Бір сөзден басталған жол

Сурет:Visit east Kazakhstan сайтынан алынды
Осыны біреу жазып қалмаса, бәрі ұмытылады ғой…» Бұл сөзді алғаш естігенде, жай ғана сөз сияқты қабылдадым. «Қазақстан және Дүние жүзі тарихы» пәндерінен сабақ беретін Исаева Динара Асқарқызы апайымыз: «Бұны жасауымыз керек, өте маңызды жоба» — деп қолдау білдірді.
Бірақ сол бір ауыз сөз мені екі жылға созылған жолға алып келді. Марқакөл шығыстың шекарасындағы тыныш аудан. Бірақ бір кездері осы тыныш жерден қаншама жас жігіт майданға аттанып, дүркіреп тұрған өңірден түлеп ұшқандар, елін сүйген ерлер соғысқа аттанды, аналарымыз тылда еңбек етті. Олар «батыр боламын» деп кеткен жоқ, ел аман болсын деп кетті. Ал артында қалған аналар, балалар, қарттар тылда бел жазбай еңбек етті. Сол адамдардың тағдыры туралы ойланған сайын, неге біз оларды аз айтамыз?,. Менің туған жерімнің азаматтары жайлы неге жазылмаған? деген сұрақ мазалай берді. Солайша Ұлы Отан соғысына Марқакөл ауданынан аттанған майдангерлер мен тыл ардагерлерінің ерлік істерін зерттей бастадық.
Архив ақтарып, ауыл үлкендерімен сөйлесе, әр парақты бір қопара ақтарып кеттік. Кейбір әңгімелерді тыңдағанда бөлмеде үнсіздік орнайтын сәттер болды. Себебі әр естеліктің артында – соғыстан оралмаған әке, жастай есейген бала, көз жасын ішке жұтқан ана тұрды. Архив құжаттарын оқығанда үмілжіген үнсіздік орнап қалатын. Бірде көзімізге жас келіп, бірде жобаға материал тапқанымызға қуанып аламыз.
Осы ізденістің, қаншама еңбектің нәтижесінде шағын кітапшамыз «Ерлікпен өрілген ғұмырлар» жарық көрді.
Бұл – үлкен, қалың мұқабалы кітап емес дегенмен іші толған естелік, бір адамның үлкен тағдыры болды. Әр бетінде Марқакөлден шыққан қарапайым адамдардың қайсарлығы мен сабыры, ерен еңбегі жатты. Бізге сұхбат берген әр жанның анасы, атасы, іні — қарындасының тағдырын сипаттаған сәттері де естелік кітабымызда жазылды. Алдағы уақытта осы еңбекті толықтырып, үлкен кітап етіп шығару да ойда бар. Бұл жұмыстың ең қиыны – дерек табу емес, сол тағдырларды жүрекпен қабылдау болды.
«Бұл – бүгінгі тыныш өмірге жол ашқан адамдардың өмірі. Уақыт алға жылжыған сайын, куәгерлер азайып бара жатқаны рас. Ал естелік айтылмаса, тарих беттерінде дөп басылып жазылмаса ол үнсіз жоғалады. Сондықтан бұл жұмыс – бағалау емес, ұмытпау үшін жасалған әрекет болды» — деген ұстазымның сөзі санамда сайрап қала берді…
Бір ұсыныстан басталған бұл жол – тарихқа деген жауапкершіліктің әрі жетістіктің бастамасы. Бұл жоба мен үшін
ғана емес -тұтас Марқа жұртын қуантқан жоба болды.
ӘДІЛ Жансая,
Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,
«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ 11-сынып оқушысы.
Жетекшісі: ИСАЕВА Динара Асқарқызы,
тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі





