Биік таулар мекені — Нарынқол
Киелі Хан Тәңірі тауының етегінде орналасқан Нарынқол ауылы – табиғат пен тарих тоғысқан қасиетті мекен. Жетісудың ең көрікті аймағы саналатын бұл ауылдың әр тасы мен әр бұлағы − терең тарихтың куәгері. Аспанмен тілдескен шыңдары ауылдың айбынын асырып, оның ежелден қазақ халқы үшін қасиетті жер екенін дәлелдейді. Жер жәннаты – Жетісу өңірінде таулар жетерлік, соның бірі – Хан Тәңірі тауы. Хан Тәңірі – жергілікті тұрғындардың ғана емес, күллі қазақ даласының символына айналған табиғат ғажайыбы. Жергілікті тұрғындар бұл тауды кейде «Сәукеле» деп те атайды, себебі оның шыңдары қазақтың ұлттық бас киімі – сәукелеге ұқсайды. Осы алып тау – қазақ халқының рухани мұрасы мен мәдени құндылығының бір бөлігі.
Тарихи оқиғалардың куәсі болған таулы аймақ – Жаратқанның ерекше сыйы. Мың рет естігенше, өлкенің сұлулығын бір рет көру керек. Мұндағы қарлы шыңдар, таза ауа, мөлдір сулы өзендер мен жасыл шалғындар ауыл тұрғындарының тіршілігіне қолайлы жағдай жасайды. Ауыл маңындағы жерлер − мал шаруашылығы мен егіншілікке өте қолайлы. Табиғаттың мұндай байлығы – ауыл халқының тұрмысы мен дәстүрлі шаруашылығының негізі.
Нарынқол тек табиғатымен ғана емес, сонымен бірге терең тарихы мен ұлттық құндылықтарды сақтаған халқы арқылы да ерекшеленеді. Бұл жердің тұрғындары салт-дәстүрді ұлықтап, ата-бабалардан қалған аманатты бүгінге жеткізіп отыр. Ауылдың әр атауы, әр жері белгілі бір тарихи оқиғалар мен тұлғаларға байланысты. «Нарынқол» атауының өзі тарихтың тереңінен сыр шертеді. Бұл атау тек жердің аты ғана емес, сол жердің жүрегі мен рухының көрінісі. «Нарынқол» сөзі, ауыл үлкендерінің айтуынша, «ойрат-жоңғар» батыры «Нарын» батырдың жауынгерлері жатқан жер болғандықтан «Нарынқол» аталып кеткен деседі. Ал, кейбір деректер бойынша ежелгі түркілік дәуірдің сөздерінен шыққан «нарын» мен «қол» деген сөздерден құралған.
Өңірде ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған батырлары көп болған. Солардың бірі – аты аңызға айналған Райымбек батыр. Ол жоңғар шапқыншылығы кезінде ел қорғаған ерлігімен халықтың жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Оның есімі бүгінде Райымбек ауданына беріліп, батырдың рухына тағзым ету дәстүрге айналған.
Нарынқолдың тағы бір ерекше тұлғалары – қазақ поэзиясының асқақ шыңы Мұқағали Мақатаев пен көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаев. Мұқағали ақынның шығармаларында туған жерге деген шексіз махаббат пен Нарынқол табиғатының сұлулығы ерекше жырланған. Оның өлеңдерінен ауылдың мөлдір бұлағы, жайқалған шалғыны, биік таулары мен таза ауасының лебі еседі. Ал Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларында Нарынқолдың табиғаты мен қарапайым ауыл адамдарының болмысы терең көрініс тапқан. Екі қаламгердің туындылары туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншіліктің мәңгілік куәсіндей.
Хан Тәңірі шыңы туристер мен альпинистер үшін де ерекше қызығушылық тудырады. Бұл аймаққа келген адам өз бойында тыныштық пен шабыт сезімін табады. Сонымен қатар, Нарынқол маңындағы бұлақ, орман мен жайлаулар табиғаттың шынайы ғажабын көруге мүмкіндік береді.
Қасиетті Нарынқол өңірі – тарихы терең, табиғаты ғажайып мекен. Оның рухани мұрасы, көркем табиғаты және танымал тұлғалары – бұл жердің ерекше құндылығы. Мұндай жерде өмір сүрген адам өзінің туған жерімен мақтанып, оның сұлулығын жырламай тұра алмайды. Нарынқол – ұлт руханиятының алтын бесігі.
ТҰРЛЫБАЙ Нұртілеу,
Алматы қаласы, Абай атындағы республикалық
мамандандырылған дарынды балаларға
арналған мектеп-интернатының
11-сынып оқушысы
Суреттер:Abai.kz; «В контакте-Нарынқол»