«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран»

Ұлы Отан соғысы – Қазақстан тарихындағы ең ауыр әрі маңызды кезеңдердің бірі. 1941 жылы 22 маусымнан басталып, 1945 жылға дейінгі шайқастар миллиондаған адамдардың өмірін жалмап, бүкіл әлемнің тағдырын өзгертті. Бұл соғыста Мәскеу, Ленинград, Сталинградты қорғады. Алайда қазақ жері де шет қалған жоқ. Міне биыл Ұлы Жеңісімізге 80 жыл толып отыр. Жеңіс күні тек біздің ел ғана емес, барша әлем үшін маңызды оқиға болып саналады.

Қазақстандықтар үшін Ұлы Жеңіс күні – бұл батырлықтың, ерліктің, туған жерге деген адалдықтың, қайсарлық пен жанкештіліктің белгісі. Қазақстан соғысқа өз еріктерімен аттанып, қаншама боздақтарымыз қасық қанын төгіп, Отан үшін күрескен.

Қазақстаннан барлығы 1 миллион 200 мыңнан астам адам әскер қатарына шақырылды. Олардың 600 мыңы қайтпай оралды. Туған жері үшін жанын қиған батырларымыздың есімдері ешқашан ұмытылмайды. Олардың қатарында Мәншук Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы сынды аға-әпкелерімізді білеміз. Бұл ерліктерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Қазіргі таңда еліміздегі барлық облыстар мен аудандарда Жеңіс күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы іс-шаралардың басты мақсаты – Жеңістің құндылықтарын және соғыстағы ерліктерді дәріптеу, айқасқан жауынгерлерді еске алу. Соғыста ерлік көрсеткен ардагерлеріміз қаншама?..

Жеңістің 80 жылдығына жетіп отырғанымыз дәл сол ардагерлеріміздің  еңбегі. Ардагерлер – еліміздің мақтанышы, батырларымыздың тірі куәгерлері. Олар бізге бейбітшілік, тыныштық және ерлік ұғымдарын дәріптейді. Олардың ерліктері тек тарих беттерінде емес, біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жастарға ерлік пен патриотизмді көрсету үшін, олардың батырлықтары мен өмір жолдары әрдайым үлгі болып қалады.

*2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 83 048 ардагер болған. Олар:Ұлы Отан соғысының 111 ардагері; жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 796 ардагер; 26 553 басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлері;39 588 ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері.(https://sputnik.kz)

Соғыс ардагерлеріне мемлекеттің қолдауы

Қазақстанның бірқатар облыстарында ардагерлерге деген қамқорлық көрсетілуде. Мысалы, Алматы қаласында ардагерлерге арнайы жәрдемақы беріледі, сондай-ақ, соғысқа қатысушылардың денсаулығын қорғау мақсатында арнайы медициналық қызметтер ұйымдастырылады.  2021 жылы соғыс ардагерлері мен олардың отбасыларына әртүрлі жеңілдіктер мен көмек көрсету үшін 10 миллиардтан астам теңге бөлінді. Бұл қаржы соғыс ардагерлерінің өмір сүру деңгейін көтеруге, медициналық көмектер мен түрлі әлеуметтік қолдаулар көрсетуге арналған.

Ардагерлерге арналған ескерткіштер мен мемориалдар

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған 700-ден астам ескерткіш пен мемориал бар. Бұл ескерткіштер соғысқа қатысқан батырлардың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін орнатылған. Жеңіс күніне орай ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Сәбитұлы былай деді:

-9 мамыр – әрбір қазақстандық үшін қасиетті күн. Біз үшін ол тек Жеңіс күн ғана емес, ол — біздің ата-бабаларымыздың күресі мен олар жеңген әділеттіліктің символы. Жастарға осы ерлікті ұмытпауымыз керек деген ойдамын. Сол үшін біз батырларымызды еске алып, бүгінгі ұрпаққа олардың ерліктерін жеткізуіміз қажет.“

Қорытындылай келе, Ұлы жеңісімізге 80 жыл толуы — тек тарихи оқиға емес, ол халқымыздың бірлігінің, елдігінің  негізі. Бұл жеңіс — біздің ата- бабаларымыздың, ардагерлеріміздің жанқиярлық күресінің нәтижесі, бізге қалдырған өшпес мұрасы. Жеңіс күні- батырларымызға бас иіп, олардың ерліктерін мәңгі еске алу үшін тағы бір мүмкіндік береді. Біз бүгінгі ұрпақ, ардагерлерімізді, ерлікпен күрескен жандарды ұмытпай, олардың ерлігін мәңгі сақтап, бейбітшілік пен татулықтың қадірін, жеңіс бізге қалай жеткенін білуіміз керек!

САҒЫНДЫҚ  Аяжан,

                                                                               Жамбыл облысы, Қордай ауданы,

«№8 Өтеген батыр» атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы

Жетекшісі: КАСЕНОВА  Айгул  Жантугеловна,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Сурет:https://kaz.zakon.kz/