«Халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады»

Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады.

Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі