Бейсеннің бірегей болмысы

Желтоқсан айының 9 —  жұлдызы бірегей болмысымен халық жадында мәңгіге сақталған Бейсен Құранбектің туған күні.

Бейсен аға журналисттік жолында мейірім нұрын төгіп, нық сөзімен, нағыз кемел адамға сай ісімен талайға үлгі бола білді.

Мен бастауыш сынып оқып жүргенде теледидардан «Айтуға оңай» бағдарламасынан Бейсен ағаның жарқын жүзін көріп, халыққа жасаған игі істерін көріп» мен де дәл осы кісі сияқты боламын» деп бала жүрегіммен өз-өзіме уәде бердім.Бейсен Құранбектің өмірден өтуі дүйім жұртты қара жамылдырды. Иә, халыққа қызмет етіп, әрекеттен берекет іздеген Бейсен аға қысқа ғұмырында тұлғалық даралығын дәлелдеп кетті.Оның өмірі тоқтаған шығар,бірақ журналисттің игі істері, көпке өнеге боларлық ғибратты жолы ешқашан өлмейді.

Бейсен Құранбек – қазақ журналистикасының жүрегі іспетті. Ол үшін журналистика – мансап немесе атақ емес, адамға қызмет ету, жүрекке жылу сыйлау, ауыр тағдырға араша болу еді. Сол адалдығы мен кісілігі үшін бүгінгі жас журналистердің барлығы оны үлгі тұтады.

Оның бар арманы — адам болып қалу, жақсылыққа себепкер болу еді.  Халықтың жүрегіне жол салған да, осы қарапайымдылығы, шынайылығы, жылы жүзі, әділ сөзі.

Бейсен ағамыздың қойын дәптерінде жазылған мына өсиеттері кез келген жас журналист үшін ғана емес барша адамға өнеге болуға лайық:

Ар сақта! Намысты бол! Талаптан! Қарекет қыл!

Тәуекел ет! Уәдеге берік бол! Мерт бол!

Ақылға сал! Қайратты бол! Жүрегіңді жылыт!

Біліміңді көбейт! Өнерді үйрен! Мінезді бол!

Еңбек сүйгіш бол!

Ата тегіңді біл! Ана тіліңді сүй! Адал мен арамды ажырат!

Обалды ойла!

Сауапты іс жаса! Салт-дәстүрді ұста!

Өнер-мәдениетті игер!

Тарихтан тәлім ал!

Өзіңе де, өзгелерге де, айналаңа да жақсылық жаса!

Бұл сөздер – жай тіркес емес, Бейсен ағаның бүкіл болмысын, ұстанымын, өмірлік мектебін танытатын асыл ойлар. Әр сөзінің ар жағында үлкен жауапкершілік, елге деген махаббат, адамға деген құрмет жатыр.

Сондықтан да Бейсен Құранбек – адамшылықтың, тазалықтың, шынайы журналистиканың символы десек те болады.

Оның игі істері, мейірімді жүрегі, ұстанған жолы – болашақ журналистерге мәңгілік үлгі.

САҒАДАТОВА  Айым,

 Ақтөбе облысы,  Алға қаласы,

 «Алға мектеп-гимназиясы» 11-сынып оқушысы.

Б.Құранбектің суретін жіберген автор