Димаш Құдайберген Маңғыстаудың туристік әлеуетін насихаттауға үлес қоспақ
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге жұмыс сапарымен келген Халық әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, облыстың туризм әлеуті жайында әңгімелесті.
Кездесу барысында облыс әкімі мемлекет басшысының тапсырмасымен туризм саласында қолға алынып жатқан жобалар туралы айтып, әншіні 2025 жылы Ақтау қаласында өтетін Түркі әлеміне ортақ мерейлі шараға қатысуға шақырды.
—Димаш қасиетті Маңғыстау жерінде сені көргенімізге өте қуаныштымыз. Сенің бұл сапарың – облысымыздағы туризмді дамытуға зор серпін береді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстаудың туризм саласындағы әлеуетінің жоғары екенін айтып, дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде біз бұл салаға тың серпін беру үшін инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, туристер үшін қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Баку және Дубай қалаларының үлгісімен Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарау мәселесін қолға алдық. Туристерді тарту мақсатында «Жылы жағажай» аумағында бірқатар ірі жобалар жасалып жатыр. Бұйырса Ақтауды ірі курорттық орталыққа айналдыру жоспарымыз бар,- деді Нұрдаулет Қилыбай. Еліміздің өнерін әлемге танытқан ұлт мақтанышы, талантты әнші Димаш Құдайберген Kazakh Tourism- нің амбассадоры ретінде Маңғыстаудың тарихи — мәдени жерлерін аралап шықты. Киелі өңірдің руханияты, мәдениеті мен туризмін көрсететін деңгейі бөлек туынды әзірлеуді жоспарлауда. Маңғыстау облысына алғаш рет келген әнші өңірдің тұмса табиғатынан ерекше әсер алғанын және мұндағы туристік нысандарды насихаттауға үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
—Бозжыраға жақындай бергеннен бастап, керемет әсерге бөлендік. Ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Туризм саласын дамыту бағытында алған істеріңізге сәттілік тілеймін. Демалыс орындарын дайындау, ішкі, сыртқы туристерді тарту оңай жұмыс емес. Бізде ел мүддесі үшін, мәдениетімізді дамыту бағытында жұмыс істесек одан басқа арман жоқ. Осы елдің баласы болғандықтан барынша қолдауға дайынбыз,- деді Димаш Құдайберген.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі,
Бозжира, © Валерий Исаев,
Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы сайтынан