Болашақта математика ғылымын қазақ тілінде сөйлеткім келеді – 136 балл жинаған түлек
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Алдымда толған мақсат, толған таңдау» демекші, қазіргі таңда мектеп түлектері өздері қалаған мамандықты таңдап, үлкен өмір жолына қадам басқалы отыр. Солардың бірі – Тасқала ауданы «Сәулет» мектеп — лицейінің шәкірті Қасымжомартәлі Ғазез ҰБТ — да 136 балл жинап, облыс бойынша көш бастады. Қасымжомартәлі өзі білім алған алтын ұясы, алдағы арман — мақсаттары жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.
—Қасымжомартәлі, «Алтын белгің» құтты болсын әрі облыс бойынша әзірге ең жоғары 136 балл жинап отыр екенсің, осы табысқа қалай жеттім деп ойлайсың?
—Ассалаумағалейкум, аға. Құттықтауыңызға рахмет! Бұл табысқа ең алдымен білім берген ұстаздардың және қажырлы еңбектің арқасында жеттім деп ойлаймын. Бұл бір жылдық еңбектің емес, 11 жыл бойы үздіксіз жинаған білімнің, сол үшін төккен тердің нәтижесі деп білемін. 1-7 сыныптарда Қ.Сәтбаев атындағы мектепте оқыдым. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп жатады. Менің бақытыма орай, мектеп табалдырығын аттағаннан бастап мықты ұстаздардан тәлім алдым. Соның ішінде алғашқы ұстазым Ақжарқын Ақбалақызын ерекше атап өткім келеді. 7-сыныптан бастап «Сәулет» мектеп — лицейіне түстім. Сынып жетекшім Айғаным Қалесқызы – өте білікті маман. Айғаным Қалесқызы өзінің салмақты ойымен, білімділігімен бізді дұрыс бағытқа бастап, бойымызға ұлтжандылық пен жауапкершілік қасиеттерді сіңіре білді. ҰБТ-ға дайындық туралы айтар болсам, оған тұрақтылық пен мықты ерік-жігер керек. Ең алдымен, теориялық білімге назар аудару қажет. Содан кейін тестпен жұмыс жасау өте маңызды. Жалпы тестке дайындықты оқушы жоғары сыныпқа қадам басқаннан бастап дағдыға айналдырғаны дұрыс. Мен күнделікті мектеп тапсырмасын орындап болған соң, міндетті түрде 1-2 сағат тестпен жұмыстандым. Менің бір түсінгенім, ҰБТ-ға дайындық оқушыға мақсатқа жету жолындағы табандылықты қалыптастырады екен. ҰБТ тапсыруда психологиялық дайындық та маңызды. Тестке күнделікті тұрақты дайындалған соң, мектеп бағдарламасын меңгере бастайсың. Содан бастап тест тапсырудағы үрейден арылып, ҰБТ-ны әдеттегі кезекті сынақ ретінде қабылдай бастадым. Маған ата-анам сабақ оқуыма барлық жағдайды жасап, алаңсыз дайындалуыма мүмкіндік берді және үнемі жігерлендіріп, мотивация беріп отырды. Күнделікті дайындық кезінде ата-анам бөлмеме кіріп, «Қалай оқып жатырсың?» деп бір сұрап кетеді, содан дайындығымды аяқтап, серуендеуге шығарда міндетті түрде неше есеп шығарғанымды, не сабақ оқығанымды және нәтижемді сұрап отырады. Әрине, мектепте өткізілетін психологиялық сабақтардың маңызы зор. Психолог апайымыз Гүлнар Бекенқызының өткізген тренингтері тест алдындағы қобалжуды жоюға көп көмектесті. Мен осы уақыт ішінде таза еңбектің адамды биіктерге жетелейтініне көзім жетті. Мектеп қабырғасында жүріп, талай додаларға қатысып, топ жардым. Айтайын дегенім, осының барлығы да – ұстаздардың еңбегі мен оқушының жүйелі дайындығының жемісі.
—Тасқала ауданында өзің білім алған «Сәулет» мектеп — лицейі саған несімен ыстық, ұстаздарың жөнінде тағы не айтар едің?
