Бурабайдағы қарағай инелерінен аскорбин қышқылын өндіреді
Ақмола облысы, Щучинск қаласының «Білім-Инновация» IT лицей-интернатының тоғызыншы сынып оқушысы Гаухар Аман Бурабай қарағайларының инелерінен аскорбин қышқылын алады. Ол жетекшісімен бірге зерттеу жүргізіп, қарағай инелерінде аскорбин қышқылын анықтап, оны адам ағзасына жетпейтін С витаминін толықтыру үшін пайдалануды ұсынып отыр. Қарағай инелері-бұл қоректік заттар мен дәрумендердің шоғырланған көзі.
—Біз зерттеуді күз және қыс мезгілінде қарағай инелеріндегі аскорбин қышқылының құрамын анықтаудан бастадық. Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы қарағай инелеріндегі С витаминінің маусымдық өзгергерістерін талдадық. Алынған дәруменді оқушылардың денсаулығын нығайту үшін пайдалануға ұсынымдар бердік», — дейді жоба жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Әйгерім Есмақова.
Гаухар Аманның айтуынша, дәрумен құрамы жыл мезгіліне сай өзгеруі мүмкін, сондай-ақ, аскорбин қышқылының мөлшері де түрлі температурада өзгеріске ұшырайды.
—Зерттеу нысаны-Щучье-Бурабай өлкесінің таза аудандарында өсетін қарапайым қарағай инелері. Салыстырмалы түрде олардың құрамындағы аскорбин қышқылын зерттедік. Гипотезаны дәлелдеу үшін күз бен қыс мезгілінде қарағай инелеріндегі аскорбин қышқылын жылы және салқын кезде йодометрия әдісімен анықтадық», — дейді Гаухар.
Зерттеу нәтижелері қарағай инелеріндегі С дәрумені ауа температурасының төмендеуі мен маусымдық өзгергерістерге байланысты екенін дәлелдеді. Қылқанжапырақты өсімдік С дәруменнің баламалы көзі, одан тосап не қайнатпа әзіреп, тұмау мен жұқпалы аурулардың алдын алуға болады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Баспасөз орталығы