Біз өзі келешекке не қалдырамыз?

Біз қазір «Ата-бабамыз қан майданда соғысып жүріп жерді; 16 желтоқсанда суық суға қарсы тұрып тәуелсіздікті; байлыққа толы Ұлы Даланы; мың ғасырға жетерлік, өшпейтін, өлмейтін халық ауыз әдебиетін», — қалдырды дейміз. Ал, біз ше? Біз, келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Олар да біз секілді өткенімен мақтана алатындай іс істей аламыз ба?

Шынымен де, өткенді жырлаймыз да, келешекке тіпті көз тастамаймыз.

Керісінше  осындай болашаққа байланысты сұрақтарға көп назар салғанымыз жөн…

Жер? Кезінде Түркі халықтары өмір сүрген Ұлы Даланы ұрпаққа дәл осы қалпында аманат етіп қалдыра аламыз ба? Иә, егер Қазақстанның әр бөлігі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалмаса. Сондықтан, «Жер мәселесі — Қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі», — деп Ахмет атамыз айтқан сөзді ұмытпауымыз керек. Осындай ұстанымның арқасында қазір өз жерімізде жеңістің туын желбіретіп отырғанымызға 80 жыл болды. Осы жалау мәңгі көкте қалықтау үшін бізде ұлттық сана болмағы абзал. Сонда ғана бәрі ұлт қызметтері болмақ.

Тіл? Қазіргі сәтте қазақ тілінің  жағдайы құбылмалы болып тұр. «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» — деген Абайдай мың наданмен күресіп жүргендер бар. Дегенмен, қоғамға күші жете алмай жатыр. Егер тілімізді сақтағымыз келсе, қазақ тілін бөтен сөздермен былғамағанымыз жөн! Себебі, «Тіл-салақ сөйлегеннен бұзылады», — депті Ғабит Мүсірепов.

Халық ауыз әдебиеті? Қазір көбінесе халық ауыз әдебиеті дегеннен гөрі, жазбалар десек дұрыс болады. Себебі, барлығы қазір жазылып, басылып жатыр.  Сондықтан, егер оның көркем екендігі һақ болса, онда ол  әлі мың ғасыр жырланады деп сенемін. Менің ойымша, біз тек қана қазіргі заманауи әдебиетті көп оқымағандықтан аса қадіріне жете алмай жатырмыз. Ал, олар келешек үшін шынымен, өте керемет шығарма болуы әбден мүмкін.

«Бабамыз батыр болды дегенше, баламыз батыр болсын деп тілейік», — дейді ғой. Иә, батырлық тек найза алып, жауға қарсы шығу емес. Батырлық — елі үшін етінен ет кесіп алса да қыңқ етпейтін, басын кесіп алса да, елінің мүддесі үшін күресетін тұлға. Биылғы 80 жылдық мерейтойымыздың өзі сол заманда сондай тұлғалардың көп болғандығының айғағы. Ал, келешекте  батыр ұрпақ көп болуы үшін, біз нағыз БАТЫРЛЫҚТЫҢ үлгісін көрсетуіміз керек…

Гүлшат ДОСКЕНҚЫЗЫ,

Абай атындағы РММИ-дің 10-сынып оқушысы,

«Ділмар» үйірмесінің мүшесі.

Сурет: https://abai.kz