Бухгалтер мамандарын даярлау сапасы – бизнесті дамытудң жаңа сатысы

Музыка, махаббат және бухгалтерлік есеп – мәңгілік!
В.К. Радостовец
Әлемдік цифрландыру деңгейінің қарқынды өсуі, робототехника мен технологияның, сонымен қатар жасанды интеллекттің өмірімізге тереңдей енуі салдарынан соңғы жылдары көптеген жарияланымдарда бухгалтерлерді жақын арада жойылып кететін мамандықтар қатарына қосқаны белгілі. Бірақ, бұның жаңсақ пікір екені бүгінгі күні расталуда. 2026 жыл еліміздің бизнесі үшін түбегейлі өзгерістер кезеңі болмақ. Қолданысқа берілетін Жаңа салық кодексі барлық кәсіпкерлер үшін жаңаша таңдау жасауды талап ететін болады. Көптеген жеке кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген режимнен жалпыға бекітілген режимге өту қажеттілігі туындайды. Ұлттық статистика Бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарына қатысты алғанда еліміздің экономикасына елеулі үлес қосушы жеке кәсіпкерлердің нақты саны 1 705 517 бірлікті құрады. Осы жеке кәсіпкерлердің тең жартысы ғана жалпыға бектіліген режимге көшетін болса, олардың әрқайсысына жеке бухгалтер қызметі көрсетуге тиісті болады. Яғни, бухгалтерлер қызметіне деген сұраныс ұлғаяды. Бұл өз кезегінде осы мамандарды даярлау тікелей жүзеге асырылатын жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесіне жаңа талаптар қояды.
Қазіргі бухгалтер – тек есеп жүргізуші ғана емес, ол деректерді талдайтын, тәуекелдерді бағалайтын және басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысатын кәсіби сарапшы.
Осы үдерістер аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жүзеге асырылатын 6B04105 «Есеп және аудит»
білім беру бағдарламасы еңбек нарығының заманауи сұраныстарына жауап беретін бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. 6B04105 «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша даярлық университетте 1999 жылдан бастау алған және 2004 жылдың 27 сәуірінен бастап арнайы кафедра арқылы жүзеге асырылады, бүгінгі күні Экономика және бизнес Жоғары мектебінің «Қаржы және есеп» кафедрасы тарапынан жүзеге асырылып келе жатыр.
«Есеп және аудит» білім беру бағдарламасының мақсаты – ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізуге, қаржылық есептілікті қалыптастыруға, аудит пен қаржылық талдауды жүзеге асыруға, сондай-ақ цифрлық ортада басқарушылық шешімдер қабылдауға қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлау.
Білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына, Болон процесінің қағидаттарына және Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің талаптарына, Білім беру сапасын қамтамасыз етудің еуропалық стандарттары мен ұсынымдарына (ESG) сәйкес жүзеге асырылады. Оқу жоспары модульдік қағидат негізінде құрылған және студенттердің кәсіби құзыреттерін кезең-кезеңімен қалыптастыруға бағытталған. ҚазҰУ-дың «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасында халықаралық қаржылық есеп стандарттары (IFRS), Қазақстан Республикасының есеп және салық жүйесі, аудит пен ішкі бақылау заманауи цифрлық құралдармен ұштастырыла оқытылады. Яғни, теориялық даярлықпен қатар практикалық даярлыққа ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер 1C, қаржылық деректер аналитикасымен (Excel), автоматтандырылған есеп жүйелерімен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Бұл түлектердің кәсіби бейімделуін жеделдетіп, олардың жұмыс берушілер алдындағы бәсекелік артықшылығын арттырады.
Бухгалтерия саласындағы күнделікті операцияларды толық автоматтандыру, Мемлекеттік жүйелермен Интеграциялануы, Бухгалтерия үшін мамандандырылған ЖИ-шешімдерді дамыту және есептеулер мен есептіліктің дәлдігін арттыру – бухгалтердің басты міндеттері болса, өз кезегінде бұл білім беру бағдарламаларының да негізін қалайды. Жасанды интеллект сенімді көмекші болатынын түсіну маңызды, бірақ ол бухгалтердің кәсіби пікірін алмастырмайды. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін ЖИ мүмкіндіктерін пайдалана отырып, бухгалтер — бақылаушы және стратег ретінде әрекет етеді.
Осылайша, цифрландыру, жасанды интеллект пен жаңа салықтық реттеу жағдайында бухгалтер мамандығы жойылатын емес, керісінше жаңа мазмұнмен толығып, стратегиялық маңызы арта түсетін кәсіби қызметке айналып отыр. Қазіргі бухгалтер – автоматтандырылған жүйелердің операторы ғана емес, деректерді сараптайтын, тәуекелдерді бағалайтын және бизнес шешімдерінің сапасына жауап беретін негізгі тұлға.
Осы талаптарға сай мамандарды даярлау – жоғары оқу орындарының басты міндеті. Бұл тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүзеге асырып отырған 6B04105 «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы заманауи экономиканың сұранысына дәл жауап береді. Бағдарламаның ұзақ жылдық академиялық дәстүрі, халықаралық стандарттарға сәйкестігі, цифрлық технологиялармен ұштастырылған практикалық бағыты түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие болуын қамтамасыз етеді.
Жаңа Салық кодексінің енгізілуі, жеке кәсіпкерлер санының өсуі және бизнестің күрделенуі бухгалтерлік қызметке деген сұранысты одан әрі арттырады. Бұл өз кезегінде бухгалтерлерді даярлау сапасын экономиканың тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналдырады.
Сондықтан да бухгалтер мамандарын даярлау – бұл тек білім беру саласының міндеті емес, елдің кәсіпкерлік әлеуетін күшейтуге, бизнестің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық инвестиция. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі көрсеткендей, сапалы білім, цифрлық құзыреттер мен кәсіби жауапкершілік үйлесім тапқан жағдайда бухгалтерлік есеп – бизнесті дамытудың жаңа сатысына жол ашады.
Музыка мен махаббат секілді, бухгалтерлік есеп те – уақытпен бірге өзгерсе де, маңызын ешқашан жоғалтпайтын мәңгілік құндылық.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Қаржы және есеп» кафедрасы
Исаева А.А., Арыстамбаева А.З., Акимбаева Қ.Т.





