Бүгін менің туған күнімОй, бәле-ай!

9 – ақпан жыр ақиығы, ғасыр ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Ақынның туғанына 95 жыл толуы еліміздің барлық өңірлерінде жыр кештері мен ақын ұрпағымен кездесулер өтуде.
Мұқағали МАҚАТАЕВ
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау — шапан,
Мынау — атың, мін»,- демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
…Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін…

Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем)
Әредік, елдеқалай есіме алсам,
Қос басы, қою қара кешті көрем.
Шар тастар, шалғынды сай «Қарағайлы»,
Шулы өзен шомылдырған шағала — Айды.
Жөтеліп бұлттар көшіп өтетұғын,
Жетектеп жетегінде қара қайғы.
Жел тынған, жапырақ та сілкінбеген,
Тауға кеп түн ұйитын кілкілдеген.
Әр жүректі сол бір ән мазалайтын,
Әр көмейде сол бір ән бүлкілдеген.
Қос басында қауымның бәрісі де,
Қосылатын жасы да, кәрісі де,
Сіңір тірсек біздер де шырқаушы едік,
Түсінбестен сол әннің мәнісіне.
Күндізгі зор бейнеттің түні келіп,
Әр кеш сайын ән тыңдап жүріп едік.
Көз ұйқыға кеткенше сол бір әннен
Сай-сала тұратұғын күңіреніп.
Жүректің шыдырауында қоздайтұғын,
Шыбыны бар кеудені қозғайтұғын.
Қауым айтқан сол әнді естігенде,
Боталы інген борықта боздайтұғын.
Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген,
(Сонау бір соғыс жылы естіген ем).
Сол бір ән көмейіме кептелгенде,
Өмір дейтін керуен, көшті көрем.
Бір өлеңі — бір елдің мұрасындай

