Әдебиет – ұлттың үнсіз мұғалімі

Қазақ әдебиеті дегеніміз – ата-бабамыздың көз жасын, жүрек сөзін, өмір үмітін арқалаған рухани мұра. Бұл – ғасырлар бойы жыраудың үнімен жеткен шындық, ақынның жүрегімен өрілген шежіре, жазушының жанымен бейнеленген тағдырлар легі. Әдебиет тек оқиға мен кейіпкер ғана емес, ол – адамның ішкі әлемін, қоғамның бет-бейнесін, ұлттың жаны мен мінезін танытатын көркем өрнек. Қазақтың бір ауыз сөзі қаншама шындықты астарлап жеткізгенін көргенде, бұл халықтың сөзге деген шынайы құрметін түсінесің. Халықтық дүниетаным, салт-дәстүр, рухани тазалық, ұят, ар, намыс, мейірім секілді қасиеттер көркем әдебиет арқылы ұрпаққа беріліп отырды.
Әдебиеттің әр беті жүрекке салынған ізі бар ой, оқыған сайын тереңдей түсетін тұңғиық. Ал әр шығармасы адам болмысын оятатын үнсіз тәрбие. Әдебиетті оқыған бала өзгенің емес, ең алдымен өзінің кім екенін ұғына бастайды. Өйткені қазақ әдебиеті оқырманға ақыл айтпайды, ол тек көрсетеді, ұқтырады, сезіндіреді. Міне сезіне білген адам үндемей өзгереді. Әдебиетті оқу – шын мәнінде, өз тегіңді, өз тіліңді, өз ұлтыңды қайта тану.
Көркем туындылар арқылы ата-бабаның арманы мен зары, ананың мейірімі мен баланың үміті, ердің ерлігі мен елдің елдігі жайлы таным қалыптасты. Абай шығармаларынан жанның тазалығы мен ойдың тереңдігін, адам болудың биік үлгісін таныдық. Әр шумақтан ғасырлар бойы адаспай жеткен рухани өсиет сезіледі. Шәкәрімнің пайымдары ардың алдында адал болуға, жалған ғұмырға алданып қалмауға үндейді.
Бауыржан Момышұлының нақылдарынан тек батырлық емес, қайсарлық пен сабыр, тәртіп пен тәубе жайлы мол мағлұмат алдық. Әдебиет нағыз ер қарумен емес, ұятпен қорғанатынын, ал шын батыр кекпен емес, кешіріммен биік болатынын ұғындырды. Жазушы Бердібек Соқпақбаев сомдаған Қожа бейнесі – балалықтың ғана емес, шынайы болуға ұмтылған әр жанның ішкі арпалысы. Оның күлкілі әрекеттерінің астарында қоғамға, ата-анаға, мұғалімге, ең бастысы – ар-ожданына деген іңкәрлік жатыр.
Дулат Исабеков пен Сайын Мұратбеков сынды қаламгерлер оқырманды мейірімге тәрбиелеп, адамгершілік пен адалдықтың жібін үзіп алмауға шақырды. Қазақ әдебиетінің табиғаты – тек ұлттың болмысын ғана емес, күллі адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген дара қазына. Кейіпкерлер арқылы отанды сүюдің, елді құрметтеудің, тілге деген махаббаттың не екенін жан-тәнімізбен сезіндік.
«Ұлт бол!» деп ұрандатқан жоқ, бірақ ұлтсыз жүректің бос екенін түсіндірді. Көркем шығарма арқылы шындық пен жалғанның ара жігін ажырата білетін азамат қалыптасады. Сөз өнері – жандүниені тәрбиелейтін ең жұмсақ әрі ең қатал ұстаз. Жүрекпен оқыған адам жалғанды кешірмейді, ақиқатқа бейіл болады. Осындай рухани байлықты бойына сіңірген бала қай заманда да елінің иесі, жұртының тірегі болып өседі.
Сондықтан мен өз қатарласыма, достарыма, бүгінгі қазақ жастарына үн қатқым келеді. Қазақ әдебиетін оқыңыздар! Сөздің нәрін, кейіпкердің жанын, шығарманың жүрегін сезіне отырып қабылдаңыздар. Қожаға күлгенмен, оның ұялған сәтінен өзімізді көрейік. Абайдың бір ғана қара сөзін жаттап емес, тереңіне бойлай отырып түсінейік. Бауыржанның әрбір ойлы тұжырымынан намыстың иісін сезейік. Кітаптағы кейіпкерлер – жай қиял жемісі емес. Олар бізден бұрын өмір сүрген, бізден бұрын адасқан, бірақ бізге жол сілтеген жарық жұлдыздар.
Әдебиет бүгінгі ішкі сұрақтарымызға жауап беретін үнсіз кеңесші. Көркем туындымен тәрбиеленген ұрпақ ешқашан бос еліктемейді, жалғанға ермейді. Жүрегімен сезінген адам ғана шын мәнінде қазақтың баласы бола алады. Біз рухты елдің ұрпағымыз десек, әдебеиетті оқудан жалықпаңыздар. Керісінше ақындардың қара сөзі мен өлеңдерін жаттап,
жазушылардың шығармасының мәнін терең түсініп, бойларыңызға дамыта беріңіз! Бұл – ұлттық болмыстың сақталу жолы!
Аружан МӘУЛІТ,
Алматы қаласы, Әуезов ауданы,
«№13-мектеп-гимназиясының» 11-сынып оқушысы





