Гендерлік теңдік: артықшылық па, әлде қажеттілік пе?

ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға,
әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын
нығайтуға әрдайым баса мән береді».
Елімізде гендерлік күн тәртібін ұлттық гендерлік стратегияны іске асыруды үйлестіру мен мониторингілеу саласында және гендерлік теңдікке байланысты мәселелер бойынша басқа мемлекеттік органдарға сараптамалық кеңес беру саласында жетекші рөл атқаратын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы кеңесші орган – Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия іске асырады.
Гендерлік теңдік – ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі. Қазіргі қоғамда бұл ұғым жиі талқыланады, бірақ оған деген көзқарас әртүрлі. Біреулер оны заман талабына сай табиғи құбылыс деп қабылдаса, енді біреулер артықшылық ретінде қарастырады. Бұл теңдіктің шынайы мәні қандай? Ол бәріне бірдей қажет пе, әлде белгілі бір топтарға ғана пайдалы ма?
Көптеген адамдар гендерлік теңдікті тек құқықтық мәселе деп түсінеді, алайда оның әсері әлдеқайда ауқымды. Эконмика, саясат, білім және отбасы институты-барлығы гендерлік теңдік деңгейіне тәуелді. Егер қоғамда ерлер мен әйелдерге тең мүмкіндіктер жасалса,онда әлеуметтік және экономикалық даму қарқынды жүреді. Әйелдердің білім алуына, мансаптық өсуіне және шешім қабылдау процестеріне белсенді қатысуына жағдай жасалған елдерде экономикалық тұрақтылық жоғары, кедейшілік деңгейі төмен, тұрмыстық зорлық-зомбылық аз болады. Егер әйелдер мен ерлер сапалы білім алуға бірдей мүмкіндікке ие болса, онда қоғамда сауаттылық деңгейі артып, кәсіби мамандар саны көбейеді.
Мысалы, Финляндия мен Швецияда әйелдер мен ерлерге бірдей білім беру бағдарламалары ұсынылады, нәтижесінде бұл елдер инновация мен технологиялық даму бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр. Гендерлік теңдік отбасылық қарым-қатынастардың теңгерімді болуына ықпал етеді. Ерлер мен әйелдердің отбасылық міндеттері тең бөлінген қоғамдарда өмір сапасы жоғарылайды. Мысалы, Дания мен Норвегияда ата-аналардың декреттік демалысқа шығу мүмкіндігі тең бөлінген, бұл әйелдерге мансабын жалғастыруға, ал ерлерге бала тәрбиесіне белсенді араласуға мүмкіндік береді.Демек, гендерлік теңдік тек әлеуметтік әділдік қана емес, сонымен қатар экономикалық тиімділік мәселесі.
Дегенмен, кейбір қоғамда әлі күнге дейін әйелдер мен ерлер арасында жалақы айырмашылығы бар, әйелдердің басқарушылық қызметке орналасуы қиын, ал кейбір аймақтарда қыз балалардың білім алу мүмкіндігі шектеулі. Бұл теңсіздік тек әйелдер үшін емес, жалпы қоғам үшін кері әсерін тигізеді. Тең мүмкіндіктер болмаған жағдайда таланттар мен әлеует толық ашылмайды, бұл бүкіл мемлекеттің дамуын тежейді. Мысалы, Ауғанстан-әлемдегі ең гендерлік теңсіз елдердің бірі. 2021 жылы билікке Талибан келгеннен кейін әйелдерге білім алу, жұмысқа орналасу және қоғамдық өмірге араласуы шектелді. Осы жағдайдың әсерінен Ауғанстанның ЖІӨ — і 2023 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 28 пайызға төмендеген. 2021 жылдан кейін әйелдердің 90 пайызы жұмысынан айырылды. Бұл кедейшіліктің артуына алып келді. Мұндай мысалдар әлем елдерінде жетерлік. Ал дамимын деген елдер осындай жағдайды болдырмай, гендерлік теңдікке көңіл бөліп, бәсекеге қабілетті елдермен терезесі тең өмір сүруге тырысуда.
Бұл мәселеден Қазақстан да тыс қалған жоқ. Негізінен статистикаға сүйенсек, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 83 пайызын ер адамдар жасаса, 17 пайызын әйелдер құрайды екен. Сондықтан әйелдердің басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік беріп, қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуіміз қажет.
Қорыта келе, гендерлік теңдік — қоғамның барлық салаларында тең мүмкіндік жасау арқылы әлеуметтік дамуды қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ол білім беру, еңбек нарығы, отбасылық қатынастар, саясат және қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттарға әсер етіп, тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан гендерлік теңдік- тек бір топқа берілетін артықшылық емес, қоғам дамуына тікелей әсер ететін қажеттілік.
АЛИЗАХ Ақниет,
Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11- сынып оқушысы.
Жетекшісі: Сагындыкова Салтанат Санекеевна,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сурет: https://www.gov.kz/https:
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы.