Елім деген ер еді

Мамытбек ҚАЛДЫБАЕВ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бауыржантанушы.
(Соңы. Басы сайтта 18.08.2025, күні жарияланды).
Біз ертесіне жеңіске жеттік. Көше бойында қорғанып, жаудың әскерін қатты шығынға ұшыраттық. Ғали өте риза көңілмен сөмкесіндегі екі диска оқтарын пайдаға жұмсағанын айтып, көпке дейін қуанып жүрді. Оның әркез артық оқ алып жүретіні әдетке айналып кеткен еді. Сол күнгі жеңіс қуанышын былай деп жырлады.
Ұрыңдар жауыздарды маңдайынан,
Құс етін әрі өткізбей таңдайынан.
Садаға самолеті, танкісі де,
Бір тұрып, «ура» деген айқайынан.
Мәңгіге Отаныммен бір көңілім,
Жолында сол Отанның жас өмірім.
Жеңістен үміт үзіп, жан сауғала,
Біз бөтен, жараспайды «еркелігің».
*Шалынған көз алдымда құрбандарым,
Ойымда обалсынбай ұрғандарым.
Үйірге енді қайта қосылмайсың,
Шығысқа бетті қайта бұрғандарың.
Біз жеңіп алған қыстақты немістер екі-үш күн өтпей қайта олжалады. Ғалиға қасақана: «сенің бөскенің жақпады ма, қалай?» десек:
—Көресіңдер, фашистердің әлі тас-талқаны шығады. Сендермен сол кезде сөйлесемін, — дейтін ол қаһарға мініп.
—Осы туралы бірдеме жазайық, — деген маған:
—Жазсаң, жаза бермейсің бе, саған кім қой деп тұр, — деді күлімсіреп. Ол жымиғанда көзі қоса күлген сияқты көрінуші еді.
Белокольц деген жерде кешке қарай қоршауда қалып, таңға жақын әзер бұзып шықтық. Кешке келе жатып:
—Жалыны басылмай тұр жанған оттың,
Кете ме бірі тиіп қалың оқтың.
Аяқтың бірі жерде, бірі көкте,
Біз жүрміз ортасында қалың оқтың, —
деген бір ауыз өлең айтты.
Мен Ғалиды сөйлеткенді жақсы көруші едім. Бірде:
—Сен мені қалай көресің? Ескерткіш ретінде маған арнап бір-екі ауыз өлең шығаршы. Бір күні өзің айтқандай өліп қаламыз ба, кім білсін, — дедім.
—Қапалдың ақ шелпегі, деп күлді (ол кезде өзім жұқа, арық едім) арқамнан қағып.—Өлмейміз! Сен әлі өмірді білмейді екенсің! Сөйтті де маған арнаған өлеңін жазды.
Өмірге бүгін әлі бағынбайсың,
Бейне аттай топ алдында ағындайсың.
Қапалдың ақ шелпегі, тегі маған,
Көрінген күн астынан сағымдайсың.
*Өмірге ереуілдеп неғылмадың,
Кеш бата гармон ойнап, жыр жырладың.
Өмірге ол да болса, бір қиянат,
Ел жата қараңғы үйден шам ұрладың.
*Біз жүрміз күндіз-түні жеңу үшін,
Біреудің келгеніміз жоқ көңлі үшін.
Өмірді өлгеніңше ренжітпе,
Бар кезде өмір үшін күресе біл, —
деп арқамнан қақты.
Біз көктемді Харьков түбінде өткіздік. Бір күні көңілденіп отырған Ғалиға «көктем туралы бірдеңе айт» деп жабыса кеттік.
Күндерге күн жете ме көктемдегі,
Сан жылдар шаттандырды көктем мені.
Демалып көкмайсадан түрегелсем,
Ойыма түсер өмір өткендегі.
*Кіреді көктем келсе ердің көркі,
Жамылып гүлді шапан жердің беті.
Аспаннан нұр сәулесін шашу еткен,
Сығалап шығыс жақтан күннің шеті.
*Бурадай көкке шапшып өзен суы,
Кей жерде аспанға өрлеп шыққан буы.
Шомылып рахатқа батады әлем,
Шешіліп құстардың да ішкі сыры.
*Домалап тау суымен малта тастар,
Дегендей енді бізді өзің басқар.
Қолменен тосып алып кейбіреуін,
Асық қып атушы едік кілең жастар.
*Бүркейді ақ желектер алма бақты,
Көзіңе елестетші осы шақты.
Байлаған қызыл күрең түйіндері,
Тиеді маңдайыңа балдан тәтті.
*Жастықта ең бір қызық көктем кезі,
Тіршілік иесінің өктем кезі.
Харьковтің шет жағына әкеп тастап,
Көрінбей қайта көзге кетті-ау, өзі.
Ол әлде бір ойға еніп, үнсіз отырып қалды.
—Алма бақ гүлдегенде, ақ гүл басып кетеді. Түйінің не, — дедім. Өзі баладай ақ көңіл, аңқаулау болатын. Ойында ештеңе жоқ, маған жаймен түсіндіре бастады.
—Гүл төгіліп, түйін салған соң, ол алманың өзі емес пе? Күзде жеші, таңдайың таңдайыңа тимесін, — деп көңілдене қалғанда:
—Жетісу, Жетісу дейсің. Кане, жырлашы дедік.
Жер қайда, Жетісудың өлкесіндей,
Әлемнің еркін өскен еркесіндей.
Көгіне көкірек төсеп жатушы едім,
Анамның салып қойған көрпесіндей, —
дей келе тақпақтай жөнелді.
Шудасындай түйенің.
Шұбала көшкен бұлттары.
Алатаудың қасынан,
Қоныс тепкен жұрттары.
Жетісудың жеріндей,
Сусыны қанған жер бар ма?
Сезілген әлем төріндей,
Төсінде өскен жандарға.
Үстінде жеміс-жемдері,
Өз суынан құралған.
Бауырында мөлдір көлдері,
Кеудесі жуан, ержүрек.
Қорықпайтын жауынан,
Мен сияқты ерлері.
Кенет жау шабуыл жасап, Бутерлахин мина жарықшағынан қайтыс болды. Жарықшақ ішін жарып, өтіпті. Ғали сұрланып, қатты кектенді. Сонда ол «Иванның өліміне» деген тамаша өлең жазған еді. Кейбір жолдары ғана есімде қалыпты.
Қазасы қатты батты Иванымның,
Қайтейін, қайсар досым, сыйладың мұң.
Соқ дауыл, жасқанба енді, қабағың түй,
Кеудеме ыза-кектің құй жалынын.
*Демейін, арманда өттім, қапы қаппын,
Келеді ажал оғын сақылдатқым.
Иваным, кек аламыз біз сен үшін,
Жеңісті өліміңмен жақындаттың.
1942 жылы июнь айында фашистердің күткен мезгілі жеткен болуы керек, жаппай шабуылға шықты. Талай боздақтар оққа ұшып, Ғали оң қолының қарынан жараланды. Мен оны санитарлық бөлімге жеткіземін деп жүргенде қоршауда қалып қойыппыз. Мұны сезген біздер бір шалшық судың бойындағы жыраулау жерде күн батуын тостық. Байқауымша, біз ғана емес, көп солдат қоршауда қалған секілді. Өйткені, үстімізден төрт неміс самолеті ұшып: «Беріліңдер! Соғыс 25 күнде бітеді» деген листовкалар тастап жүрді.
—Фашистерге берілгенше не өлеміз, не ағашқа сіңіп, жол іздейміз, — деді Ғали. Ол кезде біз партизандарды білмейтінбіз. Бір кезде бұлттың арасынан біздің истребительдер көрінді де жаудың төрт самолетін қуа жөнелді. Сондағы Ғалидың қол соғып, қуанғаны әлі есімде. Маған қарап, жымыңдап аса қатты көңілденді. Сол мезгілді пайдаланып қалғым кеп:
—Ал, мақташы, мен жазайын, сенің қолың жарамайды ғой, — дедім. Уақыт өткізу үшін тасада бұғып жатқанбыз.
Аспанда әне қыранлар,
Жыртқыш құсты жалмап жүр.
Қарындашты алшы қолыңа,
Шығарайын арнап жыр, —
деп жай айтты да, «дұрыс, жаз» деді.
*Сүңгіген болаттан бұлтқа қырандарым,
Жоғарыла, күнге бар, ұялмағын.
Советтің ұшқыштары батыр деген,
Жайылған жер жүзіне ұрандарың.
*Жеңісім, болашағым маған мәлім,
Қан кетіп отырсам да құрып әлім.
