Бақыт құсы
![](https://farabishakirti.kz/wp-content/uploads/2025/02/kepter.jpg)
Ерте, ертеде адамдар керемет қалада өмір сүріпті. Адамдар қиялындағы арманын еңбекпен, табандылықпен, қажыр — қайратымен орындағандықтан, мақсатына жетіпті. Ғалымдардың ойлап тапқан жаңалықтарына көз ілеспепті. Жерде емес, әуеде аспалы жолмен жүретін болыпты. Аллатағала да адамдардың ниетіне орай барлық мейірім-шапағатын соларға төгіпті. Әсіресе, балалар өте бақытты екен. Әр баланың өмірі қиял-ғажайып ертегісі секілді. Дәл сиқырлы таяғы бардай сезіпті өздерін. Аста-төк тамақтың түрлеріне сан жетпепті. Ойыншық, киім -кешек өз алдына. Қариялары жылы жерде, көшеде қайыр сұраған адам болмапты. Қолдарына айна ұстап, қалаған дүниесін айтса, құмырадағы жынның айтқанындай бәрі қолына қона қалады. Саялы бақ, мектеп, оқу орындары да ертегі қалашығындай. Бос жүрген адам табылмапты. Өйткені, барлығы да еңбекпен шұғылданыпты. Ұрыс-төбелес, біріне-бірі қиянат жасау дегенді мүлде білмепті. Ертегі кейіпкері элитерше арқасына қанат бітіп, баратын жерлеріне ұшып барып-келіпті. Адамдардың ұшқыр қиялдарымен жасалған құлтемірдің көмегі орасан болыпты. Дастарханға отыра қалса, құлтемір бірден қалаған тағамын ұсыныпты. Осындай жайма-шуақ өмір сүрген адамдар сол құлтемірлердің бір күні өздеріне шабуыл жасайды деп ойлап па?
Көне заманда жер бетінде өмір сүрген алып аңдар, айдаһарлар, жыртқыш хайуанаттар мен адам бейнесіндегі құбыжықтардың Күннен алған қуаты күшейіп, жер бетіне құмырсқаша жайлапты. Күн өткен сайын адамдардың өмір сүру мүмкіндігі қиындапты. Сондай технологияны ойлап, тапқан ғалымдар мен өнер тапқыштар өздерінің ғылыми жаңалығына қарсы тұра алмапты.. Диназоврлар жасыл желекті жалмаса, құлтемірлер ғимараттарды қиратыпты. Жыртқыштар болса, мал-жанға ауыз салыпты. Көшеге шығудан қалған елде ашаршылық жайлапты. Тіпті көшуге шамасы келмеген адамдар үйінен сыртқа шықпақ түгілі, есігін аша алмапты. Солардың ішінде бір адам отбасы үшін үнемі Алладан тілек тілеп, оның парыздарын шамасы келгенше орындайды екен. Шиттей балалары көз алдында аштықтан әлсіреп бара жатқан соң, түн жарымда далаға шығып:
—Әйтеуір жолымда бір тал алма кездессе де алып келсем, балаларым бір күн шыдар еді,-деп аяғының тықырын білдіртпей, қолымен жер сипап жүре береді. Қанша уақыт жүргені белгісіз қолына бірнәрсе ілініпті. Бағамдап қараса, кішкентай құс. Денесінде жаны бар, тұзаққа түсіп қалып, аяғынан әлі кеткен екен.
—Бұған да тәубе!-деп шөптерді сыбдырлатпай, қойнына салып үйіне алып келеді. Өйткені, жыртқыштың біреуі оянса, болды дей бер, өзі түгіл бүкіл отбасын тірідей жұта салады.
Тауып келген құс кептер екен.
—Отағасы, бұл құсты сойып, балаларға берейік дейсің. Бірақ, құстың киесі ұрмасын. Одан да жасырып, бірнеше күн асырап, өзің тауып алған мезгіл түн жарымда орнына апарып ұшырып жібер. Сауабы Алладан болар,-дейді балаларының анасы. Балалары түгілі өзі де үзілейін деп тұрғанда, мына сөзге әрең келісіпті. Кіп-кішкентай құстың аяқтарын уқалап, қанатын емдейді. Күні-түні Құдайдан :
—Я,Жаратқан Ием! Адамдарыңның біліп, білмей істеген күнәларын кешіріп, басымызға төнген мына бәлекеттен құтқара гөр,-деп тілек тілеуін бір сәтке де тоқтатпайды.
Бірде қараса, құс құлан-таза айығыпты. Енді балалар көріп қоймасын деп уайымдаған ата-ана оны қайда тығарын білмей дал болыпты. Сөйтіп тұрғанда, құс адамша сыбырлап, сөйлей жөнеліпті.
—Уа, адам! Мені азаптан құтқардың. Бұл-бір. Аштықтан әлсіреп отырған балаларыңа сойып, сорпа пісіріп берудің орнына, маған рақымшылық жасадық. Бұл-екі. Әлі кірді ғой деп, ұшыра салмадың. Жыртқыштардан жасырып, тауып алған орныма әкеліп қоя бергелі тұрсың. Басқа адамның қолына түссем, мен өмір сүруді сол мезетте тоқтатар едім. Саған алғысым шексіз. Енді мен де сенің тілегіңді орындайын, айт,-дейді. Ойланбастан:
—Бізді мына құлтемірлердің азабынан құтқара гөр. Бар тілегім осы. Қалған уақытта күн көру мына өзіміздің қолымызда,-дейді бар сенімімен.
—Иә, адам! Сенің тілегің менен емес, Жаратқаннан болсын,-деп ғайып болады. Өң мен түс. Көкте күн жарқырап, лезде құстар сайрап, жан-жануар масайрап шыға келеді. Жылдар бойы адамдарды жалмаған құлтемірлердің бөлшектері әр жерде шашылып қалыпты… Көкте Күн күлімдеп, жер-Ана құшағы жайнап, балалар бақытты күйше бөленіпті. Бақыт құсы сол ұшып кеткеннен қайта ұшып келмепті. Адам өмірінің соңына дейін дәл сондай құсты табиғаттан кездестірмепті. Ол да балаларына құсқа тас лақтырмауды, ұясын бұзбауды, әрдайым айналасында құс көрсе, дән шашуды бұйырыпты.
Міне, балалар! Осы ертегіні сендерге айту арқылы адам баласының бір ісі бүкіл өмірді құртады, бір тілегі бүкіл әлемді сақтап қалады деген ғибратты жеткізе білдік деп ойлаймыз.
Жанастан Кучукова
Сурет: pofoto.club