Бала өзінше бір әлем

Имандылық иірімдері
Өзі әйтеуір бір тоға жүрген бала. Ешкімге зияны жоқ. Сабаққа келеді. Сыныптастарымен сәлемдеседі де, партаға келіп отырған күйі жылжымайды. Құрбылары қалжыңдап та көреді, қитығына тиіп те көреді. Міз бақпайды. Жымияды да қояды. Бірінші сыныпқа келгеннен осындай. Суырылып та алға шықпайды. Мұғалім сабақ сұраса жауап береді. Үй тапсырмасына тастай. Бірақ, соны көрсетпейді. Үй шаруасына мығым. Қолынан келгеннің бәрін істейді. Бесінші сыныптан сынып жетекшісі ата-анасына мұның мінезін айтып:
—Балаңыз «тірілсін», үйде айтыңыздар дегелі де үш-тиөрт жыл өтіп кетті. Биыл келген сынып жетекші жас, бала оқыту мен тәрбиелеуде тәжірибесі айтарлықтай емес. Мұның мінезіне көңілі толмайды. Бала болса да, өз дегені бар, содан қайтпайтын қайсарлығы да бар. Сынып сағатында жетекші жоқ жерден өзіне шүйлікті де қалды. Мұғалім біраз ақылын айтты. «Жақсы», «Жарайды, апай» деген сөзін ести алмаған соң:
—Әй, сен ертең мына түріңмен қандай адам боласың?.. Орынсыз сынға күйіп кетті де, есікті тарс жауып кетуге ыңғайланғанда, қасындағы парталасы Әсем орнынан ұшып тұрды.
—Апай, сіз біздің досымызды білмейсіз. Оның ерлігін бүкіл ауыл біледі.
—Бесіктен белі шықпай жатып, ерлік жасап үлгерді ме?
—Иә, апай. Ауылдағы қарт адамдардың аузынан түспейді. Аталар мен әжелерге ылғи көмектеседі. Бұл бата алған бала.
—Апай, ОЛ мені иттен құтқарып қалды. Мен де оны жек көретінмін. Себебін өзім де білмеймін. Мен болсам, біреуді қорғамақ түгілі өзім иттен қорқып қашып кететін едім. Қаһарман болмағанда…
—Қалай құтқардың? Сонда да мұғалім қатқыл дауысын өзгерпей, өзіне қадала қарады.
—Біреудің алабай иті босап кетіпті. Неге екенін білмеймін, менің жанымнан өтіп кетті. Маған қарай келе жатқанда мен де қорқып, қауып ала ма дедім. Бірақ, үрейімді сездірмей өте шықтым. Баж еткен дауысқа қарасам, сыныптасыма ит айбат шегіп тұр екен. «Кет,кет!» деп бар дауысыммен айқайлап келдім де, қолымдағы шырынды итке қарай шашып-шашып жібердім. Дереу кейін шегініп кетіп қалды. Мұны маған әжем айтқан болатын.
—Апай, ОЛ жерге шашылып қалған нанды қай жерде болсын жинап алып, биік жерге қойып кетеді.—Құстар жесін,-дейді.
—Өзінен кішкентай оқушыларды ОЛ жолдан өткізіп, үйіне баратын көлікке салып жібереді.
—ОЛ, еден жуушылардың суын тасып, әсіресе қыста лас суды апарып төгіп келеді.
—Апай, ОЛ ешуақытта қыздарды ренжіткен емес, бізге көмектескені үшін ұлдар оны ренжітеді.
—Апай, ОЛ нағыз батыр ғой. Үйінен адасып кеткен балаларды тауып, әкелді ғой.
—Сонда қалай? Сыныптастарың сені нағыз батыр деп, сүйсініп айтып жатыр. Өзің айтып берші, кішкентай жүрегіңе соншалықты қайырымдылық қалай сыйып жүр? Көзіне біртүрлі көрінген оқушысының жақсы қассиеттері ұстаздың жанын жадырата бастады.
—Кеш болып қалған кез. Жаттығудан шықсам, танымаймын екі кішкентай бала мопедпен спорт кешенінің жанында айналып жүр екен. Өтіп кеттім де, кейін бұрылдым. Мұны сезіп қалған жеткіншектер, менің алдымда мақтанып зу ете түсті. Жаттықтырушыма хабарласып едім, ағай көлікпен келе қалды. Балалардың ізіне түстік. Олар жеткізер емес, алған беті ауылдың шетіндегі көл. Ағай:
—Мыналар бізді байқап қалмасын, көлікті тоқтатып, жота арқылы жанынан түсейік, — деді. Біз де жеттік, оларға жылдамдықты тоқтата алмай көлге кірді де кетті. Ізінше мен де суға түстім. Екі баланы бірдей алып шығу мүмкін емес болды, біреуін әрең жағаға шығардым. Ағай да үлгеріп, екіншісін құтқардық. Оқиға туралы ағай тиісті орындарға хабарлады.
Менің телефонмен хабарласқаныма ағай соншалықты мән бермесе, мен де кете барар ма едім. Батыр мен емес, біздің жаттықтырушы ағай.
Осыдан кейін мұғалім оқушысын орынсыз ұрсысып, себепсіз кінәлауға болмайтынын түсінді. Әр бала өзінше әлем. Оның жандүниесі құпияға толы, сан қырлы мінезге бай екенін түсінді.
Ж.Кучукова,
Сурет:ara24.kz