Бір өлеңі — бір елдің мұрасындай,
Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.
Расулдай…
Бағым да жүр ашылмай,
Құсбегінің қолындағы лашындай.
Танылмаса сырымен, қырыменен,
Танылмай-ақ кетсінші құрып өлең!
Расулдай мен-дағы жырлар жазсам,
Расулды тонаған ұры дер ең…
Расулдай бола алман!
Жырым бөлек!
Өзімнің үнім керек, тілім керек.
Өзгені де өзіндей сүйген елім,
Өз ақынын табады түбінде кеп.
Meн — таулықпын —
Қыранның балапаны.
Маған-дағы тауымның таңы атады.
Қарапайым қалтқысыз жырларымды
Қажетіне өз халқым жаратады.
Мен әзірге бола алмай Расулдай,
Бағым, жаным — барлығы жүр ашылмай.
Алынады томағам, кетем ұшып,
Құсбегіден құтылған лашындай.
Ертең біз жол жүреміз
Жасың бар, жігіт-желең, шалдарың бар.
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар.
Жол ұзақ, биік асу, сапар алыс,
Жаз өтер, күз де кетер, тақалар қыс.
Қамданыңдар. Болашақ деген елге,
Қандай біз сый-сияпат апарамыз.
Қорқауды, өсекшілді қатарға алма,
Кеселін тигізеді сапарға алда.
He бетімізді айтамыз Болашаққа?
Жат қылықты қалдырмай апарғанда
Жамандық атаулыны қалдырыңдар,
Суға батыр, отқа өрте, жандырыңдар.
Болашақ деп аталған өлмес-өшпес,
Жақсылықтан жаралған тағдырың бар.
Қыз-қырқын, жігіт-желең, шалдарың бар
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар!
…Тірі жетсең, Болашақ өзі айтады,
Қайсыңның қанша пұттық салмағың бар.
Жаным, сен жасымағын
Көбейте берме, жаным, шашың ағын,
Жаным, сен жасымағын, жасымағын,
Нөсерлетіп, бір сәтте басыламын,
Шашылады шұғылам, ашыламын.
Ұшқындарын жан-жаққа шашыратқан,
Кездерім бар кей-кейде жасын атқан.
Қара бұлтқа қара да басымдағы,
Күн шығады деп ойла осы жақтан.
Жанымның жақсы емес тыншығаны,
Тыншығанда жүрегім тұншығады.
Жасынымнан, жаным, сен сескенбегін,
Жай отының артынан күн шығады.
Жай отымды алыппын бәсеңдетін,
Есім кетіп қалыпты, есем кетіп.
Ақ жаңбырдың нұрына шомыла бер,
Нөсерлетіп алайын, нөсерлетіп.
Жаным, сен жасымағын, жасымағын!
Нөсерлетіп бұлттардан жай атылмай
Күн тымырсып тұрғанға ашынамын…
Жүр, қалқам
Шайқалып нұр,
Маужыраған мамырдан май тамып тұр.
Жайқалып қыр,
Тауға соққан боз сағым қайта ағып тұр.
Айталық сыр,
Серуендеп, жүр қалқам, қайталық бір.
Сырласайық,
Қызғалдақты иіскеп, бір жасайық,
Қыр басайық,
Өмсе бұлай мамырдың тұрмас айы.
Мұңдасайық.
Қос көңілдің пернесін бір басайық.
Танысайық,
Сенде — мамыр, ал менде — ағұс айы.
Табысайық,
Сенде — шырын, менде — дән, ауысайық?
Ауысайық,
Шырынын да, дәнін де тауысайық.
Құлақ талып,
Мына даңнан кетті ғой құлақ талып,
Жырақ барып,
Серуендеп қайтайық сыр ақтарып.
…Бара жатыр жанымды бір от қарып,
Жастығым ба, тірілген құлап барып?..
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар — бусанып терлегенім.
Аспанындай кей сәтте күрсінемін,
Жас талындай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние, керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған»
Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.
Қайырлы таң
Қайырлы таң, жомарт жерім, ер жерім, өзендерім, көлдерім!
Қайырлы таң, кермиықты кең далам, құба жонды белдерім!
Орманым да шуламай,
Суларым да туламай,
Ақ басты ата-тауларым да жыламай,
Ұйқысынан оянды,
Бәрісі де таң нұрына бояулы.
Айдын көлде асыр caп жүр қаз, аққу,
Ақ таңымен амандасып қазақтың
Қайырлы таң, ашық аспан, ақ аспан,
Ай, Шолпаным, жұлдызым!
Қайырлы таң әзілдері жарасқан
Сәби жанды ұл-қызым!
Бәрісі де дін аман
Бір адам жоқ жылаған,
Сәби де жоқ таң алдында қыңқылдап,
Бір үзім нан сұраған;
Менің елім ұйқысынан оянды,
Алтын арай таң нұрына бояулы.
Самалы есіп тыныштықтың бұйраттан,
Заводтарым темекісін ширатқан.
Далам менің тыныштыққа сый тартқан,
Қалам менің тыныштық деп күй тартқан.
Жер шарының тыныштығын сақтаған,
Қайырлы таң, ұлы Отаным, шат заман!
Сен күзеткен тыныштықты жырға орап,
Ұрпағыма ап барам.
Зеңбіректер атылмай,
Атомдар да уатылмай
Менің елім тыныштықта жатыр жәй.
Бәрісі де ұйқысынан оянды.
Алтын таңның шапағына бояулы!
Шуағымен шомылдырып алапты,
Тағы, міне, бейбітшілік таңы атты.
Арқалап ап ырыс-құт,
Келеді, әне, күн шығып.
Қайырлы таң, Тыныштық!
Қайырлы таң, Тіршілік!..
Тілегім қайда менің көкке өрлеген
Тілегім қайда менің көкке өрлеген?
Жүрегім қайда менің кек кернеген?
Жүремін неге бұлай бөктерде мен?
Білемін…
Тек терлегем, тек терлегем.
Апырмай, бәрі бітіп қалғаны ма?!
Жеткізбей арманыма, алдағыма.
Аяй гөр, арманым-ау — ардағым-ау!
Үзілген үмітімді жалға мынау.
Жүргізбе мені бүлай бөктерменен,
Алып өт асқарыңа өткелменен.
Тілегім бөктерменен шектелмеген,
Алдымда өмірім бар өткермеген.
Жанымда жалын барда, қиял барда,
Аядай аулаға мен сыя алғам ба?
Аяшы, ая мені, ардағым-ау,
Апарып таста мені қияндарға.
Сырқаттанып жүргенше сызда қалып,
Өлсем де өлейін мен құзға барып.
Мұзға барып құлайын, құздан ағып,
Сөндірейін отымды мұзға малып.
Сурет: https://anatili.kazgazeta.kz; https://eurasia.travel/ru/kazakhstan/almaty/zailiysky-alatau/





