«Бабалар еккен шынарды балалар саялайды»
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы».
Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемкомиссияның бірінші отырысына қатысып, сөйлеген сөзінен.
Халқымыз ежелден жасыл желекке оранған табиғат – анаға ерекше мән берген. Қоршаған орта самсаған ну орманымен, алқызыл түсті гүлге оранған даласымен, сәмбі талы мен жеміске толы ағашымен сәнді деп, көшкен жеріне тал отырғызған. Біз көшіп кетсекте, құстар ұя салсын, саясына адамдар келіп демалып, тал отырғызған жанға алғысын айтсын деп ұл-қызын тәрбиелеген. Көктем шыға Наурыз айында айналаға ағаштар отырғызып, оның күтіміне айрықша мән берген. Тал егу – сауапты істердің бірі деп ұрпағына аманат етіп қалдырған.
Ата – баба аманатына адалдық танытуды Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемкомиссияның бірінші отырысына қатысып, сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарға ағаш отырғызуды үрдіске айналдыру қажет екенін қадап айтты. Айналаға ағаш отырғызу – жалпыхалықтық шараға айналып, еліміздің мекемелері, өндіріс орындары, білім ошақтары және мектеп мұғалімдері мен оқушылары, ауыл адамдары көпжылдық ағаштар отырғызумен айналысуда.
«Ағаш отырғыз және өсір» акциясы 2023 жылдың 21 сәуірінде Еңбекшіқазақ ауданы, Ақтоғай ауылындағы «Еңбек орта мектебі Өрнек бастауыш мектебімен» КММ-де «Есік мемлекеттік дендрологиялық паркі» МКҚК-мен бірлесіп, «Ағаш отырғыз және өсір!» атты дүниежүзілік акциясы өткізілді. Мекеме қызметкерлері жылда ағаштардың көшеттерін көбейтіп, облыс елді мекендеріне таратуда. Дендрологиялық бақ – өсімдіктерді жүйеленімдік, географиялық, экологиялық, әсемдік, т.б. белгілеріне байланысты өсіретін жер телімі, арнайы бақ. Дендрарийдің (грекше dendron – ағаш) ғылыми, ғылыми-тәжірибелік және ағартушылық мәні зор. Есік дендрарийі – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тәжірибелік-көрсеткіш питомнигі. 1959 жылы ұйымдастырылған. Аумағы 360 гектар. Ағаш, бұта көшеттерін өсіреді. «Дендрарий» грек тілінен аударғанда «ағаш».
«Есік мемлекеттік дендрологиялық паркі» МКҚК-мен арнайы меморандумға қол қойып, оқушылар арасында пікірсайыстары, конференциялар, акциялар ұйымдастырылуда. Парк қызметкерлері балалар мен жасөспірімдермен әңгімелер өткізеді. Ағаштарды күту жолдары, тыңайтқыштармен қоректендіру сияқты көптеген мәселелерге тоқталып, ауыл мен мектепті абаттандыруға барынша көмек көрсетуде.
Дендрологиялық саябақпен бірге мектеп аумағына 40 түрлі ағаштар мен бұталар отырғызылды. Дендрологиялық саябақ қызметкерлері әр кезеңде балалармен бірге ағашқа дұрыс отырғызу үшін жерді қазу, көшеттерді жерге орнықтыру жолдарын көрсетті. Оқушылар мектеп ауласын көркейтіп қана қоймай, туған мектебін абаттандыру мен абаттандыруға өзіндік үлестерін қосты. Ағаш отырғызған оқушы акциядан кейін: «Мен бұл ағашты отырғыздым!» деп мақтанышпен айта алады. Біздің балалар мектеп аумағын көгалдандыруды жақсы көреді. Олар отырғызған ағаштар мектебімізде оқитын мектеп оқушыларының болашақта көптеген ұрпақтарына мұра болып қалары сөзсіз. Ағаштар қатарының көп болуы – салауатты өмір сүрудің кепілі.
Ауыл мен қала аумағында, саябақтарда жасыл желектің жиі өсуі – жер бетіндегі экологиялық бойынша туындаған мәселелердің де алдын алуға әсері ерекше. Сонымен қатар, үй маңында бау – бақшалық жері бар тұрғындар жеміс ағаштарын көптеп ексе, оның адам денсаулығы мен атмосфераға пайдасы орасан. Ағаштардың пайдасын шәкірттердің жадына жиі сала отырып, мектеп айналасындағы ғана емес, ауылда үй аулаларына да жас көшеттер отырғызып, күтім жасап, қамқорлық көрсету — кез келген адамның парызы екенін түсіндіреміз. Бүгін отырғызған жас шыбық үлкен ағашқа айналса, су ағынын реттеп отырады. Су тасқыны және басқа да табиғи апаттардың алдын алуына көмегін тигізеді. Ағаштар ауаны тазартып қана қоймайды, оның адам тұрмысына қажеттелігі де орасан. Жиһаздар, қалам мен қағаз, кітап пен дәптер дайындауға да ағаштарды пайдаланады.
«Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» — деген ғибратты негізге ала отырып, «Есік мемлекеттік дендрологиялық паркі» МКҚК – мен бірлесіп қолға алған бастама жылда жалғасын тауып келеді. Ағаштың еркін өсуіне ең қажетті қорек — су. Ауылымызда су тапшылығы жоқ. Сондықтан, мектебіміздің педагогтары мен оқушылары аулаға еккен ағаштарға барынша күтім жасайды. Ағаштардың сынбауына, қурамауына жауапкершілікпен қарауды үйренгені қуантады.
«Ағаш отырғыз!» акциясының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор, өйткені өз қолыңмен отырғызылған ағаш жүрекке жылы ұялап, есте мәңгі қалады. Балалар мен үлкендердің жасыл желекке деген қамқорлығының нәтижесінде, отырғызған ағаш көшеттерінің барлығы дерлік тамыр жайып, жайқалып өсетініне сенімдіміз. Бұл дәстүр кең-байтақ Отанымыздың барлық аймақтарында жалғасын тауып, бос жерлерге ағаш отырғызылуда. Болашақты армандауға болады, бірақ болашақты өз қолыңмен орнатқанға не жетсін!
Мектеп әкімшілігі және Есік
дендрологиялық саябағы