«Білім» күнінің шапағаты шәкірттерге дарысын!

Шәкірт

Ғабиден Қожахмет

Мінезін түгел аштырған,
Күлсе де шыншыл күледі.
Лүпілдеп алға бастырған —
Білім ал дейді жүрегі.

Шәкірт-жыл біткен бағына,
Сезеді мұның өтерін.
Біледі олар тағы да
Білімнің қымбат екенін.

Достары жанында, бірігіп
Өмірге тұлпар баптады.
Ұстазы үшін — ұлы үміт,
Ата-ана үшін — мақтаны.

Ұшқанда қиял таңына
Адам боп шықсын ең кемі.
Маман боп олар тағы да
Болады елдің ертеңі!

Білім туралы сөз

Қалижан Бекхожин

…Сүйемін мен, білім, досым,
Ол — сөнбейтін идеалым.
Ол — шаттығым, көңіл қошым,
Ол — өршіген жас қиялым.
Баласы едім ұйқылы ояу
Жатқан сұлап сары даланың.
Мен ауылдан келдім жаяу,
Аңсап көркін өр қаланың.
Онда білім бар екен.
Айбыныңа балқыдым мен.
Білемін деп сырын жаһан,
Кеттім жүзіп толқынымен.
Океаннан тердім маржан,
Ақылдастым талай томмен.
Тердім жеміс ғасырлардан,
Сөйлестім де Платонмен.
Оймен шолып, көрдім көзбен,
Көлеңкесін жер жаһанның.
Қария білім айтқан сөзден
Білдім сырын шаттық таңның.
Жас өмірім — шаттық таңым
Мені әлдилеп аймалаған.
Қуанышқа толы жаным,
Ол бақытты берді маған.
Білім бейне қиын қамал,
Бұзар оны ерінбеген.
Айтқан көсем:–
Қамалды ал,
Жас ұрпағым, ұмтыл!-деген.
Міне біздер, жас жүректер,
Сол қамалға атой салдық.
Қилы-қилы білім тауып,
Ой — жігермен қамап алдық…
Өнер-білім гүліменен
Масайрайды жастық әлем.
Миллиондардың жүрегінен
Отаныма берем сәлем:
Құшағына еркін еніп,
Жүрегімді тербеткенмін.
Қуанышқа мен бөленіп,
«Сүтіңді еміп ер жеткенмін».
Шұғылаңнан енген сәуле
Өр кеудемде жалындаған.
Ой — жігерін сол кеудемнің
Отан, бәрін берем саған!

Оқу жылы басталды

Абдрахман Асылбек

Жігерлентіп жастарды,
Оқу жылы басталды.
Білім жолын нұрлантып,
Бағындырмақ асқарды.
Оқу – білім бұлағы,
Білім өмір шырағы.
Меңгергендер осыны
Шын биікке шығады.
Айналайын, жастарым,
Қосылыпты бастарың.
Меңгеруге білімді
Ыждағаты бастарың.
Асып-тасып саспағын,
Қиындықтан қашпағын.
Шыңға шығу – шыңырау,
Құлап түсу қас қағым.
Намыс болса кеудеңде.
Ұмтыл алға өрлеуге.
Мехнаты еңбектің
Тырбану мен терлеуде.
Өзіңді өзің қамшылап,
Терің шықса тамшылап,
Қиналсаң да қаншама,
Күт алдан таң шуақ.
Жаса ұландар. Терлеңдер.
Сағат сайын өрлеңдер.
Жалқаулыққа бір минут
Уақыт таба бермеңдер.
Ұран емес бұл сөзім,
Ағайындық шын сөзім.
Адаспайтын ақылдан
Тура жолмен жүрші өзің.

БІЛІМ

Абдрахман Асылбек

Мектеп деген білімнің,
Мөлдір тұнық бұлағы.
Ұстаз деген шəкіртің,
Жол көрсетер шырағы.

Оқу білім таныған,
Бұл өмірде ұлы жан.
Оқу білім танымаған,
Қараңғыда қаңыраған.

Оқу-біліммен жарық,
Күндерің нұрға толып.
Білім деген бағың,
Басыңда тұрған қонып
.
Оқу үшін бар мектепке,
Босқа жүрме текке.
Оқыған жандар,
Бақыттылар бұл өмірде.

Оқысаң бағың жанып тұр,
Босқа өтпей уақыт құр.
Оқымасаң егер сандалып,
Ата-анаңа сор болып тұр.

Оқу-біліммен нұрланайық,
Жас көңілді босқа былғамайық.
Ұстаз деген ұлы жан ардақты,
Сондықтан ұстаздарды бағалайық.

Білім қажет

Дәмелі Құсайынқызы

Білім қажет қорғау үшін намысты,
Білім қажет болжау үшін алысты.
Білім қажет түсу үшін таласқа,
Қолдан беріп алмау үшін табысты.
Білім қажет құқығыңды қорғауға,
Білім қажет білімдіні қолдауға.
Мақұрым жан білім, өнер, ғаламнан.
Ешқашан да түсе алмайды ол дауға.
Білім қажет Отаныңды сүюге,
Қажет болса Отан үшін күюге.
Шешілуі ортақ қиын істерді,
Ақыл-оймен түжырымдап түюге.
Білім қажет өзгені де тануға,
Өзге елге тайсақтамай баруға.
Өзге елге өз затыңды өткізіп,

Өзге елден керегіңді алуға.
Оқы, ұйықта басыңа заң жастанып,
Қалмау үшін ешқашан ар ластанып.
Дұрыс болмақ мектепте заң оқыған,
Басталғаннан мектепте алғашқы

БІЛІМ АЛ

Исраил Сапарбай

Біле алмаса тылсым сырын ғаламның,
Хайуаннан несі артық адамның?!
Не нәрсенің табу үшін лажын
Алдыменен оқып, білген лазым.
Әлем түні Күнмен ғана түрілген,
Адам жаны жарық алар ілімнен!
Білімсіз жан аттай алмас бір адым,
Ата-ананың ақтай алмас мұрадын!
Шыңыраудай шындық сырын кім ұғар? –
Ұғу үшін ілім ізде, білім ал!

БАУЫРЫМ, БІЛІМ АЛ…

Серікбол Хасан

Ол — кәусар ілімнің төрі еді,
Бәріміз сол жерден нәр алдық.
Жүректен өрілген өлеңі,
Мінеки, ақын боп таландық.
Ол — биік асқартау шыңы еді,
Аспанға қол созып алқындық.
Өмірде, сондықтан үнемі,
Барынша тек алға талпындық.
Ол — терең судағы маржан-ды,
Ұмтылып теңізге сүңгідік.
Биіктен тайғанап қалған күн,
Төменнен тірек боп тұрды үміт.
Ол — шексіз көкжиек екен тек,
Біз алар қамалдар — (жалған бақ).
Әлі іздеп келеміз, секеңдеп,
Әдемі өмірді армандап…
Бауырым, білім ал, тағы да…
Өмірде сол ғана керегі.
Білімің бар болса жаныңа,
Бақытың өзі іздеп келеді.


Bilimall.kz