Бақытқа бөленген ұстаз
Жетісу облысы, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы», «Білім беру ісінің үздігі», зейнеткер — ұстаз Нұркүміс Әміренова атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Н.Әміренова 1981 жылы Қаракемер орта мектебіне директорлыққа тағайындалып, аталған білім ұясына 22 жыл басшылық жасады.
1978 жылы Мәскеуде өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық ІІІ съезіне Ақсу ауданынан делегат болып қатысып, еліміз ұстаздарының абыройын асқақтатып қайтқаны қазір бізге аңыз іспетті
Адам баласы, әлемнің қай елінде болмасын мектеп бітірген түлектердің қай-қайсысы да бәрінен бұрын ата-анасына, одан кейін білім беріп, өмірге қанат қақтырған ұстаздарына алғыс айтып, ризашылық білдіреді. Бұл игі іс Жетісу облысы, Ақсу ауданының Қаракемер орта мектебіне де тиесілі. Аядай ауыл мектебінен түлеп ұшқан шәкірттер жоғары және орта білім алып, жүрек қалаған мамандығымен ең алдымен өзінің туып-өскен жеріне қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп келеді. Туған жерін гүлдендіріп келе жатқан ауыл перзенттері ішінде болашағымыздың білімді ұрпақтарын оқытып, тәрбиелеп келе жатқан ұстаздардың үлесі де қомақты екеніне қуанамын. Себебі, өзім де мектебіме оралып, мамандықтардың киелісі саналатын мұғалімімін.
Әр мектептің өз дәстүрі бар. Соның бірі – аға ұрпақтың еңбек жолындағы жетістігін жасөспірімдер алдында дәріптеп, құрмет көрсету. Ортамызға шақырып, Отанға адалдық, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін, еңбек жолында кездескен қиындықты жеңіп, жетістікке жеткен өмірлік тәжірибелерін бөлісуді ұйымдастыру «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының маңызды бір буыны. Ауылға ғана емес, аудан мен облысқа, республикамызға ерен еңбегімен танылған ауыл азаматтары аз емес. Сондай игі істердің бірі – Әміренова Нұркүміс ұстаздың атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің ашылуын айтар едім. Н.Әміренованың шәкірттерінің бірі ретінде, ұстаз жолын жалғастырған ізбасары ретінде кабинет ашу ісін тұтастай өзім бастап, ұйымдастырдым. Мектеп директоры Ерғали Әбішұлының бастамасын барлық мұғалімдер қолдап, көмектерін аямады.
Аядай ғана ауылдың мұғалімі Әміренова Нұркүміс Әміреқызының өмір жолына үңілсек, 1945 жылы сәуір айының 2-жұлдызында Талдықорған (қазіргі Жетісу) облысы, Ақсу ауданы, Ойтоған ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Тесіктоған ауылындағы жеті жылдық мектебінің 1-сыныбына барады. 1961 жылы Ақсу ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіреді. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1963 жылдан бастап, ұстаздық мамандықты қалап, Қызылтаң сегіз жылдық мектебіне аға пионер вожатый болып, жұмысқа орналасады.
1966 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Педагогикалық институттының «Филология» факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітіріп шығады. 1972 жылдан бастап, І.Жансүгіров атындағы орта мектептің оқу-тәрбие жұмысының меңгерушісі қызметінде өзін қабілеттілігімен танытады. 1981-2003 жылдар арасында басқарған Қаракемер орта мектебі жыл сайын талапқа сай жұмыс істеп, аудан, облыс, республика деңгейінде жүлделі орындарға ие болды. 23 жыл ішінде 16 түлек мектепті «Алтын медаль» иегері атанады. Біз атап өткен цифрлар болғанымен, оның бедерінде қыруар еңбек, маңдай тер жатыр. Білім сапасы жоғары деңгейге жету үшін ең алдымен өз ісінің кәсіби біліктілігі жоғары, ізденімпаз, білім саласындағы жаңалыққа жаны құмар мұғалімдерді қалыптастырудан басталады. Білім кемесіндегі мұғалімдерді жұмылдырып, шәкіртке білім беруді жетілдіріп, жетістікке жетуге ұмтылдыру тағы бар. Шәкіртке білім беру саласындағы барлық талап орындалып, межеден шыға білген Н.Әміренованың лайықты бағасын алды.
Ұстазымыздың жұбайы, ауылымыздың құрметті қариясы, зейнеткер Боданбаев Серікқазы бірнеше жыл Ішкі Істер бөлімінде қызмет істеген. Қызы-Боданбаева Ардақ облыстық прокуратурада прокурор қызметін атқарады.
Ұстаз құрметіне арналған шарада Ақсу аудандық Мәслихат төрағасы Сүлейменов Бейбіт Жаңылысұлы, мектеп директоры Кабаев Ерғали Әбішұлы, қонақтар сөз сөйледі. Игі бастаманы қолдап, қос қария мен ауыл адамдарына бақ-береке тіледі.
Нұркүміс Әміреқызы мектеп ұжымына, шараны ұйымдастырушыларға, демеушілерге, шәкірттері мен туған-туыстарына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
—Бала кезде дәрігер болуды армандап едім, алайда, біздің отбасы ұстаздар әулеті болған соң осы жолды таңдап кеттім. Бірақ құдіретті ұстаздық жолды таңдағаныма ешқандай өкінбеймін. Қайта бақыттымын, – деді.
Дина АБИЛМАЖИНОВА,
Жетісу облысы, Ақсу ауданы,«Қаракемер орта мектебі,мектепке дейінгішағын орталығымен» КММ-ң қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі