Дарынды жастардың пікірсайыс алаңы — дебат

«Oidariya» дебат клубы   Қонаев қаласында бірегей клуб ретінде үздіксіз

жұмыс істеп келе жатыр. Клубтың бір үйдің балаларындай болған ұшқыр ойлы, дарынды  жастардың басын біріктірген орта.  Бүгінде Ойдариялықтар Республикалық турнирлерге қатысып, бақ сынап, көптеген жүлделі орындарға ие  болып, танылып жүр. Жетістіктері:TEO CUP VIII-3 орын, DULDUL CUP MIX-3орын. Ұшқыр ой алаңы-облыстық турнир-2-орын, Астанаға жолдама, Үздік талпыныс номинациясы, JAS REPUBLIC CUP-қалалық турнирында 1 және 3 орын, үздік спикер атанды. Клуб жайлы толығырақ білу үшін клубтың мүшесі, кординатор

Қожағұл Аружанмен сұхбаттасқан едім.

—«Ойдария» дебат клубының жетістіктерін біліп, қуанып отырмыз. Клубтың қалай құрылды?

—Клуб ең алғашында облыстық деңгейдегі турнирге қатысу үшін мүшелерін жинай бастаған. Клуб жетекшісі Сая Қиянбекқызы-әл-Фараби атындағы КазҰУ «Алтын сапа» дебат клубының түлегі, дебат сүйер жастарды пікір сайысқа баулу үшін осы клубты ашты. Клуб 2022  жылы  құрылды, ең  алғашқыда жұмысымызды  5-6 баламен бастасақ, қазір 40-қа жуық мүшесі бар. Жалпы, «Ойдария» деген ат мектебіміздегі мұғалімдер бірлестігінен шыққан идея болатын. «Ой — ақыл, дария» — көлдің аты. Яғни дариядай мол ақыл, сарқылмас идея деген мағынаны береді.

—Клубтың негізгі мақсаты қандай?

—Клубтың мақсаты: Өскелең ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, оларды Отансүйгіштік  қасиетке баулу, кез келген ортада ойын ашық айта алатын, пікірін жеткізе білетін жастарды қалыптастыру. Пікірсайыс арқылы адами қабілеттерін  дамыту, ой еркіндігіне жол ашу.

—Клубқа жаңа мүшелерді қалай қабылдайсыздар? Мүшелікке қабылдаудың қандай  шарттары маңызды?

—Клубқа жаңа мүшелерді қабылдауда белгілі бір критерий жоқ, біздің хабарландыруларымыздан құлағдар болған жастар клубқа мүше болуға ниетті екенін білдірді. Талапты жастарды жинап, жұмысымызды бастадық. Біздегі жастар жауапкерлішікті сезініп, дебатқа қатысуға қызығушылық танытып келеді.

—Жас буындарды ортақ ой алаңына біріктіру  мен оларды дебатқа араласуына қандай мүмкіндіктер беріледі?

—Жас буындарды тәрбиелеуде біз оларды тренинтерге қатыстырамыз. Тәжірибе сағаттарына шақырамыз. Мысалы, оларға ойын форматын түсіндіреміз. Әңгімелесу өткіземіз. Тапсырмаларды орындаудағы табандылығы мен шыдамдылығын ескереміз.   Нәтижеге жету үшін олар клуб жұмысына белсенді түрде қатысып, алдыңғы жастардың тәжірибесінен үйренуі қажет. Пікірсайыстарға қатысып, ойларымен бөлісіп отыруы тиіс.

Дебат сіздің жеке дамуыңызға қалай әсер етті?

—Дебат менің жеке дамуыма өте үлкен әсер етті. Мен ана тілімізде сөйлеп, тіл байлығымның молдығына қарамастан  қоғам алдында сөйлеуге, пікір білдіруде қорқыныш болатын, соңы жеңуге көмектесті. Сыни ойлау-өте маңызды  деп есептеймін. Әр ситуацияда сын тұрғысынан ойлап, мәселенің шешуін таба білуді маған  үйретті.

—Сіздің ойыңызша, дебатқа қатысқан оқушылар қандай негізгі дағдыларды меңгереді?

—Оқушылардың меңгеретін негізгі дағдысы ол адамдармен достық қарым-қатынас, тез тіл табыысып кету,  сыни ойлау, өзгені тыңдай білу дағдысы, өз ойын еркін жеткізу деп ойлаймын.

—Қайырымдылық  жәрмеңкелерін ұйымдастырып тұрады екенсіздер. Сол жайлы толығырақ айтып беріңізші. Мұндай  шаралардың мақсаты қандай ?

—Қайырымдылық  — игі істердің бірі.   Мектебімізде 4,5,6,7 сыныптар күз мезгілінде жыл сайын жәрмеңке өткізеді. Сол уақытта дебат әлемінде де қайырымдылық  турнирлері өтеді, өзіміздің кішігірім қайырымдылық жәрмеңкесін өткізуге үлес қосып, қоғамға  жақсылық  жасауға арнағымыз келеді. Ең бастысы біз тек дебат клуб ретінде  пікірсайыспен  айналысып қана қоймай, мұқтаж жандарға көмектестік. Әр ойдариялықтардың жәрмеңкеге қосқан үлесі зор.

—«Ойдария» дебат клубының алдағы жоспарлары қандай?

—«Ойдарияның» алға қойған жоспарлары өте көп. Мысалы, дәстүрлі «DARIYA cup» турнирін көктем мезгілінде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Және де көптеген қатысушылардың  дамуы үшін ұйымдастырылатын іс-шараларда бар.

—Сіз үшін осы клубтың ең үлкен маңызы неде?

—Мен үшін бұл клубтың ең үлкен маңызы тек пікірталаста емес, дебат

клубымыз — бір отбасы. Шыныменде, даму үшін орта маңызды, ал бұл орта өте жанашыр жастардан құралған менің ең сүйікті ортам. Отбасы ретінде бір —  бірмізге көмектесуге, қиын сәтте жанымыздан табылуға дайын жандардың ортасы деп білемін. Клубта ең маңыздысы – шынайы, риясыз бұл қарым -қатынас деп ойлаймын.

—Сұхбат бергеніңізге алғысым шексіз! Клуб мүшелеріне сәттілік!

Айзат БАҚБЕРГЕН,

«Ұ.Бағаев атындағы» орта мектептің 11 сынып оқушысы

Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылы