Бакудегі құрылтай

Сурет әлеужеліден алынды
Осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылы 26 ақпанда Бакуде түркі жұрты үшін аса маңызды ғылыми-тарихи оқиға – Бірінші түркология құрылтайы басталды. 5 наурызға дейін созылған бұл жиын түркі халықтарының тілін, тарихын, мәдениетін жүйелі түрде зерттеуге бағытталған алғашқы ірі халықаралық басқосу болды.
Құрылтайды Сәмәд Ағамалы оғлы ашып, ұйымдастыру жұмыстары арнайы сайланған төралқа арқылы жүргізілді. Жиынға Кеңес Одағы мен шетелдерден келген көрнекті ғалымдар қатысып, түркология ғылымының болашағын айқындайтын баяндамалар жасады.
Қазақстаннан құрылтайға бес делегат қатысты. Олардың қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұлов, Әзиз Бай-Сейдули болды. Делегаттардың басым бөлігі құрылтай жұмысына белсене араласып, түрлі комиссиялардың құрамында қызмет атқарды.
Ахмет Байтұрсынұлы орфография, терминология, ана тілін оқыту әдістемесі мәселелерімен айналысса, Нәзір Төреқұлов қарарларды қабылдау және редакциялау ісіне жетекшілік етті.
Құрылтайға сондай-ақ әлемге танымал ғалымдар – Василий Бартольд, А.Н.Самойлович, С.Е.Малов, М.Ф.Көпрүлү, Б.Чобан-Заде және басқа да зерттеушілер қатысты. Бұл құрылтайдың ғылыми деңгейінің жоғары болғанын айқын көрсетті десек, қате айтқанымыз емес.
Жиын барысында түркі халықтарының тарихын зерттеу, ортақ әліпби қалыптастыру, тіл білімін дамыту, мәдени байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Ортақ ғылыми бағыттың қалыптасуына жол ашқан бұл құрылтай түркологияның жаңа кезеңін бастады.
Өкінішке қарай, құрылтайға қатысқан көптеген ғалымдар кейін сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Алайда олардың еңбектері мен идеялары бүгінге дейін маңызын жоғалтпай, ғылымның дамуына негіз болып келеді.
Баку құрылтайы — түркі дүниесінің рухани тұтастығын күшейтіп, тарихи тамырымызды терең танытуға жол ашқан айтулы оқиға. Ортақ әліпби мен ғылыми ынтымақтастық арқылы халықтарымызды жақындатқан бұл басқосудың ғасырлық мерейтойы – өткенге тағзым, болашаққа бағдар болары сөзсіз.
АХАНОВ Дінмұхаммед,
Жетекшісі: Төкенова Әсел Нұрланқызы.
Өскемен қаласы 11-сынып оқушысы
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі





