Біздің сұхбат

Адам есейсе де, балалық шақты ұмытпайды

 

Бүгінгі таң тәрбие құралы — теледидар дәуірі. Ондағы түрлі жанрдағы телесериалдар, әртүрлі сюжеттер мен ситуациялық фильмдер әрі түсірілім барысындағы белгілі бір кейіпкерді сомдайтын отандық жұлдыздардың шынайы өмірі кімді де болсын қызықтырары анық. Олай болса бүгінгі ұсынар хабарымыз өнер әлемін құрмет тұтып, болашақта актер (актриса) атанғысы келетін жасөспірімдерге арналады.  Кезекті сұхбатымыз «Каникулы offline», «Ауылдастар», «Ата-ана, бала-шаға», «Сәке» сериалдары арқылы көпшіліктің көз айымына айналған отандық актер Ерболат Әлқожа.

 

—Қайырлы күн! Ең алдымен біздің оқырмандарымызға өзіңіз жайында қысқаша мәлімет бере кетсеңіз. Қай өлкенің тумасысыз, балалық шағыңыз қалай, қайда өтті, қандай бала болып өстіңіз?

—Мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы бұрынғы (Прудки), қазіргі Аққайнар ауылында дүниеге келдім. Бал дәурен бала кездерім естен кетпес қызығы мен шыжығы мол сәттерге толы болды. Отбасы кенжесі болғандықтан ба әйтеуір үйде де, мектепте де өте ерке, бұзықтау бала болып өстім.

—Актер болу бұл сіздің бала күнгі арманыңыз ба әлде күтпеген жерден қолға алған кәсібіңіз бе?

—Актер атану ішкі емес, сыртқы сезім болатын. Баламыз ғой көрші үйдің балаларымен аулада ойын қуған сәтте, әрдайым ойыма бірдеңелер қылп ете қалатын. Содан достарыма: «Қазір барлығымыз кино ойының ойнаймыз» — деп көрініс сценарийін құрастырып, кейін сол ойымдағы кейіпкердің рөліне енетінмін. Мұны сырттай бақылаған Бекмұқан атты ағайым «Сен бала нағыз өнердің адамысын» — дей отыра, ылғи қолдап бағыт бағдар беретін. Алайда тұрақты түрде  Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының оқуын тәмамдамадым. Мен білім алған сала Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің Экономика факультеті болатын.

— Актер атанып, киноға түсіп келе жатқаныңызға қанша уақыт аралығы болды?

—2002 жылдан бері көптеген театр, сериалдарда ойнадым. Орыс халқында «Ералаш» атауыналса, қазақтарда «Қалай Мақан» деп аталатын балаларға арналған күлкі топтамасы. «Күлкі керуен» әзіл-сықақ сериалы. Кейіннен денсаулығыма байланысты сырқатқа шалдығып 4-5 жыл бойы демалыс алдым. Дерттен айығып шыққан соң, өнерімді қайта жалғастырдым.

—Көрермендерді әрдайым кинодан бұрын кадр сыртындағы жайттар толғандырады. Түсірілім барысында орын алған ерекше естен кетпес сәттеріңіз болса, бөлісе кетсеңіз.

—Енді сериал сырты әрқашан қызыққа толы болатын бөлек әлем. Ондағы сезімдер мен құбылыстарды әлдекімге айтып жеткізу қиын. Көбі есімде жоқ, дегенмен бір оқиға әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Қызық па әлде қиындық па білмедім,бірақ ол сәт былай басталды.  Түсірілім барысы. Бастаймыз деген сөз де айтылды. Осы сәтте сценарий бойынша бір әйел келіп қалың, қатты таяқпен ұрып-соғып жатыр, менің аяқ-қолымда жан қалмады, егер айқайға салсам барлық еңбек құрдымға кетеді. Содан барынша шыдадым, түсірілім аяқталған соң ауруханадан бірақ шықтым. (Күліп)

— Бүгінгі күні елімізде жарыққа шыққан қай фильмдер сізге ұнамды?Ал қай сериалдарындың сапасына, дамуына көңіліңіз толмайды?

—Қазіргі таңда не көп? Фильм, сериал, кино әрі жарыса түсіретін бәсекелес көп. Көрерменнің көңілінен орын алған деректі фильмдер баршылық. Дегенмен тарихи танымдық туындыларға тоқталар болсақ, кейбір ойнаған актерлердің образдары, түр түсі, сыртқы болмысы дәл сол тұлғаға сай келмейтіні, ұксастықтың жоғы аздап қынжылтады. Ал ұнамды фильмдердің арасында өмірлік ағамдай болып кеткен ұстазым Данияр Саламаттың авторлық «Біздің үй», «Әкем екеуміз», «Карантин», «Бәйтерек», «Кішкентай» атты туындылары қандай керемет дер едім!

—Келешекте шығармашылығыңызды одан әрі жетілдіру мақсатында театр сахнасында өнер көрсетуге қалай қарайсыз?

—Театр спектакльде ойнау, сағынышымның сазы, басты арманым. Кезінде «Қайдасың шекара», «Орман оқиғасы», «Ертегілер елінде» сынды қойылымдарда ойнадым. Қазіргі таңда Қырғызстан республикасынан арнайы «кино және режиссура» саласы бойынша білім алып, тәжірибе жинақтай отыра, өз киномды түсіру ойымда бар. Тіпті 1-2 сценарийім дайын тұр, аз ғана дамытып, жетілдіру қалды.

—Сіздің көзқарасыңыз бойынша нағыз актердің бойында қандай қасиеттер болуы тиіс? Ең негізгі үшеуін атап берсеңіз!

—Актердің  ең алдымен шығармашыл тұлға болуы қажет. Одан кейін: тазалық, шыдамдылық, табандылық, талапшылдық еңбекқорлық, жан-жақты ізденіс пен мол білімсынды т. б.  қасиеттер болуы тиіс.

— Болашақ актерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

—Актер болуды армандайтын жан кітап оқуға құштар болып, өз-өзің білім нәрімен сусындатуы керек. Кітап — рухани жан азығын жеткізетін дүние, адамзаттың басты байлығы. Биік белестерді бағындырып, асулардан асқысы адам кітап оқу арқылы Ішкі рухани қасиеттерін дамытып, байытып, шыңдауы қажет.

—Алтындай уақытыңызды бөліп, берген сұхбатыныңыз үшін алғысым шексіз. Қымбатты оқырман бүгін бірнеше сауалдарыңызға жауап таба білді деген ойдамын. Сау болыңыздар!

Дилназ Мухамедова,

 №1 «Азат»  ОМ оқушысы.

   Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы