«Биші болу-басты арманы»

Би… Бұл үлкен өнер. Ал үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат. Би – сезім мен нәзіктілікті жеткізуші өнер.    Би өнері — адам ойындағы, жүрегіндегі жазуды би тілімен жеткізе білетін тілсіз өнер. Би өнері-сезім мен ақыл-айдың үйлесімі, ол адамның өзін-өзі табуға, өзінше өмір сүріп, қоғамда өзін көрсетуіне мүмкіндік береді. Биші болу-бұл өнер мен адамның рухни дүниесі арасындағы терең байланыс.

Сатыбалды Ханифа Мэдиқызы 2014 жылдың 30-қараша күні Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазір Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қобда ауылында И.Тайманов атындағы гимназияның 4-сыныбында оқиды.  Балабашадан бастап 3 жасар Ханифа биге әуес болып, түрлі мерекелік шараларға қатысты. Мектеп жасына жеткен соң би үйірмесіне қатысып, облыс, аудан сахналарында өнер көрсетті.  Қобда аудандық Өнер мектебінің би  сыныбының 3-сынып оқушысы. Би десе «Ішкен асын жерге қоятын» Ханифаның биге деген ынтасын, талантын көріп ата-анасы қолдау білдіріп, түрлі байқауларға қатыстырды. Ең әуелі онлайн байқаудан бастап, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық би байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

Ханифаның бір ерекшлігі би класында қатысса да, байқауларға жеке өзі шығады.Оның арнайы дайындайтын хореограф маманы жоқ, «Ютуб» желісінен өзіне ұнаған билерін жаттап алып, сол арқылы үлкен сахналарда өнерін көрсетіп, «көрермен көзайымы» болды. «Менің ең үлкен арманым- Шара Жиенқұлова апамыздай атақты биші болып, Димаш Құдайбергенов ағамыз сияқты қазақтың би өнерін әлемге танытсам» деген бала арманы бар. Ең бастысы балада ынта, талпыныс соның ішінде тума талант бар. Ата-анасы киәмдерін арнайы тіктіріп, баланың қатысамын деген байқауларына қалдырмай қатыстырады.

Ханифаның репертуарында «Ерке сылқым» «Жетісуым», «Алтынай», «Үкілі ару», «Қыз қылығы», «Қазақ қызы», «Ерке бала» сияқты көптеген ұлттық биімен қатар «Чин-тәхсә», «Лазги» сияқты өзбек, ұйғыр, үнді халықтарының билері  және қазіргі замануи билер де бар. Халықаралық «Таланттар әлемі», «Nurliy Fest», «Атан мұра», «Дарынды бала», «Жарық жұлдыз», «Darun Fest», республикалық «Тәуелсіздік тұғырым», «Өнерлі бала», «Би өрнектері», «Ғажайыптар әлемі», аймақтық «Мега Шоу», «Жас дәурен», «Би сыры», «Қамажай», «Жауқазын» сияқты байқауларға қатысып, Бас жүлде және бірінші орын иегері атанды.

«Nurliy Fest» байқауынан Түркия мемлекетінің Алания қаласына, «Жарық жұлдыз» байқауына Стамбул қаласына Жолдама жеңіп алды. 2024 жыл соңында Қобда аудандық білім бөлімі аудандағы дарынды баларды одан әрі дамыту мақсатында марапаттау рәсімін ұйымдастырып, Ханифа «Қобда дарыны» атағымен марапатталды. Биылғы 2025 жылдың қаңтар айында Қазақстан-Ақтөбе телеарнасының «Жас дарын» дарынды балаларға арналған бағдарламаға шақырту алып, сұхбат берді. Кішкентай бишінің өнері үлкен экранда көрсетілді.

Наурыз  айында өткен «Өнерлі бала» республикалық бишілер байқауына қатысып, «Жетісуым» қазақ биін билеп, 1 орынды жеңіп алып, әділ-қазылық еткен «Гүлдер» би ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садыкованың қолынан марапатталды.Бұл балапан биші үшін үлкен қуаныш болды.

Жалпы бишілік өнер  – бөлек әлем. Оның дамуында шек жоқ. Сезім мен ой тереңдігін, өмірге деген құштарлықты тілсіз жеткізетін би әлемінде  жүрген кішкентай биші әлемге танылып, арманы орындалсын деген тілектеміз. Арманың орындалсын, болашақ биші!

Бақыт НАҒМЕТИЯРҚЫЗЫ,

Ақтөбе облысы, Қобда аудандық

орталықтандырылған кітапхана

жүйесінің әдіскері