Екі алыптың мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді

Ернұр ІЗІМ

        Әйгілі опера әншісі Ермек Серкебаев пен көрнекті кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін атаулы күндер тізбесіне енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мәлім етті. Оның айтуынша, бұл шешім – қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың халықаралық деңгейде мойындалуының айқын дәлелі әрі еліміздің мәдени дипломатиясы үшін маңызды жетістік болып отыр.

ЮНЕСКО-ның Атаулы күндер күнтізбесі – мемлекеттер ұсынған әрі халықаралық деңгейде аталып өтетін мәдени, ғылыми, гуманитарлық және тарихи маңызды күндерді біріктіретін ресми тізім. Бұл тізімге енгізілген мерейтойлар әлемдік деңгейде конференциялар, көрмелер, ғылыми форумдар, мәдени шаралар арқылы насихатталады. Ермек Серкебаев пен Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойларын 2026–2027 жылдары ЮНЕСКО аясында атап өту туралы шешім ЮНЕСКО Бас конференциясының Самарқанд қаласында өткен 43-ші сессиясында қабылданды. Бұл – ұлттық өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларға көрсетілген халықаралық құрметтің жарқын көрінісі.

       Ермек Бекмұханбетұлы Серкебаев – қазақ опера өнерінің алтын қорын жасаған, «Қазақтың бұлбұлы» атанған дауысы әлем сахналарында талай рет жаңғырық тапқан дара тұлға. Оның шығармашылығы орындаушылық мәдениетті жаңа деңгейге көтеріп, қазақ операсының халықаралық аренада танылуына жол ашты. Ал Абдолла Қарсақбаев – қазақ киносының классигі, қазақ балалар киносының негізін қалаушылардың бірі. «Менің атым Қожа» фильмінің режиссері ретінде әлемге танылған Қарсақбаевтың туындылары шынайылығы, адамгершілік құндылықтарды насихаттауы және балалар психологиясын дәл бейнелеуімен ерекшеленеді. Оның жұмыстары халықаралық фестивальдерде бірнеше мәрте жүлде алып, қазақ киноөнерінің дамуына зор серпін берді. Бұл екі тұлғаның мерейтойларын ЮНЕСКО аясында атап өту – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңірдің мәдени құндылықтарын танытатын маңызды тарихи оқиға.

ЮНЕСКО Хатшылығының дерегінше, 1956 жылдан бері 1 234 атаулы күн халықаралық деңгейде мерекеленген. Соның 31-і Қазақстанның ұсынысы бойынша жүзеге асқан. Бұл біздің елдің мәдени мұрасының халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланатынын көрсетеді. Осы уақытқа дейін халықаралық ұйымның қолдаған бастамаларының қатарында Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы, Шымкент қаласының 2200 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың, Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерейтойлары бар. 

Қазақ операсы мен киносының алтын дауысын, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың мерейтойларының ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі – еліміздің мәдени мұрасын әлемге танытудың маңызды қадамы. Бұл шешім олардың шығармашылығына көрсетілген халықаралық құрмет қана емес, келешек ұрпаққа рухани байлығымыздың құндылығын ұғындырудың да бір жолы. ЮНЕСКО алаңында қазақ мәдениетінің осындай жауһарларын дәріптеу – ұлттық өнердің әлемдік мәдени кеңістікте лайықты орын алуына қосылған үлкен үлес. Алдағы мерейтойлық іс-шаралар Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайтып, халықаралық қауымдастықта қазақ өнері туралы тереңірек түсінік қалыптастыруға ықпал етпек.

https://e-history.kz/