес, адамгершілік құтқарады. Егер әр адам өз ісінен, өз отбасынан бастаса, бәрі өзгереді. Баласын ұрып емес, түсіндіріп тәрбиелеген ата-ана; көршісіне жылы сөз айтқан адам; әлсізді қорғаған жас – бәрі үлкен өзгерістің кішкентай қадамы.

Қатігездіктің қарсы күші – мейірім. Мейірім – адам баласының ең асыл қасиеті. Ол болмаса, өмірдің мәні де жоғалады. Сондықтан қоғамды жұмсартудың ең дұрыс жолы – адамдардың жүрегіне жылу себу. Мейірімді адам ешқашан жамандыққа бармайды.

Қазіргі қоғамда қатігездік бар – бұл даусыз шындық. Бірақ оны өзгертуге болады. Ол үшін барлығымыз үнсіз қалмауымыз керек. Әр балаға, әр жасқа, әр адамға мейірім мен түсіністік қажет. Біз қанша технология дамытсақ та, адамгершіліксіз өмірдің мәні болмайды.

Қоғамды қатыгездік емес, адамдық қасиет алға сүйреуі керек. Ал ол қасиет – әр жүректе бар. Тек соны ояту жеткілікті.

Айзат БАҚБЕРГЕН,

Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылы.

Басты беттегі сурет:ЖИ