Болашаққа бір қадам…
Суретте: Менің отбасым
Балалық шағы ата-анасының қасынан шықпай, еркелігімен ерекшеленген қыз, яғни мен үшін интернатқа түсу үлкен сынақ әрі жаңа өмірдің бастамасы болды. Өз үйімнің ыстық алақанынан тыс, жаңа ортаға бейімделу – маған ауыр болғанымен, өмірдің келесі кезеңіне қадам басу үшін қажет екенін түсіндім.
Интернаттың қатал тәртібі мен талаптары алғашында менің еркіндіктен айрылып қалғандай сезімде болуыма себеп болды. Қанша жыл ата-анамның қамқорлығында болғаныммен, мектеп-интернаттың ортақ тәртібі маған тәуелсіздік пен жауапкершілікті үйретті. Әр күн сайын мен өзімді өз өмірінің иесі ретінде сезіндім. Жаңа орта, жаңа достар, жаңа тәлімгерлер – бәрі маған өз орнымды табуға, өзіме сенуге және қиындықтарды жеңуге бейімдеді.
Мектеп-интернатта әр бала өз ісіне жауапты, өз уақытын басқаруды, оқуын бақылауды, сондай-ақ жеке өміріндегі мәселелерді шешуді үйренеді. Мұның бәрі менің тұлға ретінде өсуіме, жауапкершілік пен тәртіптілікке бейімделуіме зор ықпал етті. Өз-өзіме деген сенімділіктің артқанын, бұрынғы ерке өмірімнің артта қалғанын байқадым.
Бұл мектеп-интернаттың табалдырығын аттамай тұрып, мен мүлде басқа, ата-анасының қасынан шығып көрмеген, әкемнің ерке қызы едім. Он екі жасымнан отбасымнан жырақта өмір сүруге тез бейімделіп кеттім демеймін, бірақ уақыт өте келе мен барлығына үйрендім. Өз басыма жауапкершілік ала бастадым, үлкен өмірге қадам басқалы жатқанымды ұғындым.
Сол үшін маған көп нәрсені үйреткен Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатына шексіз алғысымды білдіремін.
Сөзімді қорытындылай келе ,мектеп-интернаттағы өмір барлық оқушыны тек сырттай ғана өзгертпей, рухани дамытып,тұлғалық дамуына да үлес қосады.
ТУРКЕБАЙ Ақзере Маратқызы,
Абай атындағы Республикалық мамандандырылған
дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының
11-сынып оқушысы.
Сурет автордың жеке архивінен алынды.