Газет:қоғамның айнасы және ақпараттың басты көзі

Қазіргі цифрлық заманда түрлі технологиялық құрылғылар дамығанмен ,газет өзінің маңызын жоғалтқан емес. Газет – қоғамдағы оқиғаларды,түрлі жаңалықтарды ,және маңызды мәселелерді жүйелі түрде жеткізетін баспа құрал. Ол тек ақпарат беріп қана қоймай, қоғамдық көз-қараспен пікірді қалыптастыруға, халықтың ой-санасын дамытуға ықпал етеді.

Газеттің тарихына үңілер болсақ «газет» атауы Италияндық ұсақ тиындардың атауымен аталған. Себебі, сол тиындармен газеттерді сатып алған екен. Алғашқы газеттің үлгісі ретінде оған ұқсас тақтайшаларда ілінген патша жарлықтары келтіріледі. Бұл тақтайшалар Римде қолданыла бастаған. Ал, осы бізге белгілі үлгідегі газет алғаш Францияда 1631 жылы «La Gazette» деп аталған.

Оқырмандарды қызықтыру үшін қызметкерлер алғашқы санын сатып алғандарға сыйлықтың болғандығын айтқан. Айтқандарындай-ақ,  газет ерекше 2 метрлік қалыпта шығарылған көрінеді. Көршілес Ресейде I Петрдың бұйрығымен 1703 жылы алғаш «Ведомости» газеті шығарылса, ал біздің елде алғаш рет 1870 жылы «Түркістан уәлаяты» газеті шығарылды. Бізге белгілі өлшемдегі газеттерден бөлек әлемде өте кішкене форматтағы газет түрлері де бар көрінеді. Мысалға Бразилия елінде әлемдегі ең кіші (3.5х2.5) форматындағы газет шығарылады. Оның көлемі біз күнделікті пайдаланатын шырпының қорабымен бірдей. Тіпті, газет бетінде жарнамаға арналған орындар да қамтылған екен.

Газет материалы суға жарамсыз, сенімсіз қағаздан жасалатыны белгі­лі. Француздық өндірушілер бұл қолайсыз­дықты ескеріп, газет оқу барысында тамақтануды сүйетіндерге арнайы су өткізбейтін материалдан газет ойлап тапқан. Сондай-ақ, ол елде 29 ақпан күні, яғни, 4 жылда бір жарыққа шығатын газет бар. Өзге газеттердегідей онда кроссворд жазылып, сөзжұмбақтың жауабы 4 жылдан кейінгі санында жарияланады. Жазылу құны 100 жылға 100 еуро. Ал ең жылдам жаңалықтар жарияланатын газет Нью-Йорк қаласында сағат сайын жарыққа шығарылады. Газеттің алғашқы оқырмандары тікұшақ пен қоғамдық көліктердің пайдаланушылары.

Міне, күнделікті шолып шыққанымыз­бен аса қатты қызықты көрінбейтін газеттің осыншама қызықты тұстары да бар.

Газеттің басты ерекшелігі – оның сенімділігі мен нақтылығы. Басқа ақпарат көздеріне қарағанда, газетте жарияланатын материалдар алдын ала тексеріліп, сарапталады. Сондықтан көптеген адамдар газетке сенімді ақпарат көзі ретінде қарайды. Газет беттерінде саясат, экономика, білім, мәдениет, спорт және басқа да түрлі тақырыптар қамтылады. Сонымен қатар онда сұхбат, репортаж, талдау, мақала сияқты жанрлар кеңінен қолданылады. Бұл оқырманның жан-жақты ақпарат алуына мүмкіндік береді.

Газет тек ақпарат таратып қана қоймай, тәрбиелік қызмет те атқарады. Ол арқылы жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріліп, ұлттық құндылықтар насихатталады. Мысалы, газетте жарияланған мақалалар арқылы адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық сияқты қасиеттер дәріптеледі. Осы тұрғыдан алғанда, газет – қоғамның рухани дамуына ықпал ететін маңызды құрал.

Қазіргі уақытта технологияның дамуына байланысты ақпарат тарату тәсілдері де өзгерді. Интернет пен әлеуметтік желілердің кеңінен таралуы газеттің рөліне әсер етті. Дегенмен, бұл газет маңызын төмендетті дегенді білдірмейді. Керісінше, көптеген газеттер электронды форматқа көшіп, өз аудиториясын кеңейтуде. Онлайн газеттер ақпаратты жылдам жеткізуге мүмкіндік берсе, дәстүрлі баспа газеттері өзінің тұрақтылығы мен сенімділігін сақтап отыр.

Сонымен қатар, газет журналистика саласының дамуына үлкен үлес қосады. Журналистер қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың пікірін жеткізеді. Олар әділдік пен шындықты қорғап, қоғамның дамуына ықпал етеді. Сондықтан газет – тек ақпарат құралы ғана емес, ол демократияның маңызды элементтерінің бірі болып саналады.

Қорытындылай келе, газет – қоғамның айнасы, ақпараттың сенімді көзі және мәдениеттің ажырамас бөлігі. Уақыт өзгергенімен, газет өз құндылығын жоғалтпайды. Әрбір адам газет оқу арқылы өз білімін арттырып, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар бола алады. Сондықтан газет оқу – саналы әрі білімді қоғам қалыптастырудың маңызды жолдарының бірі.

САҒЫНДЫҚ  Зере Азаматқызы,

Қарағанды қаласы, «№59 ЖББМ» 11-сынып оқушысы,

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым сайтының   Жас  тілшісі

Жетекшісі: Оразбаева Жанар Кенжебаевна

Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

Дереккөзі:https://esilnews.kz/gazetti-bolasha-y-bar-ma/

https://osken-onir.kz/kogam/4175-gazet-zhayly-yzyty-derekter.html