—«Сәулет» – ұстаз бен шәкірттің арманы тоғысқан, білімпаздардың ордасы, зейінді шәкірт пен алғыр ұстазды табыстырған киелі мекен. «Сәулет» біздің жұлдызымызды жарқыратып, көкірек көзімізді ашты. «Сәулет» мектеп -лицейі маған достарыммен, ұстаздарыммен, мектепте өткізген қызықты сәттеріммен ыстық. Бізде мықты мұғалімдер көп. Облыстық, Республикалық деңгейдегі білікті мұғалімдер сабақ береді. Менің математикаға деген ынтамды оятқан өте білікті ардагер ұстаздар Бақтығұл Жұмажанұлы мен Ізтұрған Қалниязұлы. Сонымен бірге, математика пәні мұғалімдері Меңсұлу Құдайбердіқызы, Аманбек Самиғоллаұлы, физика пәні мұғалімі Айнұр Серікбайқызы сынды дарынды ұстаздардың арқасында мен облыстық олимпиадалардан жүлделі орындар алып, ҰБТ-дан математика пәні бойынша 45/45 балл жинадым. Біздің «Сәулетте» әр ұстаз оқушыға өте қамқор көңілмен қарайды. Бірде үзілісте алдымнан химия пәнінің мұғалімі Жеміс Мұратқызы кезікті. Ол менің шаршаңқы қалпымды көріп, бар жұмысын тастап, менімен сырласа бастады. Қажет кезде адам өз-өзіне демалыс беру керектігі туралы, иммунитет көтеретін дәрумендер жөнінде ақыл-кеңестерін айтып, жанашырлығын білдірді. Бұл айтып отырғаным бір ғана мысал. Барлық бала ерекше жақсы көретін Айнагүл Нариманқызы алдына барған әр оқушымен еркін сөйлесе отырып, жан-дүниеңді түсіне біледі. Ол кісінің маған да көп көмегі тиді. Айнагүл Нариманқызы – оқушымен сырласа білетін ұстаз. Міне, біздің «Сәулет» әр шәкірттің жүрегіне біліммен бірге мейірім шуағын себе білген осындай ұстаздарымен ерекше.
—Алдағы жоспар-мақсатың қандай, қандай мамандық пен оқу орнын таңдағалы отырсың?
—Болашақта өз ісін білетін білікті маман болып, елдің дамуына үлес қосқым келеді. Ал мамандыққа келетін болсақ, математика пәнінің мұғалімі мамандығына тоқталып отырмын. Оқу орнын әлі таңдамадым. Ұлтымызда атакәсіп деген ұғым бар. Мен ұстаздар әулетінен шықтым. Менің атамның әкесі Зейнел молда ескіше бала оқытқан ұстаз болыпты. Өз атам – әдебиетші ұстаз. Әкемнің мамандығы да мұғалімдік. Отбасында анашым да мұғалім. Сондықтан осы мамандық жаныма жақын. Болашақта білікті маман болып, білімді шәкірттер тәрбиелегім келеді. Олимпиададағы, ҰБТ — ға дайындық барысында мен математика пәнінен білімімді жетілдіру үшін ақпарат көздерін іздейтінмін. Сол кезде байқағаным, қазақ тілінде математика ғылымы бойынша оқу материалдары өте аз екен. Болашақта мен математика ғылымын қазақ тілінде сөйлеткім келеді. Менің ҰБТ-дан жинаған балым жоғары болуына байланысты түрлі бағытта ақыл-кеңес, ұсыныстар айтылып жатыр. Мамандықтың жаманы жоқ, тек соны жетік меңгеріп, еліме, ұлтыма пайдам тиетін азамат болу.
—Сенің есіміңді Қасымжомартәлі деп қойған екен, не себептен?
—Менің есімімді Қасымжомартәлі деп әкем қойыпты. Әкем маған бұл есімді үш ұлы адамның: Қасым ханның, Атымтай Жомарттың, Хазірет Әлінің қасиеттері дарысын деген ниетпен берген екен. Көп адам менен атыңды еліміздің президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының құрметіне қойған ба деп сұрайды. Әкем ол кісіні үлкен саясатта жүрген ірі тұлға ретінде ерекше бағалайды. Сондықтан ол нұсқаны да жоққа шығармаймын.
—Отбасың, ата-анаң, бауырларың туралы айтсаң?
—Әкем – мемлекеттік қызметші. Анашым болса, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Біз көп балалы отбасымыз. Мен үйдің тұңғышымын. Менен кейін 3 — сыныпты бітіріп жатқан Таң Нұры атты тентек қарындасым бар. Мені ағалап шауып жүретін, тілалғыш інім Кемел -Сұлтан 1 — сыныпқа көшті. Үйдің кенжесі, бәріміздің еркеміз Зер — Тұмар деген тәп — тәтті қарындасым бар. Бауырларымды қатты жақсы көремін. Өздері сондай бауырмал. Мен сабақтан келгенде бір — бірімізді сағынып қаламыз. Бәріміз күнімізді қалай өткізгенімізді жарыса айтып, мәз — мейрам боп жатамыз. Алла қаласа, күзде басқа қалаға оқуға кеткенде бауырларымды сағынатын боламын.
—Әңгімеңе рахмет. Өмірде әрдайым жолың болуыңа тілектеспін.
Автор: Елжан Ералы,
тілші
inform.kz