Химия – тұрмыс-тіршілігіміздің мәні

Қасым-ЖомартТоқаев,

Мемлекет басшысы

«Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды».

(«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты

Қазақстан халқына Жолдауынан. 2020 жылғы 1 қыркүйек)

Мен – ұстазбын. Химия пәнінен сабақ беремін. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Химия және химиялық технологиялар» факультетін тәмамдадым. Өзіме ұстаздық еткен ұнайды. Әдетте, химия пәнін қиын деп те айтады. Деседе, біздің бүкіл өміріміздің азығы осы химия өнеркәсібінде жатыр. Сондықтан, бұл пәнді оқытуда креативті дүниелерді шәкірттерге барынша ұқтыруға ұмтылудамын. Біздің өміріміз тұтас химиядан тұрады. Қай сала болмасын, химия элементтерінсіз өнім шығара алмайды. Химия — география, биология, физика сияқты жаратылыстану ғылымдарының бірі.

Ғылым салаларының бұлай байланысып жатуы дүниенің біртұтастығынан, оны оқып білуге әр жағынан келуге болатындығын көрсетеді. Мұны химия пәні арқылы оқушыларға үйретіп, оқытамыз. Әр шәкірт химия пәнінің маңызын пән арқылы оқып, түсіне білгені абзал. Сол себепті, әр сабақта оқушылармен сұрақ-жауап, сұқбат, тренинг сабақтар арқылы химияның тарихы мен бүгінгі дамуы туралы пікірлесеміз.

—Химияның атқаратын маңызды міндеті қандай?

Оқушы:—Заттардың құрамы мен қасиеттерін зерттеу. Қоғамның кажеттілігіне карай жаңа сапалы заттар алу. Қоршаған ортаның байлығын тиімді пайдаланып, оларды корғау.

—Химиялық қосылыстар дегеніміз не?

Оқушы:—Апай, біздің ішкен асымыз, киген киіміміз, тұтынатын заттарымыз, жанар-жағар май, көліктеріміздің өзі – химиялық қосылыстардан тұрады.

—Айтыңдаршы! Химиялық қосылыстарды өңдейтін қандай өнеркәсіп?

Оқушы: —Ұстаз, оны «Химия өнеркәсібі» деп атайды.

—Дұрыс. Өздерің бәрін біледі екенсіңдер. Енді химия өнеркәсібінің салаларалық байланыстарын білесіңдер ме?

Бұл сұрақтың жауабын барлық шәкірттерден сұрап шығамын. Химия өнеркәсібі — ауыр өнеркәсіптің жетекші салаларының бірі, еңбек заттарын (шикізаттар мен материалдарды) өңдеуге, негізінен химиялық әдістерді баса қолданатын өндіріс салаларының кешені. Жалпы алғанда, оқушылардың барлығы дерлік ауыл шаруашылығы саласын жақсы біледі. Ауыл шаруашылығы — яғни өсімдік шаруашылығынан және мал шаруашылығынан тұрады. Сонымен қатар оның құрамына балық аулау, аңшылық және омарта шаруашылығы да кіреді.Ауыл шаруашылығының жоғарыдағы қай саласын алсақта, жемшөп, басқа да мал азығына қажетті қоспалар химиялық қосылыстармен дайындалады. «Энергетика», «Машина жасау», «Құрылыс», «Көлік», «Жеңіл өнеркәсіп», «Металлургия» салалары арқылы жасалатын халық тұтынатын тауарлар, бұйымдар, ұшақтар мен тік ұшақтар, көліктің түрлі маркасы қажетті заттар толығымен химиялық қосылыстарды пайдаланады.

—Қане, айтыңдаршы, химия пәні нені зерттейді?

Оқушы: —Химия пәні материя қозғалысының химиялық формасын зертейді. Химия дегеніміз заттардың құрамын, құрылысын, олардың бір түрден екінші түрге айналуын және осы айналу кезінде байқалатын құбылыстарды зерттейтін ғылым.

Міне, сабақ сайын осылайша өткен тақырыпты пысықтап алған соң, жаңа тақырыпты бастаймыз. Айталық, мен сабақ беретін 8 — сынып химия пәнінде «Табиғаттағы және тірі ағзалар мен адам тіршілігіндегі химиялық реакциялар», «Металдардың жемірілуі және оның алдын алу», «Металдардың белсенділік қатары», «Отынның жануы және энергияның бөлінуі», «Экзотермиялық және эндотермиялық реакциялар. Химиялық реакциялардың жылу эффектісі», «Сутек, алынуы. Сутектің қасиеттері және  қолданылуы», «Оттек, алынуы», «Озон. Аллотропия» атты сабақтар оқушыны қызықтырады.

