Байзақтық жас боксшы чемпион атанды

Жуырда, Алматы қаласында бокстан 2003 – 2004 жылы туылған жастар (қыздар), 2005- 2006 жылы туылған жасөспірімдер (қыздар) арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 44 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Аяжан Жакипова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Ринг төріне төрт мәрте көтеріліп, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген шынашақтай ғана байзақтың қайсар да батыр қызы Аяжан шешуші сәтте есе жіберіп, чемпионаттың күміс медаліне ие болды. Осыдан он бес жыл бұрын Өзбекстан Республикасының Бұқара ауданынан атамекенге қоныс аударған әкесі Қуатбек Қосаев пен анасы Мариям Қожагелдиеваның шаңырағында төрт перзенті болса, Аяжан соның екіншісі.

Аудан намысын қорғап, абыройын асқақтатқан жас боксшыны аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қабылдады. Емен – жарқын әңгіме барысында Аяжанның бапкері Асқар Бекбауов ел чемпионатының өту барысы, ондағы боксшы қыздың көрсеткен қайсарлығы мен табандылығы, ат құлағында ойнайтын шабандоздылығы жайында сөз қозғады. Жас таланттың ринг төріндегі ойынын бейнежазба арқылы тамашалаған аудан басшысы шынайы ризашылығын білдіріп, алда өтетін жарыстарда сәттілік тіледі.

Аяжан Қуатбекқызы Базарбай ауылындағы А.Пушкин орта мектебінде 9-сыныпты аяқтап, бүгінде №3 Байзақ колледжінде «Аспазшы» мамандығы бойынша білім алып жатқанын, екі жылдан бері Сарыкемер ауылындағы облыстық мамандандырылған №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Бокс» үйірмесінде жетекші жаттықтырушы Асқар Бекбауовтың шәкірті екенін жеткізді.

Ауданның спорт саласының дамуына және балалар мен жасөспірімдерді спортқа тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Асқар Бекбауовқа аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділхан Омаров қатысып отырды.