Дәстүрді саяхатпен жалғастырып…

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы, Әуезов аудандық бөлімшесі құрамындағы ардақты аналар күні кеше Көлсай демалыс орнына барып,  дем алып қайтты.

Ақ кимешек қиген әжелеріміз зейнеткерміз деп отбасы, ошақ қасынан уақыт тауып, ұлттық құндылықтарымыз – Ана тіліміздің құрметін арттырып,  дәстүрімізді сақтап, бар-білген, түйгендерімен тәжірибе жүзінде бөлісіп жасөспірімдер мен жастарға өнеге ізгіліктерін дарытуда. Аптаның үш күнінде ата салт – дәстүріміздегі сәлемдесуден бастап, бала тәрбиесіндегі келелі тақырыптармен қатар әдет-ғұрпымыздағы сыпайылылық, сыйластық, адамгершілік туралы ойларын ортаға салып, пікірлерін жастарға жеткізумен келеді.

Баршамыздың мақсатымыз, шама-шарқымызша отаншыл, білімді, жасампаз, заманның көшінен қалмай ілгерілеуге ұмтылған ұрпақ тәрбиелеуге күш-жігерімізді жұмылдыру. Жалпыұлттық жоба «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, тақырып төңірегінде пікірлерімізді әлеуметтік және ватсап желісі арқылы таратудамыз. Бағдарлама үштағанының идеологемаларында алты бағыт атап көрсетілсе, соның ұлттық бірегейлік, қоғамға қызмет және экологиялық мәдениет, буллингсіз әлем саласына көп көңіл бөллудеміз. Айтар тақырыбымыз – экологиялық мәдениет туралы әңгіме өрбіту үшін Қазақстан табиғатының  інжу-маржаны «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне арнайы баруды жөн санадық. Жол бойы Талғар, Еңбекшіқазақ және Кеген аудандарына қарасты қаншама елді мекендерді басып өтіп, Көлсайға жеткенше, әр елдің мекеннің табиғаты, тарихы туралы әңгіме өрбіттік.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Үкімет қаулысымен 2007 жылы құрылған. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде еліміз және шетелден мыңдаған туристердің жыл сайын келетін айтулыт демалыс орындарының біріне айналды.  Табиғаттың тілмен айтып жеткізе алмайтын әсемдегіне тамсанбай қарау мүмкін емес. Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірген өсімдіктер мен жануарлар 17 пайызы парк аумағында өмір сүреді. Көлсайдың пайда болуы, ресми деректер бойынша 1887 мен 1911 жылдар деп айтылады.

Табиғатпен сырласа отырып, еліміздің көркем табиғаты туралы білген мәліметтерімізді ортаға салдық. Көлсайға саяхатымыз әрі демалыс, әрі келелі тақырыбымыз табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті арттыруға байланысты тақырыпты кеңінен талқылауға негіз болды.

Әжелердің демалысын бөлімше төрағасы Маржангул Құдайбергенова ұйымдастырды.

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі қоғам қайраткері, продюсер  Жүгінісова Айнұр Серікқызының  жеке авторлық жобасы.

Орайы келгенде  айта кетейін, бірлестіктің әр облыс, қала мен ауданда бөлімшелері құрылған. Алматы қаласы мен Алматы облысы бөлімшесіне филолог, «Алтын алқа» иегері  Дәулет Ләйле Ноғайқызы жетекшілік етеді.

КУБЕЕВА  Айсара  Қамбарбекқызы,

«Қазақ аналары — дәстүрге жол» РҚБ

Түрксіб аудандық бөлімшесінің аға кеңесшісі