«Балалық бал дәурен артта қалып барады»
Биыл мектеп бітірдім. Қолыма аттестат алған соң, жүрек қалаған мамандығым бойынша білімімді толықтыру үшін жоғары оқу орнына құжат тапсырамын. Жолым болады деп сенемін. Бір сәтке есейіп кеткендеймін. Жандүниемде балалыққа сағыныш пайда болды. Күнде альбомдарымды ақтарып, бала кездегі суреттерді қарап шықтым.
Өмірімнің ең қызықты, ең тәтті кезеңін сұраса ойланбастан балалық кезімді айтамын. Бәріміз үшін де солай ғой? Алғаш мектеп табалдырығын аттап, достарымызбен өткізген түрлі қызықты сәттеріміз, үйдегілерге балалық еркелігіміз ұстап, салған қиғылықтарымыз, өзімізді сондай еркін сезінуіміз ешқашан естен кетпес.
Шынымен мен үшін балалық шақ ертегі әлемімен тең. Кішкентай кезімізде пайда болған қызығушылығымыздың өзі де керемет қой.
Жалпы, адамның тұлға болып қалыптасуына оның бала кезіндегі мінез-құлқы, іс-әрекеті зор ықпалын береді. Мен балабақшаға барып жүргенде, кезінде өте тұйық болатынмын. Тәрбиешілердің тарапынан ата-анама ешқандай шағым түспейтін. Ал мектепке барған сәттен бастап менің мінез-құлқым өзгеріп, ашыла бастадым.
Бұған себебін тигізген мектеп ішілік оқушылар арасында өтетін іс-шаралар болатын. Бастауыш сынып, орта буын, жоғары сыныптардағы шаралар мені шыңдады. Қабілетімді таныттым.бірінші сыныпта өткен тәрбие сағатында ең алғаш ортаға шығып ән айтқанмын. Яғни мінезімнің ашылуына ән айтуым, өнерім ықпал етті десем де болады. Міне, сол балалық сәтім, менің өмір баспалдығымның ең алғашқы қадамы болып қалды.
Әрі бұндай балғын сәттер ешқашан ұмытылмас…
БИСЕМБАЕВА Гульнасип,
Атырау қаласы, №10 С.Мұқнаов
атындағы мектептің түлегі