«Бала білімінің негізі»

   Мектепте бастауыш сыныпты оқытуға бел байлаған ұстаздың жауапкершілігі басқа пән мұғалімдеріне қарағанда екі есе жоғары. Олай дейтінім, сыныпқа балабақшадан, балабақшаға бармаса, ата – анасы үйден дайындағын бүлдіршіндерді оқытамыз. Тәрбие негізін қалаймыз. Әр шәкіртпен жеке қабілетіне қарай тапсырмалар беріледі. Сыныптағы барлық оқушыны сабаққа қатыстыруға тырысамыз. Бүгінгі заман талабына орай, оқыту бағдарламалары да күрделі. Бағдарлама талаптарын игеруде баланы ата – анамен бірге оқытуға тура келеді. Күнде өтілетін дәрісті бірінші сыныптықтар толық, әрі дұрыс меңгеруі үшін ұстаз да үнемі ізденісте болуы шарт.

    Мектеп табалдырығын енді ғана аттап, бастауыш сыныптың алғашқы сыныбына келген оқушыларға ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым – қатынасты түсіндіремін. Сыныпқа кіргенде, әр оқушы өзінің орнына отыруы қажеттіліг, ұстаз сабақ түсіндіргенде, сөзді бөлмеуі айтылады. Тәжірибемде, бірінші сынып балалары әлі де оң – солын толық тани алмайтын жастағы балалар. Яғни, сабақ тәртібі, мектеп ережелерін сақтау, жасы үлкен балалардың өздеріне әлімжеттік жасамауын қадағалау мәселелеріайтылады.

   Бірінші сыныптан – ақ балалардың қабілеті байқалады. Сабаққа деген ынтасы артады. Ана тілі, математика пәндеріне ілесе алмайтын оқушының да болатыны рас. Осындай оқушымен жеке жұмыс жүргізіледі. Шәкірттерімді бірінші сыныптан өнерге, спортқа, шығармашылыққа баули отыра, олардың талантын ұштап келемін. Сыныптағы барлық бала алғыр келеді. Сынып сағаттары, ашық сабақтар өткенімізде, кей ата – ана өзінің баласына тамсанып отырады. Бастауыш сыныпта сабақ өтуде, ұсынылған мынадай қағидаларды басшылыққа аламын.

*Сабақ түрлері және оның құрылымы;
 *Түсіндіру сабақтары: жаңа, біріккен, панорамалық, зерттеу;
*Пысықтау сабақтары: бекіту, саяхат, семинар, қайталау, жарыс, конференция, талқылау;
*Сынау сабақтары: сынақ, диспут, ойын, сахналау, жұмбақ;
*Жаңа сабақ – жаңа білім беру;
*Біріккен сабақ – жаңа білім мен өткенді және пәндер арасындағы байланысты көрсету мақсатында.
*Зерттеу сабағы – іздендіру мақсатында.
*Панорамалық сабақ – сабақ элементтерінің көрінісін іске асыру мақсатында.
*Бекіту сабағы – білімді меңгеру деңгейін байқау.
*Саяхат сабақ – танымдық қабілетін дамыту.
*Семинар сабақ – оқушының білімін тереңдету.
*Қайталау сабағы – пәндерден алған білімді толық қалыптастыру.
*Жарыс сабақ – оқушылар ойларының жетіктігін байқау.
*Конференция сабақ – іскерлігі мен танымдық белсенділігін қалыптастыру.
*Сынақ сабақ – білім мен дағдысын бір жүйеге келтіру.
*Диспут сабақ – білімі мен дағдысын қалыптастыру.
*Ойын, жұмбақ – оқушылар зейінін дамыту.
*Сахналау сабағы – оқушылар шығармашылығын дамыту.
*Талқылаусабағы – ауызекі тілдегі, жұмыстағыжіберген қателерін арнайы талдау.

      Ертеден қалыптасқан «Білім негізі бастауышта қаланады» деген пікір бар. Бастауыш сыныпта пәндерді жақсы игеріп алған оқушы орта буын, жоғары сыныптарға барғанда сынып жоғарылаған сайын қосылған пәндерді де жақсы оқиды. Маған көп ретте: «Бастауыш сыныпты оқытудан жалықпайсыз ба?» деген сұрақтар қойылады. Балаға үйретуден жалықпаған адам ғана нағыз ұстаз болады деп айта аламын. Неге десеңіз, балалармен бірге бала бола жүріп, әр оқушымның мінезін, ішкі жандүниесін, бейімділігін, отбасындағы тәрбиесін білемін. Жаңа заманның баласы сәби кезінен интернетпен қатты достасып алатыны бар емес пе? Бастауыштың оқушысының жаңа технологияларды меңгеруін сабақпен байланыстырып, оларды тіл байлығын артуы үшін сұқбат, екеуара диалог, әңгімелесу – әр баланың қабілетін шыңдады.

                                          МУХАМЕТЖАНОВАМаншук  Мейркановна,

                                                                         Алматы қаласы, Алмалы ауданы,

                                                       №15  — гимназия бастауыш сынып  мұғалімі.