ҰБТ:Үмітті үкілеп, күдікті сейілтуге ұмтыламыз

Ұлттық бірыңғай тестілеу — еліміздегі әрбір мектеп бітірген түлектердің үлкен өмірге қадам басатын шағындағы жауапты сәттің бірі. Жүздеген, мыңдаған түлектер ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, қалаған мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады. Жыл өткен сайын ҰБТ форматына өзгерістер енгізіліп, жүйе жаңарып келеді. Дегенмен, сол жаңалықтар мектеп бітірушілердің оқуға түсу мүмкіндіктерін  шын мәнінде жақсартты ма? Әлде, керісінше, психологиялық қысымды одан сайын үдете түсті ме?

Соңғы жылдары ҰБТ-ның техникалық құрылымы біршама жетілдірілді. Ең алдымен, оқушылардың бір емес, бірнеше рет тест тапсыру мүмкіндігі пайда болды. Бұл бұрынғы «бір мүмкіндік» қағидатын жеңілдетіп, оқуға түсемін деген түлектердің жолын ашып берді. Сонымен қатар, бейінді пәндерді таңдау еркі мен онлайн дайындық платформалары, ашық сұрақ базасы — білім алуға жол ашатын оң өзгерістер екені даусыз.  Электронды тестілеу әдісі әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етіп, бұрынғыдай парақорлық пен бұрмалаушылықты азайтты. Бір қарағанда — бұл жүйенің прогреске бет алғанын білдіреді.

Алайда, ҰБТ техникалық жағынан жетіле түскенімен, оқушының жан әлеміне, ішкі хәл-күйіне толықтай жағымды  әсері әл-әзір байқалмайды. Көптеген түлектер ҰБТ-ны өміріндегі жалғыз мүмкіндік деп қабылдайды. «Жоғары балл алмасам – болашағым жоқ» деген түсінік санаға терең сіңген. Бұл — аса қауіпті үрдіс. Соның салдарынан жыл сайын ҰБТ тапсырған кезде сынақтан өте алмай,  өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенетін жастар кездеседі. Мұның өзі – дайындық тек білім емес, психологиялық тұрғыдан да өте ауыр жүк екенін дәлелдейді. Демек оқушылар ҰБТ-ға қуанышпен емес, қорқынышпен дайындалады. Әлеуметтік желілердегі өзгелердің нәтижесін көру, репетиторсыз қалу, ата-анасының артқан  үміті – осылардың бәрі баланың жүрегіне салмақ салып, жүйкесіне жағымсыз жағынан әсер етеді.

Бұл орайда психолог-мамандар ҰБТ кезінде оқушылардың көптеген психологиялық қиындықтарға тап болатынын айтады. «ҰБТ тапсыру кезінде оқушылар  көптеген психологиялық қиындықтарға тап болады.Мәселен, тесті тапсырар алдындағы стресс, күйзеліс, қорқыныш сияқты сезімдер адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Көп оқушыларда сенімсіздік басым болады,  өзінің білім деңгейіне күмәнданып, басқалармен салыстырады. Түптеп келгенде осы сезім оқушының алға жылжуына  кедергі келтіреді. Сонымен қатар, адамның физикалық  жай-күйі де әсер етеді: әр балада ұйқының бұзылуы, бас ауруы, жүрек соғысының бұзылуы  сияқты психосоматикалық  белгілер байқалуы мүмкін.  Ал ата-аналар мен мұғалімдерінің жақсы балл жина, үмітімізді ақта деген тұрғыдағы қатқыл сөздері, қоятын талаптары оқушыларға белгілі бір дәрежедегі психологиялық қысымға әкеледі»,- дейді №59 ЖББМ-ның психологы Қарақат Жасұланқызы.

