Елім деген ер еді

Мамытбек ҚАЛДЫБАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бауыржантанушы.
Алматының жанға жайлы жұмсақ түні. Аспан ашық. Сансыз жұлдыз жымың қағып, оңтүстік батыстан жылы жел еседі. Айнала төңіректен көктем иісі аңқиды. Жуандығы білектей темір бағаналардың басынан ақ сәуле төккен шамдар аллея бойын күндізгідей жарық етіп тұр.
Біз қолтықтасқан күйі әңгімелесіп келеміз. Серігім биік бойлы, еңгезердей алып денелі Әбеу Исаев деген кісі. Басында көк мауыты шляпа, сұр плащын иығына асып алған.
Ол Талдықорған облысы, Сарқанд ауданына қарасты «Киров» колхозында зоотехник болып істейді. Жасы алпыстан асқан. Жеті баланың әкесі.
Ұлы Отан соғысы кезінде екі рет Қызыл жұлдыз орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған. Соғыстан ауылына аман оралған ол той-томалақ күндері екі білегін сыбанып, күреске түседі екен. Кешегі күнге дейін ауылдары арасында жауырыны жерге тимеген палуан атаныпты. Ән-күйге де ынтызар жан көрінді.
Екеуіміз бұдан үш сағат бұрын Алматының балалар мен жасөспірімдер театырында кездейсоқ танысқан едік. Соған қарамастан бұрыннан бір-бірімізді бұрыннан білетін жандай тез шүйіркелесіп кеттік.
—Жаңа біз көрген «Қазақ солдаты» спектаклі кешегі сұрапыл соғыс жылдарын көз алдыма қайта әкелгендей болды, — деді Әбеу аға толғана сөйлеп.—Жалпы Ұлы Отан соғысы жылдары совет жауынгерлері ерліктің сан алуан үлгісін жасады ғой. Несін айтасың, менің бір аяулы досым болған еді, қан майданнан қайтпай қалды. Кейде есіме алып күрсінемін, кейде оңаша өлеңдерін жатқа айтып, жылағым келеді. Әйтеуір, кеудемде сыртқа шыға алмай жүрген өксік бар.
—Ол кім? Айтыңызшы?, — деп өтіндім мен.
Әбеу аға әңгімесін бастады.
—1941-1945 жылғы соғысқа Отан қорғаушылардың бірі болып мен де қатынастым. Декабрь айынан бастап Алматыда құрылған №33 атқыштар дивизиясы құрамында әскери дайындықтан өттік. Жаумен тұңғыш рет 1942 жылдың май айында Харьков түбінде кездестік. Мен барлаушылар тобында қызмет еттім. Сан рет жау шебіне барып құпия мәліметтер мен «тіл» әкелген кездерім болды. Әйтсе де, өзім жайлы емес, аяулы ақын досым туралы әңгімелейін. Ол соғысқа дейін Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданының Қарашыған балық заводында жұмыс істеді. Аты-жөні Ғали Ыбынов. 1922 жылы Андреевка ауданында туған. Әкесі ерте қайтыс болып, кәрі шешесі мен қарындасын асырап, бағамын деп төрт класты бітірген соң қол жұмысына ерте араласқан. Мен ол кезде Қапалдың педагогика училищесінде оқитынмын. Демалысқа келген сайын Ғалимен сырласып, сыйласым жүрдім. Ол менен екі жас үлкен еді. Ақыры біз Ұлы Отан соғысына бірге аттандық.
Майданға бет алған жолда Ғали маған бір құпия сыр айтты. Ол өзінше өлең жазады екен. Бірақ жарыққа шығаруға немесе біреуге көрсетуге батылы жетпей, жыртып тастай беретін көрінеді. Оның мұнысына мен келіспедім. Поездағы басқа қазақ азаматтарына мұны сездеріп едім, олар да ренжішін білдірді.
Менің ерекше таң қалғаным, аз оқығанына қарамастан Ғали білгіш, зерек екен, жер жүзіндегі мемлекеттердің орталық қаласын, халқын, тау, өзен, теңіздерін, өткен ақын-серілерінің өмірбаяндарын жақсы біледі.
…Таң атқан кез. Поезд «Қазақстан» деген жазуы бар станцияға келіп тоқтады.
—Ал Ғали, мынау шекара болу керек. Енді Қаазақстан кейін де қалмақ. Сен осы туралы бірдеме жаз. Бәріміз көшіріп алайық, — дедік. Қағаз, кітап қиындысынан жасаған блокнотымызды, қаламымызды қолға алып, отыра қалдық.
Ғали аққұба өңді, шымыр денелі, ойлы көзді, жауырыны сәл еңкіштеу тартқан жігіт еді. Есінеп, керіліп алды да, жай кітап оқыған адамдай өлеңді естіртіп айтып, жаза бастады. Үнсіз біз де ілестік.
Қош енді қазақ аулы, қалаларым,
Көз жетпес ұлан байтақ далаларым.
