Дала данышпаны

Ақтөбе өңірі — ежелгі жырау, жыршылар мекені. Әріде Асан қайғы, беріде атағы дүйім елге мәлім болған Нұрпейіс Байғанин, Наурызбек, Әбубәкір Кердері сынды жыраулардың шығармашылығы соған дәлел. Осы жыршылық өнерді қайта жаңғырту мақсатында 2021 жылы Ақтөбеде облыстық халық шығармашылығы орталығының жанынан «Ер Едіге» жыр мектебі ашылған еді. Осы мектептің жетекшісі әрі ұстазы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Жыл адамы-2023» атағының иегері Әділбек Мұхидуллаұлы Сарин жастарды жыршылық өнерге баулып келеді. Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында сенбі сайын «Жыр сағатын» өткізу дәстүрге айналды.
«Ер Едіге» жыр мектебі жыршыларының мыңжылдығын болжаған әулие, би дала философы, жырау Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына арналған «Дала данышпаны — Мөңке би» деген атаумен жыр сағатын сайыс түрінде өткізді. Сайыс: жыр, терме, дәстүрлі ән, күй, поэзия бағыттары бойынша бес айналымнан құралды. Жыр мектебінің оқушылары үш топқа бөлініп, өнер көрсетті. «Қобыланды» тобы жетекшісі – Ақжарқын Еркінбаева, «Қазанғап» тобы жетекшісі – Темірхан Жетесов, «Әбубәкір Кердері» тобы жетекшісі – Әмина Қанатқызы. Бұл сайысқа айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Марат Ахметов, жыршы, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжі директорының орынбасары Елемесов Жеңіс, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің дәстүрлі ән ұстазы Нұрпейіс Әбілхасан төрелік етіп, балалардың өнерін бағалады.
Мөңке би бабамыз туралы аңыз-әңгiмелер, өлең-толғаулар қазақ даласында кеңiнен таралған. Ол туралы академик Ахмет Жұбанов еңбектерiнде көрсетiледi. Ол: «Мөңке – өз заманының аса тапқыр, ердiң құнын екi ауыз сөзбен шешкен адам» деп тұжырым жасаған еді.
Бес айналым бойынша бақ сынаған топтарға әділқазы алқалары осындай сайыстардың оларды шыңдай түсетінін және болашақта үлкен жетістіктерге жетуге жол ашатынын атап өтті. Бұл дода қатысушылардың білімін ғана емес, өз-өзіне деген сенімін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етті. Жыр алаңы — білім мен білікті, тапқырлық пен ұйымшылдықты қатар талап ететін маңызды алаң екенін, ел болашағы үшін жан-жақты, білімді жастарды тәрбиелеуге үлес қосатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сайыс соңында барлық қатысушылар үлкен әсермен, жаңа тәжірибе және тың серпінмен тарқасты.
Лаура ЕРІКҚЫЗЫ,
Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері.
Ақтөбе қаласы.