Көп жағдайда ата-аналар баласын ҰБТ-ға тек 11-сыныпта, әсіресе оқу жылы аяқталатын соңғы айларда ғана дайындай бастайды. Мұндай жағдайда уақыттың аздығы мен талаптың көптігі баланы күйзеліске душар етеді. Мәселен, Жанерке Якшибай  есімді оқушы ҰБТ-ға 2 ай қалғанда дайындығын мүлде тоқтатқан. Ол бұған дейін 140 курсымен 3 ай ғана оқығанын айтады. Нәтижесінде, негізгі сынақтан 69 балл жинап, грантқа түсе алмай қалды. Ақырында педагогикалық колледжге грантқа мәжбүрлі түрде оқуға түсті. «Қазір мен өкінемін» дейді ол. Сондықтан дайындықты 8–9 — сыныптан бастау маңызды. Бұл кезеңде оқушының іргелі білім қоры қаланып, тест құрылымына бейімделуі жеңілдейді. Ерте дайындық оқушыны білімді ғана емес, психологиялық тұрғыдан да шыңдайды, ал 11-сыныпта тек қайталау мен нақтылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижеге сенімді жетуге мүмкіндік береді.

Білім берудің түпкі мақсаты – тұлға тәрбиелеу. Алайда қазіргі оқушы тест сұрақтарын жаттауға мәжбүр, алтерең  білім, оны санағы сіңіру  екінші орынға ысырылған. Мысалға, қазақ әдебиеті пәнін алып қарасақ,  «Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романында Демежанға Абай туралы алғаш айтып берген,орыс консулының тілмашының есімі», «Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» хикаятында стражник айдауындағы Әбдірахманның арбадан қарғып түсіп қоштасқан адамы», «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде құлынды іздеген Кендебайдың жолында кездескен кедергінің бірі» деген сияқты жаттауға негізделген сұрақтар өте көп қойылады. Бұл түлектердің  аналитикалық ойлау қабілетін шектейді. Яғни, кімнің жаттау қабілеті мықты – сол жоғары балл алады деген түсінік қалыптасқан. Осы секілді сұрақтардың орнына, оқушыға логиканы дамытатын, интеллектуалды деңгейді арттыратын сұрақтар ұсынушы едім. Мысалы: «Қараш-Қараш» оқиғасындағы Бақтығұлдың әрекетінің астарында қандай моральдық ой жатыр?», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым өлеңінің эмоциональдық реңкі қандай?», «Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларындағы ұлт тағдырына алаңдаушылық қандай тарихи жағдаймен байланысты?». Осындай сұрақтар оқушыны тек жаттауға емес, мәтінді түсінуге, әдеби тұрғыдан ой жүгіртуге, тарихи-мәдени байланыс орнатуға бағыттайды.Сондықтан ҰБТ баланың шынайы қабілетін тексеретін құрал емес.

Тағы бір алаңдататын жайт – грант бөлу мәселесі. 2025 жылы мемлекеттік гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға, 28 пайызы гуманитарлық, 8 пайызы медицина саласына, 4 пайызы шығармашылық бағыттарға бөлінген. Бұл – гранттағы теңгерімсіздіктің айқын көрінісі. Оқушы шығармашылыққа бейім болса да, грант аз болғандықтан, өзіне жат мамандыққа баруға мәжбүр болады.Бұл арманы мен шындығы үйлеспеген түлектің ішкі күйзеліске ұшырауына әкеп соғатын күрделі мәселе.

Сөз соңында айтарым, ҰБТ жүйесі сырт көзге жетілдірілгендей көрінгенімен, түлектің ішкі жан-дүниесіне оң әсер етіп отыр деп кесіп айту қиын. Қазіргі таңда оқушылар тестке емес, өмірге дайындалуы тиіс. ҰБТ – мақсат емес, тек білім әлеміне барар жолдағы бір өткел. Білім – баллмен ғана емес, баланың болмысымен өлшенетін құндылық екенін ұмытпауымыз керек.

                                                                 АЛИЗАХ Ақниет,

                                                                                              Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11- сынып оқушысы.

Жетекшісі: Сагындыкова Салтанат Санекеевна,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

https://www.gov.kz,

Павлодар облысының білім басқармасы