«Халық батыры» көрмесі ашылды
Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында Астанадағы Ұлттық музейде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Халық батыры» көрмесі ашылды.
Шараға Қостанай және Астана қалаларының Мәдениет басқармасы өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, 1916 жылғы қозғалысқа қатысушылардың ұрпақтары, ғалымдар, тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ашылған көрмені Қостанай облысының әкімдігі мен облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырып отыр.
«Халық батырының» көрмесін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ашып беріп, қазақтың маңдайына біткен қаһармандар мен қайраткерлердің мерейтойын кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды.
«Амангелді Иманов қазақтың тұтастығы мен бірлігі жолында өмірін қиды, бүгінде берекесін көріп отырған тәуелсіздігіміздің бастауы осындай ата-бабамыздың батырлығы мен табандылығының арқасында келді десек, қателеспейміз. Биыл Сұлтан Бейбарыс бабамыздың 800 жылдығы, Амангелді атамыздың 150 жылдығы, ағартушы, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы тойлануда. Мұндай айтулы даталарды халыққа, келер ұрпаққа насихаттау аса маңызды. Осы орайда Амангелді Имановтың мерейтойына арналған «Халық батыры» көрмесінің тарихи, мәдени мәні зор», – деді ол.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алу – елдің тарихи дамуының кез келген кезеңіндегі маңызды үрдіс. Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу халық тағдырындағы аса маңызды өзгеріс болып танылатын аумақтар үшін күрес, сыртқы жауға қарсы тұру, мемлекеттің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, маңызды саяси және мәдени жетістіктермен байланысты. Осындай тұлғалар қатарында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі, патша әскеріне қарсы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Иманов бар. Батыр бабамыз көтеріліске дейін қазақ даласында халықтың азаттығы үшін күрескер, отарлық тәртіпке қарсы адам ретінде танылған.
Шарада сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойына байланысты арнайы жоспар бекітілгенін айтты.
«Арнайы жоспар аясында облыс аумағында бірқатар ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Мәселен, Амангелді Имановтың мемориалдық музейін жөндеуге, аудан орталығында орналасқан батыр ескерткішінің аумағын абаттандыруға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Оған қоса, Амангелді аудандық мәдениет үйін, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін жөндеуге, керекті жабдықтарын алуға арнайы қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өткізілуде. Барлық жұмысты қыркүйек айында өтетін негізгі мерейтойлық іс-шараларға дейін аяқтау жоспарланған», – деді ол.
Жалпы Қостанай облысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихын зерделеуге, оған қатысқан тұлғалардың есімдерін дәріптеуге байланысты бірқатар іс-шара атқарылып келеді. Ринат Мұхаметқалиев мерген Кейкі батыр Көкембайұлының сүйегі елге қайтарылып, 2017 жылы кесенесі салынып, ұлықтап, жерлеу рәсімі өткізілгенін атап өтті.
«Бүгінде бұл кесене жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар облыстық ономастикалық комиссия отырысында Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылына ұлт-азаттық көтерілістің әмірі болған – Әбдіғаппар Жанбосынұлының атын беру ұсынылды. Бұл мәселе алдағы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қолдау табады деп күтіп отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Көрмеге батыр бабамыздың ұрпағы – немересі техника ғылымдарының кандидаты Батырлан Амангелдиев қатысты. Ол Амангелді Имановтың ұлы, соғысқа дейін журналист болып қызмет атқарған, соғысқа аттанып, Бородино селосының түбінде болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан Рамазанның баласы.
«Атам менің өмір жолыма үлкен із қалдырды. Амангелді атамды халық батыры ретінде алғаш рет 10 жасымда таныдым. 1949 жыл болатын, сыныптасым қолыма газет ұстатып, мұнда сенің атаң туралы мақала жазыпты деді. Әлгі газетті қолтыққа қыстырып алып, үй жаққа беттедім. Сөйтіп, бірнеше қайтара жаңағы мақаланы оқығаным есімде. Тіпті, жазбаның соңында менің есімім аталатын тұсы бар. Содан бері міне, жарты ғасырдан астам уақыт өтті, техникалық мамандық меңгеріп, басқа салада қызмет істеп жүрсем де өмір бойына атамның өмір-тарихы мен жүріп өткен жолына ден қойып, өзімше зерттеп келемін. Зейнетке шыққаннан бері ол туралы тарихи, мұрағат материалдарын жинауды бастадым. Нәтижесінде, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығына орай атам туралы кітабым жарық көрді. Амангелді Иманов туралы көп туынды жазылды, әлі де талай кітап басылатын болар. Ұлт батырын ұлықтап жатқан ұрпағына алғысым зор. Бүгінгі шара да сондай игі істердің бірі, шақырту алғаныма қуаныштымын», – деді Батырлан Рамазанұлы.
Көрмеге тыл жұмысына шақыру туралы патша жарлығының жариялаған мұрағат құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, батырдың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары қойылған. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басқа да басшылар мен батырлардың суреттері мен деректері бар. Сондай-ақ, әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнер шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындыларымен, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсінді жұмыстарымен таныса аласыз. Көрме Астанадағы Ұлттық музейде 3 мамырға дейін жұмыс істейді.
Асыл ТҰМАР,
Aigyn.kz