Хиуаз Доспанова — Ұлы Жеңіс тарихындағы қаһарман әйел тұлғасы

Аңдатпа:

Бұл мақалада Ұлы Отан соғысының қаһарман қызы – Хиуаз Қайырқызы Доспанованың өмір жолы мен әскери ерлігі қарастырылады. Автор оның тектілігін, қайсарлығын, рухани биіктігін сипаттай отырып, әйел бейнесіндегі ұлттық ерлік мәселесін көтереді. Мақала деректі негізде жазылып, әдеби және тарихи көзқарасты ұштастырады.

Түйін сөздер: Хиуаз Доспанова, әйел-батыр, ұшқыш, Ұлы Отан соғысы, ұлттық рух, әскери ерлік

Қазақ халқының тарихында елі үшін жанын қиған ерлер аз болмаған. Алайда ХХ ғасырдың қасіретті беттерінде нәзік болмысты әйелдердің де от пен оқтың ортасында ерлік көрсеткенін ұмытпауымыз керек. Солардың бірі – Хиуаз Қайырқызы Доспанова. Ол – тек ұшқыш қана емес, ол – қазақ халқының рухы мен қайсарлығын паш еткен бірегей тұлға. Бұл мақалада Хиуаз Доспанованың өмірі мен ерлігі арқылы ұлттық сана мен ерік-жігердің шынайы келбеті ашылады [1].

1922 жылы Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз бала кезінен батылдық танытып, өз заманы үшін тосын армандарға ұмтылды. Сол армандардың бірі – ұшқыш болу еді. Ол Мәскеудегі Жуковский атындағы авиация мектебіне қабылданып, кейін Марина Раскова құрған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы полк құрамында майданға аттанады. По-2 ұшағы өте жеңіл, ағаштан жасалған, қорғануға дәрменсіз болғанына қарамастан, Доспанова 300-ден астам тапсырманы орындаған. Бұл – жай ғана сан емес, әрбір ұшу – өмір мен өлімнің шегіндегі әрекет.Ол соғыста бірнеше рет жараланған, бірақ әрдайым майдан даласына оралып отырған. Ерлігі үшін көптеген орден, медальдармен марапатталғанмен, кеңестік дәуірде оның есімі ескерусіз қалған. Тек егемендік алғаннан кейін, 2004 жылы ғана Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Хиуаздың ерлігі – тек соғыс тарихындағы факт емес, ол – ұлттық рухтың тірі көрінісі [2].

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні  бар демекші, Хиуаз Доспанова – тек бір дәуірдің перзенті ғана емес, тұтас ұлттың рухани мақтанышы. Оның өмір жолы – әйел тағдырының нәзіктігі мен батыр жүректің қайсарлығын бір арнаға тоғыстырған ерекше құбылыс. Ол үнсіз ерлік жасады, шындықты жарияламай-ақ дәлелдей білді. Майдан даласында жан алып, жан берген сәттерде де ол көзінде үміт отын сөндірмеген қазақтың қызы еді. Хиуаздың өмірі бізге тек соғыс шындығын ғана емес, шынайы тұлғаның қандай болатынын көрсетеді. Ол — ұлт болмысының тереңінен шыққан рух, ол — қарапайым қазақ қызының ішінен түлеп шыққан алып жүрек. Оның ерлігі — жаттанды ұран емес, жүрекпен жазылған тағдырдың дауысы [3].

Бүгінгі ұрпақ үшін бұл бейне — өткеннің ғана емес, болашақтың да шамшырағы болуы керек. Бізге мұндай тұлғалар туралы жиі айту, олардың есімін естен шығармау-тарих алдындағы адалдық, болашақ алдындағы жауапкершілік. Хиуаздың тағдыры–парақпен өлшенбейтін, тек жүрекпен сезілетін шежіре.Сондықтан біз, қазіргі ұрпақ, Хиуаз сынды жандардың үнсіз ерлігіне құрметпен қарап, олардың әрбір әрекетінен өзімізге үлгі іздеуге тиіспіз. Себебі шын ерлік — даңқ іздемейді, ол ел үшін жасалады. Ал Хиуаз Доспанова – дәл сондай шынайы ерліктің мәңгілік бейнесі деп санаймыз!!!

УЗАКБАЙ  Арайлым  Серікбайқызы,

КурсANT SCHOOL

Алматы облысы, Карасай ауданы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Мағауин, М. (2002). Шақан Шері. Алматы: Жалын.

2.Сәбден, О. (2010). Алаштың айбынды арулары. Алматы: Білім.

3.Қуат, Д. (2022). Жолбарыс – ардың символы. Қазақ әдебиеті, №10. Қолжетімді: https://qazaqadebieti.kz/31831/zholbarys-ardy-simvoly

Сурет: https://kazgazeta.kz/