Майданға Отан қорғау аттандырған,
Ақ шашты, асыл ойлы аналарым.
*Қорғаймыз, босатамыз Совет елін,
Ант оқып, ел алдында бердік сенім.
Көтеріп жеңіс туын салтанатпен,
Күмәнсіз басуымыз неміс жерін.
*Таң атса, Күн келеді қалмай еріп,
Түбінде болар жеңіс бізге серік.
Байсың ғой, ерге, кенге туған жерім,
Жазуға уақыт жоқ бәрін теріп.
*Бүгінде қызыл вагон баспанамыз,
Көрмеген бұрын соғыс жас баламыз.
Саламыз Отан үшін сан айқасты,
Қалайша, біздер бұғып, жасқанамыз.
*Күт бізді жеңіспенен Қазақстан,
Жәрдем ет қорғасын оқ, жез бен мыстан.
Қош болғай көріскенше, ендім отқа,
Кеудемді қалқан етіп ашу қысқан, — деп тоқтап:
—Қалай, ырзасыңдар ма? – деді. Біздер көшіріп алғанымызды қайталап оқып, даурыға мақтай жөнелдік.
Кантемировка деген станцияда аздаған тыныс алдық. Ғали екеуіміз бір кезекте бейтаныс солдаттармен сөйлесіп тұрған едік, кенеттен пайда болған жау самолеттері бомбылай бастады. Екеуіміз бір шұңқырға бас сауғаладық. Самолеттер кеткен соң, темір жолдың талқаны шығып, топыраққа көміліп қалыпты. Өлген, жаралы болғандар да көп.
Бірде ұлып, бірде үріп келеді,
Ту желкеңнен албастыдай төнеді.
Әне тастап топ – тобымен бомбаны,
Келген жаққа қайта зытып жөнеді.
*Көрдік көзбен ажал оғын төккенін,
Дүниеден талай жанның өткенін.
Сайрап жатқан темір жолды қопарып,
Станцияны астан-кестен еткенін.
*Бұл жауыздық өшпес мәңгі санадан,
Ұмытпаймын, мен де жанға жан салам.
Кек, ызамен белін буған мен ұлан,
Отанымды өз анама балағам!..
Ғали аз уақыт ішінде болған жоғарыдағы оқиғаны осылай суреттеп еді.
Майданға алғаш енген күн әлі күні есімде. Харьковтың маңы, біздің бөлімше қалың ағаш арасындағы ашық жермен жүріп келеді. Сөйтсек, қарсы алдымызда жаудың әскері өздері қазған орда жасырынып тұрыпты. Біздер оны білмей, үстеріне қапыда барып қалғандай болдық. Жау бірден оқ боратып, көп шығынға ұшыратты. Оған қарамай командиріміз «уралап», бізді атаға бастады. Алға жүгірген бойда жақын тұрған жаудың окоптарына қойдық та кеттік. Немістің көбі қырылып, аз тобы қашып құтылды.
Терең орға бекініп, кейбір аман қалған командирлер картасын алып, жағдаймен таныса бастағанда жау танкілерін жіберді. Соңынан қаптаған қалың қол бізге қарсы жүрді. Сол екі арада оғымыз таусылып, кейін шегінуге мәжбүр болдық. Біраз бөлімдеріміз ағаш арасына сіңіп кетті де, көп танкісінің төртеуін өртеп жіберді. Оларды біз алыстан ғана көріп тұрдық.
Қайталап жау да түсті соңымызға,
Атысар оғымыз жоқ қолымызда.
Төрт танкі қуып жетіп, келе айқасты,
Көршілес қанаттағы тобымызға.
*Түтіні төрт танкінің төбемізде,
Тұр өкініп, түстік деп неге бізге.
Таңырқап жау кеткен соң ортаға алдық,
Дуылдап ашу – ыза денемізде.
Аяққы шумақтары көп еді, ұмытып қалыппын… кешке қарай жау өз шебіне шегінді де, біз өртенген танкі шебіне бекіндік.
Біраз тыншыды. Ертеңгі шабуылға дайындалып жатса керек. Бірақ көп кешікпей қайта бас көтерді. Алғаш біз күндіз соғушы едік, бертін келе түнге ауыстық. Бұл көбіне пайдамызға шешіліп жүрді.
Кешкі тамақ кезінде маза бермей атқылаған немістің қол пулеметін жоюға командир Ғалиды жұмсады.
—Қасыңа серікті өзің таңда, — деді. Ол алматылық Бутерлахинді ертті. Бутерлахин сол кезде қырықтың ішіндегі алып денелі кісі еді. Олардың екі жағынан қорғаушы болып, үш-үштен алты адам ілестік. Мен оң жақта жүрдім.
Ғалилар алға озып кетті де, біз мөлшерлі жерге жетіп алыстан байқап жаттық. Еңбектеп жеткен Ғали әрі-бері теңселіп жүрген немісті сәтін тауып, дәл қарақұстан ұрып, құлатты, ал Бутерлахин пулеметтің тұтқасындағы фашисті еш дыбыс шығармай өлтірді. Олар жексұрын жаудың плащтарын, документтерін, темекі тұтатқыш оттықтарын алып, кері оралды.
Ғали көпке дейін әндетумен болды. Оның ауанынан «біз жеңеміз» деген сөздер шығатын. Жалпы ол ең қиын, қауіпті жерлерге барамын деп елден бұрын сұранып тұрушы еді.
—Фашистер түнде қорқақ, -дейтін ол. —Қорықпаса, таң атқанша беталды мылтық атып шыға ма?
…Қоңыр кеш. Алдыңғы шепті бұзған жау танкілерінң бесеуі тура бізге қарай бет алды.
—Танкіні жоюға дайындалыңдар! – деген комбаттың бұйрығы естілісімен Ғали қасына алматылық Белозубовты ертіп, гранаталарды матастырып тізіп, бес танкіге қарай еңбектей алға жылжыды. Оның жүрек жұтқан батырлығын сонда көрдім. Маңайында жан сауғалайтын таса жоқ.
Ғали алдыңғы танкіге гранат лақтырып, шынжырын үзіп тоқтатты. Қалған төртеуі қорықса керек, кілт бұрылып кері қайта бастады. Осыны пайдаланып, соңындағы жаяу әскерін қаусата аттық.
Өз шебімізге оралып, тамақтанған соң Ғалиға «Бес танкімен шайқас» деген өлең жазшы дедік. Ол жалма-жан мына шумақтарды айтты. Біз қойын дәптерімізге көшіріп алдық.
Бес танкіден көз алмай,
Жолын тосып жатырмын.
Деп ойлаймын ішімнен,
«Мен не деген батырмын».
*Жібердім соғып табаннан,
Көш бастаған танкісін.
Жылжымастан тоқтады,
Үстем болып ақ ісім.
*Кері қашты төрт танкі,
Шошып кеткен сияқты.
Алдыңғысы сілейді,
Үзіп алып тұяқты.
*Боратып оқ жаудырдым,
Шегінген сұм жауыма.
Кеудені шаттық кернеді,
Шыққандай Тянь -Шань тауына.
Алматыда әскер дайындығынан өтіп жүргенімізде біздің асханамызға бір құла ат пайда болды. Ол Талдықорған облысындағы бір кісінің жекеменшік аты екен. Сол құбақан майдандағы бөлімшемізге оқ-дәрі тасыды. Арбакеш орта бойлы, түсі қоңырлау орыс шалы еді. Оған кездескен сайын:
—Бұл біздің жекеменшік атымыз. Жүдетпе. Соғыс біткен соң, ауылымызға алып кетеміз деп жүрдік. Шал шынымен сенуші еді.
Бір күні Ғалиға: «Мықты болсаң құбақан ат туралы өлең шығаршы», — дедік ерегестіріп. Ол ойланбастан мына жолдарды қағазға түсірді.
Құбылған қыр құрындай құбақаным,
Жерлес ек баласындай бір атаның.
Өлшемей, оқ-дәріні тездеп жеткіз,
Басына хауіп төніп тұр Отанның.
*Құбақан, аша қара қабағыңды,
Сылтисың, тас тілген бе табаныңды.
Денеңе дақ түспеген жануарым,
Ұлғайтып алыпсың ғой жалағыңды.
*Тұрғаны — ай дене сыймай терісіне,
Қуаншы батырлардың әр ісіне.
Сұм соғыс болмағанда, Құбақаным,
Қазақтың лайық едің серісіне.
*Сайысқа, Құбақаным, әлі-ақ салам,
Бос емес, сен сау болсаң, бәйге де алам.
Денеңде көзге түсер бір мінің жоқ,
Не деген асыл еді тапқан анаң.
*Әзірше оқ-дәріден тарықтырма,
Жауыздар еніп кетті ой мен қырға.
Осы бір сұрапылдан аман қаслақ,
Өзіңді қосам мәңгі ән мен жырға, —
деп түскі тамаққа отырдық. Бұл кезде аттар ағаш арасында тұрған. Кенет атыс басталды. Ғали тез тамақтанып болысымен минометке сөз берді. Құбақан ат пен шал қаза тапты.
Құбақан, шының ба, әлде ойының ба?
Қызарып қан ізі тұр мойыныңда.
Майдандас бір тілекті ақ шашты атаң,
Паналап жатыр кіріп қойыныңа.
*Құбақан ашық жатыр көзің жайнап,
Есімнен шықпассың сен жылдап, айлап.
Жүрегім аласұрып тағат таппай,
Тұрады жауды көрсем қаным қайнап.
*Құбақан, көз алдымда құлағаның,
Орныңнан, бір жұлқынып тұра алмадың.
Жерлесім, мақсаты бір жануарым,
Бейнеңе қарап мен де жылап алдым.
(Жалғасы бар).
Сурет: https://abaidan.kz/