Берілме! ҰБТ – сенің қолыңда

Сурет:https://egemen.kz сайтынан алынды
Қазіргі кезде көптеген жасөспірімдер үшін ең маңызды кезеңдердің бірі – ҰБТ-ға дайындық. Бұл уақыт кейде қиын, кейде жауапкершілігі жоғары болып көрінеді. Мен де 10-сынып оқушысы ретінде бұл кезеңнің оңай емес екенін түсінемін. Бірақ ҰБТ-ны қорқыныш деп емес, болашаққа бастайтын мүмкіндік деп қабылдау керек.
ҰБТ-ға дайындық – тек тест жаттау ғана емес. Бұл – өзіңді тәртіпке үйрету, уақытыңды тиімді пайдалану және нақты мақсат қою. Күн сайын аз болса да дайындалу үлкен нәтижеге жеткізеді. Бір тақырыпты түсіну, бір есепті шығару – алға жасалған кішкентай, бірақ маңызды қадам.
Кейде тесттен төмен балл алу немесе тапсырманы орындай алмау көңілді түсіруі мүмкін. Бірақ қателік – жеңіліс емес, керісінше үйренуге берілген мүмкіндік. Әр қателік келесі жолы дұрыс жауап табуға көмектеседі. Сондықтан қиындықтардан қорықпай, керісінше одан сабақ алу керек.
Тағы бір маңызды нәрсе – өзіңді басқалармен салыстырмау. Әр адамның оқу қарқыны мен қабілеті әртүрлі. Біреу тез меңгереді, біреу көбірек еңбектенеді. Бірақ ең бастысы – тоқтамай еңбектену. Еңбек еткен адам міндетті түрде нәтижеге жетеді.
ҰБТ – өмірдегі соңғы сынақ емес, ол тек жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бір кезең. Бүгінгі еңбегіміз – ертеңгі жетістігіміздің негізі. Сондықтан шаршасаң да, демал да қайтадан жалғастыр. Ең бастысы – өзіңе сену және алға ұмтылу. Өйткені әр жасөспірімнің арманына жетуге мүмкіндігі бар.
Нұрайна ТАҢАТАР,
Атырау облысы, Құррманғазы ауданы,
«Абай атындағы жалпы орта мектебінің» 10-сынып оқушысы
Республикалық «Farabi shakirti» журналы
мен www.farabishakirti.kz желілік басылым
сайтының Жас тілшісі





