«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді қазақ. Мен үшін де туған жерім-Баянауылдың орны ерекше. Бұл мақалада сіздерге Баянауыл туралы айтпақпын. Баянауыл-сан ғасырлық тарихы бар, киелі де, қасиетті, аңызға айналған мекен!«Өз елің сүймеген адам еш нәрсені де сүйе алмайды» деген Байронның сөздерімен өз жұмысымды бастағым келеді. Әркімге туған жері, елі қымбат. Менің ойымша, адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Адамның патриоттық сезімінің нысаны мен қайнар көзі-Отан. Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, өнерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Сондықтан, әрбір адамзат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.

Менің туған жерім алтын арқаның құтты мекені атанып жүрген бай қазыналы, көгілдір таулы көрікті өңірлердің бірі-Баянауыл. Дана бабамыз Асан қайғы Баянауылға келгенде «Ат ерін алмайтын жер екен, бір түней кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады» десе, дара әулиеміз Мәшһүр Жүсіп «Баянаула қойсайшы жердің атын», — деп Қазақстанның інжу-маржаны мен мәдени рухани тірегіне айналған киелі өлкеміздің атын дәріптейді. Егер, менен сен не үшін туған өлкеңді сүйесің деп сұраса, мен мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай күн мен түнің, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйемін дер едім. Өйткені, Баянауылдың табиғаты- әдемі, көрікті, сан-қилы орманға толы жусаны мен жуасы аңқыған, самал желі ескен өлке. Жалпы,

Баянауыл өңірі-ғалымдардың, жазушылардың, ақындар мен қоғамдық қайраткерлерді тудырған. Олардың есімдері әлемге танымал. Бұл даңқты Бұқар жыраудың, Шоң бидің, 19-шы ғасырдың екінші жартысындағы және ХХ-шы ғасырдың бойындағы композитор Жаяу Мұса Байжановтың, алғашқы қазақтан шыққан тарихшы, ағартушылардың — Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің және қазақ әдебиетінің классигі, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, тағы басқа зиялылардың туған жері. Баянауылдан 30-дан аса ғылым докторы және 200 ғылым кандидаты шыққан. Олардың арасырда геолог Қазақ ССР ғылым академиясының тұңғыш президенті, Лениндік және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың орны ерекше.

Осындай ұлы тұлғалар салған сара жолдың ізін жалғастырып, мерейін асыру үшін, бүгінде мен журналистика мамандығын таңдап отырмын. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой елегіне берілген шағымда үнемі ақ парақ бетіне жыр жазамын. Арғынның аппақ қызы қалам алып, Қара өлеңге салатын ізі анық Баянымның төсінен орын алған. Ұрпағына игі ісі, сөзі қалған. Жол түсіп Баяныма бара қалсаң, Халқына таңқаларсың қонақ жайған. Баяным бағы қонған ғасыр далам, Өзгені балағынан асырмаған. Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап, отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Меніңше, әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиіс. Жасыбай көлі Қазақстандағы ең таза көлдердің бірі. Түбі тегіс, суы тұщы. Су жер астынан келеді. Тері ауруларына дауа. Баянауылда бұдан сырт Сабындыкөл және Торайғыр бар.

Сұлулығы тамсандыратын су айдындарының айналасы қарағайлы ормандарға толы. Оның атымен және пайда болуына байланысты аңыздар көп. Солардың біріне тоқталайық. 18-ғасырда Олжабай мен Жасыбай батырлар басқарған қазақ сарбаздары Баянауыл ормандарында жоңғар қолын талқандайды. Асулардың бірінде осы күнге дейін жау садақшысының қолынан андаусызда мерт болған Жасыбайдың мәйіті жатыр. Көл мен асу соның есімімен аталады. Торайғырды көрдіңіз бе? Елдің аузында жүрген жалғыз Жасыбай ғана. Алайда, оған жақын жатқан тағы бір көл бар. Табиғатының сұлулығы Жасыбайдан аспаса, кем түспейді. Торайғыр көлі. Көл жағасындағы ауыл. Осы ауылда тарихи орындар баршылық.

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуін» оқыған боларсыздар. Азап вагонынан қашып, Торайғырда тұратын нағашы жұртын паналаушы еді ғой. Ауылдың жаныңдағы жартасқа жасырынған, сол жартас қазір «Сәке жар» деп аталады. Торайғыр көліне жақын жерде арғы бабаларымыз-сақтардан қалған қорған бар. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жерде уақыт жүйелерін зерттейтін орталық-обсерватория болуы әбден мүмкін. Осында қойылған әр тастың өзіндік құпиясы бар. Солардың орналасуына қарай бабаларымыз уақытты, айды санаған, жыл мезгілдерінің қандай болатының болжаған екен. «Сәби сүйгісі келгендер осы араға келеді…».

Бұл үңгірді «табиғаттың таңғажайып туындысы» дейді білетіндер. Баянауылдағы Аққарағай деген таудың етегінде орналасқан. Киелі, шарапаты тиер қасиетті жер. Шоқан да, Қаныш атамыз да, Потанин де бұл жерге тегіннен-тегін келмеген ғой. «Біз жақтың адамдары бұл жерді «Әулиетас»,«Қоңырәулие» — деп те атайды. Үңгірдің ұзындығы-30 метр, ені-2,5 метр, ал биіктігі 1,8-2,0 метрді құрайды. Кіреберісі кеңдеу келеді, ал түбіне қарай біртіндеп тарылып, тастағы жарықшақтардан енген судан түзілген көлшікпен аяқталады. Дертіне дауа іздеп келген адамдар үңгір суының шипалық қасиеті бар екеніне әлдеқашан көз жеткізген. Суы тұщы, әрі көптеген ауруға ем.

МОЛДАШЕВА Ақбөпе,

 Е. Бекмаханов мектебінің оқушысы

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы,

Ұзынбұлақ ауылы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *