Бала көңілі көкке самғасын!

Ата-ананың жұлдызы

Ұл-қыздарын ерткен ана кешкі  салқында саябақты аралатып келеді. Балалары анасына сан түрлі сұрақтар қоюда. Анасы әр баласының сауалына байыппен, бала түсінігіне лайық жауап беріп, олардың көңілін көкке самғатып баяу аяңдауда.

  • Ана, мына баққа қар жауса да келеміз бе?
  • Иә, құлыным! Қар жауғанда саябақтың іші ақ көрпеге оранады. Тиіндерге жаңғақ береміз.
  • Ақ көрпеге қалай оранады?
  • Қалың қарды ақ көрпеге теңеп тұрмыз.
  • Ана, сіз таудағы сырғанаққа барамыз деп едіңіз ғой.
  • Иә, күнім! Әкең мықты шана сатып әкелгенде, қыста тауға барып сырғанақ тебеміз.
  • Ала-қай! Қыс қашан болады?
  • Жаз бітіп, күз болады. Күзден соң, қыс айы басталып, қар жауады.
  • Ана, әкем де бізбен бара ма?
  • Иә, жарығым!
  • Қазір біздің қасымызда неге жоқ?
  • Жаншуағым менің, әкең жұмыста. Еңбек етіп, ақша алады. Сол ақшаға тамақ аламыз, шана сатып аламыз.
  • Анашым, менің! Аспандағы жанып тұрған шамдар бізден неге алыс?
  • Ол-жанып тұрған менің жұлдыздарым, сендерсіңдер ғой.
  • Анашым, біз ертең өскенде, жұлдыз болып жанамыз ба?
  • Иә, жұлдыздарым! Жер бетіндегі барлық бала ата-үшін жұлдыз.
  • Анау дәрігер де жұлдыз ба?
  • Иә! Ол-өз ісінің жұлдызы. Сол дәрігер болмаса, сендер ауырып қалғанда, басқа адам емдей алмайды.
  • Қараңдаршы, қараңдар, ұшақ төбемізден ұшып барады. Қандай үлкен!
  • Ана, ұшақ төбемізге құлап кетпей ме?
  • Жоқ, балапаным, ұшақ құламайды. Оны басқарып отыратын ұшқыш бар.
  • Ұшқыш жұлдыз ба? Жұлдызға жақын ұшады ғой. Қолы жете ме?
  • Иә, ол да жұлдыз. Неге? Ұшақ кемесіндегі жолаушыларды баратын жағына аман-есен апарады және кері алып келеді.
  • Анашым, құстар аспанда қалықтап ұшады. Олар жұлдызбен сөйлесе ала ма?
  • Құстарды жаратқан Иеміз көкте ұшуға жаратты, сондықтан қанаты талғанша ұшады. Ұясына қонады, жерге қонақтайды. Жұлдызбен сен де іштей сөйлесе аласың.
  • Анау балалар ше?
  • Олар да өзінің ата-анасының жұлдызы.
  • Анашым, біздің сыныпта өлең айтатын балаларды «Жұлдыз» дейді ғой.
  • Қымбаттыларым менің, олар ән қанатында ерекшеленген балалар ғой. Сондықтан, оларды жұлдызға теңейді.
  • Біз жұлдыз емеспіз бе? Жұлдыз болғымыз келеді.
  • Балапандарым менің, сендер біздің жұлдызымызсыңдар. Сендер бар да әкең екеуіміздің таңымыз да, түніміз де жарық. Әлемдегі барлық бала ата-ана үшін — сөнбейтін жұлдыз ғой.

Әй, анашым-ай! Сол екен ғой, сіздер бізді үнемі «жарық жұлдызым» деп еркелететіндеріңіз. Сіздер, қадірлі ата-анамыз, балалардың жұлдызы екенсіздер ғой. Өмірімізге шуақ, күнімізге нұр шашатын, қараңғыда шырақ болып жанатын, құлап қалсаң, аяғымызды жерге тигізбей көтеріп алатын, бұзылмайтын қорғанымыз — ата-анадай жұлдыз жерде болса, көктегі жұлдызға теңеу екен-ау! 

                                                                             Ж.Кучукова

Сурет:  Hi-News.ru