Биылғы күзде Қазақстанда алғаш рет Инклюзия бойынша Бүкіләлемдік конгресс өтеді – оқу-ағарту министрі арнайы білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесті

Конгресс 2025 жылдың күзінде Алматы қаласында инклюзия және арнайы білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар мен шетелдік білім министрлерінің қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы білім беру ұйымдарының ұжымдарымен кездесу барысында айтты.
Министрдің айтуынша, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту — мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. 2023 жылы министрлік құрылымында арнайы департамент құрылды және ол осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік берді. Бір жылдың ішінде шамамен 20-ға жуық нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Арнайы білім беру қажеттілігі бар балаларды кешенді қолдау туралы» ҚР Заңы әзірленуде.
«Қолжетімді білім беру ортасын құру — тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің негізі. Қазіргі таңда біз осы салада заңнаманы жетілдіруден бастап, инфрақұрылымды жаңғырту мен кадрлық әлеуетті дамытуға дейінгі толыққанды қолдау жүйесін біртіндеп қалыптастырып келеміз. 2028 жылға дейін барлық арнайы білім беру ұйымдары заманауи материалдық-техникалық базаға ие болуы тиіс. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби әлеуетін, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын арттыру және отбасыларға жүйелі қолдау көрсету де маңызды», — деді министр.

Бүгінде еліміздегі мектептердің 90%-ында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 85%-ға жетті. Педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші жаңа лауазымдары енгізілді. Үш деңгейлі сүйемелдеу моделі жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, елімізде 504 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 235 мыңнан астам бала оқиды. Сондай-ақ министрлік үздіксіз инклюзивті білім берудің Ұлттық орталығын құру туралы шешім қабылдады.
Кездесу соңында министр кәсіби қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген педагогтерге ведомстволық марапаттар табыс етті.

ОАМ Баспасөз қызметі