Қосылып үйіріме көрем тағы,
Тысқары топырақтан болса жаным.
*Мендағы талай жаудың қанын шаштым,
Өлігін табаныммен таптап бастым.
Арманым бітпес, сірә, қалғып кетсем,
Мезгілім әлі ерте, әттең, жаспын!..
Осындай ой құшағында отырғанымызда қасымыздағы шалшық суға бір кішілеу танкі келіп тоқтады. Қарасақ, өз бауырларымыздың танкісі. Жүгіріп бардық.
—Өлсек, бірге өлемііз, қаруларыңды алып, бізбен бірге жүріңдер, — деді екі жауынгер.
Ғали екеуіміз танкіге міндік те, жүріп кеттік. Алғаш олар да, біз де білмеппіз, солтүстік батысымыз ашық екен. Әлгі танкистер мөлшермен 80 километрдей жердегі Россь деген қаласының темір жол станциясына бізді әкеп түсірді. Өздері қоштасып, жүріп кетті.
Ғали осы жердегі қоймаға автоматын, екі дискі оғын, противогазын өткізді.
Көнбеді бір қолыма автоматым,
Оқ тиіп, көтертпестен оң қанатым.
Қалды-ау екі дискам оққа толы,
Қандырып айызымды кекті алатын.
*Қош, сау бол, айналайын Әбеу досым,
Бірде сау, бірде ауып отыр есім.
Өзімен қоса алып кетер ме екен,
Түнеріп келе жатқан осы кешің.
*Бірақта көкірек таза, денем сергек,
Қараңғы тартсадағы жер менен көк.
Сауығып осы жолы қол теңеліп,
Шіпкін-ай, жауды қусам құлаш сермеп, —
деп сол қолымен маңдай терін сүртіп, ауыр күрсінді. Күн әлі ерте еді. Тамақ
ішпегендіктен және қан көп кеткендіктен көзі қарауытып, әлсіресе керек. Аздап демалып, қайрат жиған соң Ғали мына ең соңғы өлеңін маған айтып отырып, жазғызды.
Тарихты таңқалдырған бұл бір заман,
Мені ойлап, жүдедің-ау қайран анам.
Астында қызыл тудың кездесерміз,
Жаулардың сұм оғынан болсам аман.
Табиғат душар етті көк түтінді,
Жарық күн бұлттан шықпай, көп тұтылды.
Жерімді аман-есен көзбен көріп,
Ақтайтын күн бола ма ақ сүтіңді.
Жасыма мені ойлап сүйген жарым,
Аттандым сақтау үшін Отан атын.
Жаулардың қанын төгіп, қорғап келем,
Қасиетті СССР-дің топырағын…
Ғалиды поезға отырғызып, өзім бөлімшемді іздемек болып тұрғанымда жаудың алты самолеті бізді атқылай бастады.
Станцияда поезд күтіп тұрған жаралылар көп еді және грузин халқының бір жұмысшы батальоны жүк тиеп жатқан болатын. Не керек, көп шығынға ұшырадық.
Мен тұрған жеріме жата қалдым. Ғалидың қала жаққа апаратын жол шетіндегі жүгері, картоп өскен алаңға барып құлағанын көзіп шалды. Кейін іздеп барып, қарасам бомба жарықшағынан қаза тауыпты.
Жиырма жастағы аяулы ақын, ержүрек досым Ғали Ыбынов соғыстан бір жыл бұрын үйленген еді. Әйелінің құрсағында қалған баласы өзі майданға аттанған соң дүниеге келген. Атын Алтынбала қойыпты. Қазір ол Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданындағы М.Горький атындағы совхозда жоғары білімді мұғалім.
Иә, адам баласын талғамай, жалмап жұтқан соғыстың қайталанбауын тілейміз, қайталанбассын!..
Мен көпке дейін жас кеткен ержүрек Ғали ағаның қатал тағдырын ойлаумен болдым. Бір ауыз сөз айтуға дәтім жетпеді. Бір сөз айтсам бар қуат-еркімнен айырылып қалардай сезіндім өзімді…
Кейін Сарқанд ауданына сапар шегіп, Әбеу ағадан Ғали ақынның өлеңдерін түгел алып, ғалым Қ.Сейдеханов құрастырған жауынгер ақындардың жыр-жинағына енгіздім. Бұл жау жүрек жауынгерге деген сүйіспеншілігімнің бір мысқал көрінісі еді.