Тәжірибе сабақтарын өткізу оқушыларға өте қызық. Оған өздері қатысып, талдайды. Бұл тақырыпты тренинг түрінде де өткізуге болады. Мысалы, «Озон. Аллотропия» тақырыбына қысқаша тоқталайын. Оттегі екі оттек атомнан құрылған газ: O2. Бірақ сонымен қатар, оттектің үш атомынан құрылған түрі де бар: O3. Бұл газ озон деп аталады. Озон оттегі газынан 1,5 есе ауыр, күшті тотықтырғыш, тіпті алтынмен де әрекеттесетін зат. Бояғыш заттарды түссіздендіретін және залалсыздандыру қасиетіне ие газ. Аллотропия деген не? Аллотропия дегеніміз бір химиялық элементтің бірнеше жай зат ретінде болуы. Мысалы оттек элементі екі жай зат ретінде кездеседі — оттегі газы және озон газы ретінде. Осы жай заттарды химиялық элементтің аллотропиялық түр өзгерістері деп атайды. Аллотропиялық түр өзгерістерінің тағы бір мысалы графит (қарындаштың ұшын жасау үшін пайдаланады) пен алмас. Алмас та, графит те көміртегі деген химиялық элементтен құралған. Бірақ графит сынғыш әрі жұмсақ зат, ал алмас берік әрі қатты зат. Осы екі заттың молекулалық құрылымы өзгеше болғандықтан, физикалық қасиеттері де өзгеше болады.

Химия пәнін шәкірттерге оқыту барысында оларды толық сабаққа қатыстыру – менің басты міндетім. Сабақ барысында, үй тапсырмасын орындағанда, әр оқушының пәнді қаншалықты игергенін қадағалап, барынша қызықтыруға тырысамын. Қазіргі ақпараттық технологияларды меңгеріп, жұмыс істей алатын шәкірт оқыту – еліміздің бар мұғалімінің алдына қойған мақсаты деп білемін. Әр сабақтың тақырыбына орай интерактивті тақта, мультимедиялық сабақтар өткізіп, слайд арқылы қызықты етіп көрсету – бала жадында тез сақталады.

Әр оқушының пәнге деген қызығушылығы болмаса, оны мектеп бітіргенше, сол күйі меңгере алмай кететіні ақиқат. Сондықтан, өз бетінше орындауға көбірек тапсырмалар беремін. Жеке тапсырма алған оқушының сыныптастары, ата-анасы мен ұстазы алдындағы жауапкершілігі артады. Өз бетінше ізденуге тырысады. Көшіріп алудан аулақ болады. Өзінің шығармашылықпен дайындаған тапсырмасын ақпараттық негіздерге сүйене отырып, тұжырым жасауға, дәлелдеуге үйренеді және өзінің тақырыбы аясында жасаған жұмысын қорғауға дағдыланады.

Оқушылар пәнді тыңғылықты игеріп, әр тақырып бойынша тапсырмаларды сапалы түрде орындауы үшін ең алдымен ұстаз білімді, білікті, оқушыларды игі бастамалармен, жаңашыл сабақтармен қызықтыра білуі қажет. Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі еліміздің тұтқасы бола алатын тұлға. Сабақ барысында тек тақырыпты өтумен шектелмей, балалардың тұлға болып қалыптасуына да жол көрсете білу маңызды деп санаймын. ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры. Жаңа технологиялар өндірістің кез келген саласында қолданылуда. Жылдар жылжыған сайын игеретін заманауи технологиялар дами түсетіні сөзсіз. Қолданыстағы жаңа технологияларды жасап шығаруда химияның алатын орны ерекше.

Өз пәнімді шәкірттеріме оқыта отыра, болашақта Отандық химия өнеркәсібін дамытатын мамандықтарды таңдауды да ұсынамын. Бәсекеге қабілетті Мемлекет болып, дамыған елдер қатарынан көрінуіміз үшін елімізге сауатты, білімді, білікті мамандар өте қажет. Айталық, елімізде химия өнді­рі­сін іске қосу үшін Атырау, Тараз және Павлодар қалаларында Арнайы эко­­но­микалық аймақтар құрылды. Химия өнеркәсібі Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Осы саладағы өзекті мәселенің бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі.

Химия пәні туралы айтқанымызда, Менделеев кестесіне міндетті түрде тоқталамыз. Ондағы 105 элементтің 99-ы Қазақстанның жер қойнауынан табылған. Түгін тартсаң, майы шығатын сахара даламыздың бар байлығын сақтап, оны заманауи технологиялар негізінде игеруге күш-жігерін жұмсайтын жастар легі – бүгінде біз тәрбиелеп, білім беріп келе жатқан жасөспірімдер. Болашақта, менің шәкірттерім химия өндірісін дамытатын аймақтарда еңбек ететін мамандықтарды таңдайды деп сенемін. Баға жетпес жерасты байлықтарымызды орынды игеріп, халқымыздың әл-ауқатының артуына алған білімі мен біліктілігін жұмсайтын жалынды жастар алдымыздағы шәкірттеріміз деп үміт артамыз.

 

 

МАХАНОВА Қарлығаш Асқарқызы,

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,

№207 мектеп-лицейі химия пәнінің мұғалімі