«Балалар, аманбысың, шырақтарым!»

                 (ХХ  ғасырдың  Гомері  Жамбыл бабамыздың  туғанына 176 жыл                  

                 толуына арналған  3 «Г» сыныбы тәрбие сағатының сценарийі)

    «Жамбыл – ақыл — ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет -бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі  — әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны».

Мұхтар Әуезов

    «Қазақ ауыз әдебиетінің соңғы саңлағы Жамбыл бабамыз. Дешті -Қыпшақ даласының алдында, өмірінің алдында оның титімдей кінәсі де, күнәсі де болған жоқ. Тәңірге табынған Жамбыл, таққа табынбады. Бұны ұғу үшін Өзіңді, Өзгені, Өнерді, Өмірді құрмет тұту керек деп ойға берілген».

Роллан Сейсенбаев 

    «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып,  халқының қолына беру — біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз».

Сәкен Сейфуллин

    «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде, қашанда бір сықақ ұшқыны тұратын!»

Ғабит  Мүсірепов

  1. -жүргізуші: Балалар, аманбысың шырақтарым,
    Майысып көлге біткен құрақтарым!
    Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын,
    Ішінен асып кетсе бір аптаның.
    Қонаққа келді міне, Жамбыл атаң, — десе, біз де:

Қадірлі қонақтар, ұстаздарымыз, сыныптастар! Жамбыл бабамыздың туғанына 176 жыл толу құрметіне арналған  «Балалар, аманбысың, шырақтарым!» атты  тәрбие сағатына қош келдіңіздер дейміз.

  1. -жүргізуші: Сан жылдар жүк көтерген бүкір жотам,
    Қарт бабаң дәуіріне мейірі қанған.
    Қуанып жастығына сендей ботам.
    Білемін өмірлерің тұрған жайнап,
    Күндіз, түн жастық үшін жарық сайлап.
  2. жүргізуші: Құрметті қонақтар! Жыр алыбы Жамбылдың  тойына арнап сыныбымыздың  сағатын бастауға рұқсат етіңіздер. (қонақтардың аты –жөнін атайды).
  3. жүргізуші: Сөз кезегін ұстазымыз Саржанова Назигуль Даулетханқызына береміз.

Назигуль Даулетханқызы: — Бүгінгі шараның қадірлі қонақтары, шәкірттерім!   «ХХ – ғасырдың Гомері атанған» Жамбыл Жабаевқа арналған «Балалар, аманбысың, шырақтарым!» атты шараға қош келіпсіздер! Сіздерге жыр алыбының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша айтып өтейін.

     Жамбыл Жабайұлы  —  1846 жылы 28 — ақпанда дүниеге келген  қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы.   Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Жамбылдың өсіп — өнген жерінде ән — күй, ақындық — жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М.Әуезовтің:  «Қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бері  өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, Оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші — ақындардың, Таластан – Жалайыр Түбектің, оңтүстіктен Майкөт пен Майлықожаның, Атыраудан   Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылысына байланысты еді.

Жамбыл — әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі достық пен татулықты жырлаған ақын.

Жамбылдың қанатты шабытымен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде — ақ өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.

  1. жүргізуші: Достар, Жамбыл атаның өлеңдері, айтыстары өте көп. Балаларға өлең арнауға да уақыт тапқан. Солардың бірі – біз оқыған «Балалар, аманбысың, шырақтарым!» — өлеңі.
  2. жүргізуші: Балдыраған балғын балалар,
    Мойнына қызыл байлаған.
    Майысып сұлу мәуесі,
    Түрлерің гүлдей жайнаған.
    Мектеп боп ынтық — әуесі,
    Жасынан білім ойлаған.

Бұл ақынның «Шәкірт балаларға» деген өлеңі. Өлеңді әрі қарай жалғастыруды сыныптастарға береміз.

Бірінші бала: Айналам сендей жеткіншек,
Қарасам көзім — тоймаған.
Мәуелі сендер бәйшешек,
Өмірдің жазын тойлаған.
Екінші бала: Ұялы мен бір бәйтерек,
Ортаңда көктеп бойлаған.
Сендерді қоссам жырыма,
Саңқылдап үнім сайраған.

Үшінші бала: Қаздаңдап кәрі саусағым,
Ішекте бойлап ойнаған.
Мектептен сендер келгенше
Тағы да бір жыр ойланам,
Келген соң айтып бермесем,
Балалар, кінә қой маған!

  1. жүргізуші: Достар! Қазақ халқы кез келген істі бастамас бұрын қариялардан бата  сұрайды. Қариялар балалар бойындағы жақсы қасиетін байқаса, жақсы тілек айтып, оларға бата береді.
  2. жүргізуші: Дұрыс айтасың. Жамбыл ата он бес жасында жыр сүлейі, Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбай Аронұлынан бата алған. Сіздер «Сүйінбай  ақынның  Жамбылға  берген  батасы» атты қысқаша көріністі тамашалаңыздар.

Қатысушылар: Сүйінбай; бала Жамбыл; киіз үйдің ішінде қолына домбыра ұстаған бірнеше адам отырады.

Сүйінбай: — Далада менің өлеңімді айтып жатыр. Ол қай бала болды екен? Шақырыңдаршы.

Көпшілік:  —  Сүйеке, ол Жамбыл деген балаңыз. Жапаның ұлы.

Сүйінбай: — Кеше ғана мен оларды көшіріп әкелдім.  Жол бойы Жамбылдың алғырлығын байқадым. Аңыз — әңгімелерді айта бастапты. Байқағаным, мінезі қайсар көрінеді. Тез жаттағыш қабілеті бар.

(Осы кезде даладан Жамбыл кіреді).

Жамбыл: —Ассалаумағалейкум! – (деп төрде отырғандарға кеудесін қолына қойып, амандасады).

Сүйінбай: — Кел, Жамбыл, айналайын, кел. Менің өлеңімді айтып жүргеніңді естіп, сүйсіндім. Мынау отырған ақындар саған қандай көмек берейік?

Жамбыл: —Сүйеке, маған бата берсеңіз, сол менің өміріме жетеді.

Сүйінбай  ақынның  бала Жамбылға берген батасы:

—О, Жамбыл, бата дедің, бердім саған,
Бақытты, өмірлі бол, жүргін аман.
Батасын ат орнына берді ғой деп,
Қоймағын былай шығып кінә маған.
Соңынан Сүйінбайдың орнын басып,
Тіліңнен балың тамсын сорғалаған.
Жапаға, риза болсын, айта барғын,

Осымен өкпелей жүрсін маған.

(Жамбыл да, отырған балалар да бата жасап, соңында «Әумин!» деп бет сипайды. Отырғандар тарқамайды) 1 жүргізуші айтады.

  1. жүргізуші: Ақынның батасын алған Жамбыл қалған өмірінде  Сүйінбай ақынды пір тұтқан. Бұл жөнінде Жамбыл ата былай дейді:
  • (Жамбылдың роліндегі бала)

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

Сырлы, сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай

Сүйінбай деп сөйлесем,

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай — деп Жамбыл бірден  Сүйінбай ақынға өлең арнайды.

(Отырған балалар: Е, Жамбыл, өркенің өссін! Ұстазыңның жолын берсін деп баланың иығынан қағып шыға береді. Жамбыл да отырғандарға бас иіп, шығып кетеді)

  1. жүргізуші: музыкалық сәлем орындалады
  2. жүргізуші : Жамбыл атаның балаларға арналған өлеңдерінен үзінділер тыңдайық:

                  Алатау

Тізілген таулары бар Жетісудың,
Ішінде орман, тоғай біткен нудың,
Дариядай тулап аққан сол таулардан,
Көресің тамашасын аққан судың.
Есепсіз тау суреті көз жетпейтін,
Жырлауға қазынасы көп тіл жетпейтін;
Өрік, алма, алмұрт, жиде жемістер көп,
Бір татсаң аузыңнан дәм кетпейтін.

          Балама хат

Аянба, балам, аянба!
Бәлекет сонда аршылар.
Алғадай, ылғый алда бол.
Аянған адам болмақ қор!
Бәйгеге барын тігемін,
Сендерге арнап осы жол.
Достарыңа осыны айт:
Жауларыңды жеңіп қайт!
Айтарым, арнап саған сол.

Жаз

Жаз жайнап, жан — жануар жанаттанған,
Жадырап май айында науаттанған,
Су ағып, жер айналып жанарланған,
Жиһанда біздің таңдай таң атпаған,
Жарқылдап жабырқаусыз жайдары жан,
Жұлқынып жазғы егіске жарақтанған.

***

Шыңына шыбық шаншып, гүл түлетіп,
Сайлы елім саяхатқа саяттанған,
Қой қоздап, түйе боздап, құлын қунап,
Даланың төлі ойнақтап аяқтанған,
Бұзылмай айдын көлдің ақ қаймағы,
Құс шайқап балапаны қанаттанған.

Өнердің өсуі

Нeге шықсын домбыра?
Жаңадан шек тақпаса,
Таққанынан не пайда?
Бабыменен қақпаса,
Құр қағудан не пайда?
Ән менен күй таппаса.

***
Бөбектер келер өсімтал,
Еркелетіп мақтаса.
Жамбылдың аты ақын ба,
Жылғадай жыры ақпаса,
Ақын деген бір бұлақ,
Көмілер кезін ашпаса.
Көзін ашар көпшілік,
Сүйсіне тыңдап қоштаса,

Алғыс

Күй тартсаң да тайпалған,
Біреуі сай келер ме?
Жырақ жатқан жапанда,
Жырауды қосып қатарға

Өмірімді тіргізген,
Өлеңімді өргізген —
Айтам алғыс, Отаным!

Көктем деген немене?

 

— Көктем деген немене?
— Көктем деген көп жаңбыр.
Әнге салып әуеде,
Қарлығаш ол тұрған бiр.
Көктем деген — ашылған
Бұлақтардың көзi ғой.
Ақ тұманның басында,
Жаңа туған қозы ғой.
Көктем деген, балалар,
Құлыншақ қой зулаған.
Еркелеген далаға,
Құрық салсаң тулаған.
Көктем деген қыстайғы,
Әнiмiз ғой айтатын.
Көктем деген құстар ғой
Туған жерге қайтатын.

Мұғалімдерге сәлем!

(Назигуль Даулетханқызы оқиды)

Кәрі, жасын елімнің,
Тұнығына білімнің.
Жүздірген тау бұлақтай,
Таңдауындай тарихтың.
Көзін ашып халықтың,
Түнде жанған шырақтай, —
Оқытушы мұғалім.
Білімі елге мағұлым,
Оқытып ел баласын.
Ашып көңіл санасын.
Оқымысты жастарды,
Өсірді сүйрік құрақтай.

        2.жүргізуші: Достар! «Батаменен ер, жаңбырменен жер көгереді» дейді халық даналығында. Бүгінгі жыр алыбына арнаған тәрбие сағатын Жамбылдың батасымен тәмамдамақпыз.

 «Әумин!»  — деп қолынды жай,
Қабат тусын күн менен ай,
Алғаның болсын сайма — сай,
Қапалық болмай кезінде,
Ылғи болсын мамыражай.
Қос — қостан тауып ұл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай,
Ертең ерте біреуі,
Қойға кетсін қудалап.
Түйеге кетсін біреуі,
Екі көзін уқалап.
Егін ексін біреуі,
Су сағасын томалап.
Оттың басын шаңдатып,
Біреуі жатсын домалап.
Жылқы бақсын біреуі,
Асауларды күделеп.
Сөз сөйлесін біреуі,
Көп ішінде сүбелеп.
«Жақсы лепес — жарты ырыс»,
Ескіден қалған мақал,- ды.
Соза беріп қайтейін,
Бата аяғы тақалды.

       Екі жүргізуші бірге: «Келесі кездескенше, қош сау болыңыздар!».

                                          САРЖАНОВА  Назигуль  Дәулетханқызы!

                                                                Алматы қаласы, Алатау ауданы,

                                           №156 жалпы білім беретін мектептің 3  «Г»

                                                                 бастауыш сыныбының мұғалімі